Семей жылуға уақытында дайын болмады: Абай облысы әкімінің орынбасары жазаланады
Үкімет отырысында жылу маусымына дайындық мәселесі қаралып, барлық өңірдің жоспарға сай жұмыс істегені, тек Абай облысында мерзімнің бұзылғаны айтылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семей қаласының жылу маусымына дайындық жұмыстарының уақытында аяқталмауына байланысты Абай облысы әкімінің коммуналдық салаға жетекшілік ететін орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Мұндай тапсырманы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов берді.
Үкімет отырысында өңірлердің алдағы жылу маусымына дайындығы жоспардан тыс қаралды. Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта 11 өңірде жылу беру басталған.
Олжас Бектенов жылу маусымы жалпы жоспарға сәйкес басталғанын атап өтті. Оның сөзінше, оңтүстік және батыс өңірлерінде жылу ауа райы мен бекітілген кестеге сәйкес қосылады.
Премьер-министр бұған дейін барлық өңірге жылу көздері мен жылу желілерін 1 қазанға дейін толық дайындауды тапсырғанын еске салды. Алайда оның айтуынша, бұл талапты барлық өңір орындағанымен, бір облыста белгіленген мерзім сақталмаған.
Осыған байланысты Бектенов Семей қаласының жылу желілерін уақытында дайындамау және тиісті үйлестіру жұмыстарының болмауы үшін Абай облысы әкімінің жауапты орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Өңір әкімдігінің ресми мәліметіне сәйкес, Абай облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен жылумен қамту саласына Бекжан Бапышев жетекшілік етеді.
Премьер-министр өңір әкімдіктерінің жылу маусымына дайындығын бақылауда ұстауды тапсырды.
Материал авторы