Миллиардер Болат Өтемұратов теннис турнирінде төреші болды
Астанада өткен Forte Open турнирінің финалдық кездесуін Қазақстан Теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов өзі басқарды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада әуесқой теннисшілер арасында өткен Forte Open турнирінің финалдық матчын Қазақстан Теннис федерациясының президенті, кәсіпкер Болат Өтемұратов төрелік етіп өткізді.
Турнирге 65-тен астам спортшы қатысқан. Жарысқа Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Украина және Ресейден келген әуесқой теннисшілер де қатысты.
Финалдық кездесуден кейін турнир қатысушылары матчқа Болат Өтемұратовтың төрелік еткенін әлеуметтік желідегі жазбаларында ерекше атап өтті.
Екі күнге созылған Forte Open дәстүрлі форматта ұйымдастырылып, спортшылар ерлер арасындағы жекелей және жұптық разрядтарда бақ сынады.
Болат Өтемұратов – Қазақстан Теннис федерациясының президенті. Кәсіпкердің өзі де тенниспен айналысатыны белгілі.
Айта кетейік, бұған дейін ForteBank акцияларының айтарлықтай қымбаттауынан кейін Өтемұратов Қазақстандағы ең бай адам атанғаны хабарланған еді.
Материал авторы