121

Шоты бұғатталған адам ақшасын пайдалана алмайды: депутат заңның кемшілігін атады

Депутаттың пікірінше, шоты шектелген адам жолақы, байланыс, коммуналдық төлем, азық-түлік пен дәрі-дәрмек шығынын қалай өтейтіні заңда нақты реттелуі керек.

Шоты бұғатталған адам ақшасын пайдалана алмайды: депутат заңның кемшілігін атады
ЖИ / SMARTNEWS.KZ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, борышкердің банк шоты шектелген кезде оның табысының кемінде 50%-ын сақтап қалу туралы заң талабы іс жүзінде толық орындалмай отыр. Осы мәселеге қатысты депутат Алмас Мұхаметов Құрылтай отырысында ұсыныс айтты. 

Депутаттың айтуынша, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңда борышкердің шотында табысының кемінде 50%-ы және өмір сүруіне қажетті ең төменгі қаражат сақталуы тиіс деген талап бар. Алайда іс жүзінде банк шотына шектеу қойылған кезде азаматтың өзіне қалуға тиіс ақшаны пайдалану мүмкіндігі де шектеледі.

«Заңда бұл талап болғанымен, ол іс жүзінде қағаз жүзінде ғана қалып отыр», – деді Алмас Мұхаметов.

Оның пікірінше, азамат алған қарызын қайтаруға міндетті. Алайда борышты өндіріп алу адамның қалыпты өмір сүруіне қажетті қаражатсыз қалуына әкелмеуі керек.

Депутат қазіргі кезде төлемдердің басым бөлігі цифрлық форматта жүргізілетінін атап өтті. Сондықтан банк шоты бұғатталған жағдайда адамның күнделікті қажеттіліктерін қалай өтейтіні маңызды мәселе болып отыр.

«Мұндай жағдайда адам жолақысын, байланыс қызметін, су, электр жарығы мен жылу ақысын қалай төлейді? Азық-түлік пен дәрі-дәрмекті қалай сатып алады?» – деді ол.

Осыған байланысты Алмас Мұхаметов кредит шарттарында борышкердің өмір сүруіне қажетті ең төменгі қаражатты сақтау талабын нақты бекітуді ұсынды.

Сонымен қатар депутат бұл тәртіпті банктердің ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде іске асыру мүмкіндігін қарастыру қажет деп санайды. Бұған қоса, банк шотына шектеу қойылған кезде азаматтың негізгі қажеттіліктеріне арналған қаражатын пайдалану тәртібі де нақты белгіленуі тиіс.

Материал авторы