Өскеменде полицей қызметкері ескерту жасаймын деп қаза тапты
40 жастағы полицей қызметтен тыс уақытта мекеме келушісінің әрекетіне ескерту жасағаннан кейін жанжалға тап болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскемендегі қоғамдық орындардың бірінде болған жанжал өліммен аяқталды. Мекеме келушісінің әрекетіне ескерту жасаған 40 жастағы полицей қызметкері қаза тапты. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі жазды.
Оқиға 4 қазанға қараған түні Өскемендегі мекемелердің бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм келушілердің біріне оның орынсыз әрекетіне байланысты ескерту жасаған.
Осыдан кейін екі ер адамның арасында жанжал туындаған. Қақтығыс барысында күдікті 40 жастағы жергілікті тұрғынға дене жарақатын салған. Ер адам алған жарақаттарының салдарынан көз жұмды.
Оқиға кезінде мекемеде болған тағы бір келуші де зардап шеккен.
Полиция күдіктіні ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, қаза тапқан ер адам полиция қызметкері болған. Алайда оқиға кезінде ол қызметте болмаған.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер әзірге жария етілмейді.
Материал авторы