Алаяқтық, қарақшылық және ірі көлемдегі ұрлық: БАӘ-ден Қазақстанға үш күдікті қайтарылды
Күдіктілердің бірі Астанада халықаралық орталық салуға жер алып беремін деп, жәбірленушіден 368 мың доллар алған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның сұрауы бойынша халықаралық іздеуде жүрген үш азаматты елге экстрадициялады. Олардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанға жеткізіліп, тергеу изоляторына қамалды. Бұл туралы Қазақстан Бас прокуратурасы хабарлады.
Қазақстан Бас прокуратурасының делегациясы БАӘ-де өткен БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі 15-конгресіне қатысты. Сапар барысында Қазақстан Бас прокуратурасы өкілдері БАӘ әділет министрі және Бас прокурорымен кездесіп, қылмысқа қарсы күрес пен халықаралық іздеуде жүрген адамдарды экстрадициялау мәселелерін талқылаған.
Осы келісімдердің нәтижесінде Қазақстан Бас прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен, Ішкі істер министрлігінің Интерполымен және Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігінің қолдауымен үш қазақстандықты елге қайтарды.
Бас прокуратураның мәліметінше, олардың біреуі 2019-2020 жылдары сыбайласымен бірге Астанада халықаралық орталық салу үшін жер телімін алып беруге көмектесеміз деп уәде берген. Осы жолмен олар жәбірленушінің 368 мың долларын иемденген.
Екінші азаматқа қасақана ауыр зиян келтіру, тонау және бұзақылық жасады деген күдік келтірілген. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол 2021 жылы Алматыда бір топ адаммен бірге жәбірленушіге шабуыл жасап, денсаулығына ауыр зиян келтірген. Сонымен қатар жалпы құны 100 мың теңгеден асатын жеке мүлкін ашық түрде алып кеткен.
Үшінші күдікті биыл жазда Астанада Қытай азаматының 24 200 долларын ұрлады деген күдікке ілінген. Құқық қорғау органдары бұл соманы аса ірі мөлшерге жатқызады.
Қылмыс жасағаннан кейін үшеуі де қылмыстық қудалау органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.
Кейін олардың БАӘ аумағында жүргені анықталған. Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы негізінде үшеуі де елге экстрадицияланды.
Қазір күдіктілердің барлығы тергеу изоляторына қамалды, ал оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу қайта басталды.
Материал авторы