Соғыста жүрген азаматтарды Сыртқы істер министрлігі елге қайтармақ
Қазақстан СІМ-іне елге оралғысы келетін азаматтардан жаңа өтініштер түсіп, олардың әрқайсысы жеке тексеріліп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі соғыс жүріп жатқан аймақта қалған және елге оралғысы келетін азаматтарды Қазақстанға қайтару бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Бұл туралы Қазақстан СІМ жазды.
Министрлікке азаматтардан «жедел желі» арқылы жаңа өтініштер түсіп жатыр. Ведомство әрбір өтініш бойынша ақпаратты жеке тексеріп, қажетті шараларды қабылдауда.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде елге қайтаруға көмек сұраған бейнеүндеу жариялаған қазақстандықтарға қатысты да тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір оларды Қазақстанға қайтару мәселесі бойынша келіссөздер өтіп жатқаны хабарланды.
СІМ мәліметінше, барлық өтініштерді тексеру аяқталғаннан кейін соғыс аймағында қалған азаматтардың жинақталған тізімі Ресей тарапына жолданады.
Министрлік бұл мәселе бойынша Ресей тарапымен түрлі деңгейде тұрақты байланыс орнатқан. Қазақстан тарапы азаматтардың елге оралуына қатысты мәселелерді дипломатиялық арналар арқылы шешіп жатыр.
Бұған дейін де Сыртқы істер министрлігі соғыс қимылдары жүріп жатқан аумақта қалған қазақстандықтарға көмек көрсету және олардың елге қайтуына жағдай жасау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлаған.
Материал авторы