Қазақстан қалалары «ақылды» жүйеге көшеді
Астана мен Алматыда іске асып жатқан цифрлық шешімдер енді Қазақстанның өзге қалаларына да жүйелі түрде енгізілмек.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда Smart City тұжырымдамасы жаңа кезеңге өтпек. Астана мен Алматыда тиімділігін көрсеткен цифрлық шешімдерді елдің өзге қалаларына жүйелі түрде тарату жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында вице-премьер – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазір өңірлерде Smart City бағытында түрлі цифрлық жобалар жүзеге асып жатыр. Олардың қатарында дрондарға арналған инфрақұрылым, су ресурстарын басқару жүйелері, қалалық сервистер және ауруларды жасанды интеллект көмегімен диагностикалау технологиялары бар.
Алайда министр қазіргі жобалардың негізгі проблемасы – олардың бір-бірінен оқшау дамып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан қалаларында Smart City шешімдерін енгізуде әзірге бірыңғай жүйе қалыптаспаған.
Астана бұл бағытта алдыңғы қатарда тұр. Елорда AI-Native City моделін белсенді енгізіп, WIPO City of Innovation бастамасы аясында әлемдегі инновациялық қалалардың алғашқы 15-тігіне енген. Алматы да осы модельге көшу бағытында жұмыс істеп жатыр.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, ендігі міндет – жекелеген цифрлық жобаларды ортақ деректер базасы, есептеу қуаттары және ахуалдық орталықтар арқылы біртұтас жүйеге біріктіру.
«Ақылды қала» шешімдерін осылайша жүйелі енгізу көлік қозғалысын, коммуналдық инфрақұрылымды және қалалық қауіпсіздікті кешенді басқаруға мүмкіндік береді.
Қазір Smart City технологиялары Қазақстандағы қала тұрғындарының 25 пайызын қамтып отыр. Үкімет бұл көрсеткішті 2027 жылы 50 пайызға, ал 2028 жылы 70 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Материал авторы