«Күдікті — қыздың әжесінің күйеуі»: дәрігерлер жүкті болған 9-сынып оқушысын үш рет тексеріп, байқамаған
Қыз кеше ғана бала босанған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында дәрігерлер 9-сынып оқушысының жүктілігін үш мәрте байқамай, қыз бала ақыры 13 қазанда бала босанды. Оқиға бойынша қызметтік тергеу басталды.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, Уил орта мектебінің оқушысы медициналық тексеруден бірнеше рет өткен:
– 13–18 наурыз аралығында;
– 28 мамырда — жазғы лагерьге аттанар алдында;
– 10 қыркүйекте — ата-анасымен бірге.
Алайда бұл жолы да дәрігерлер жүктілік белгілерін анықтамаған.
Қыз босанған соң шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Қазір ол медициналық бақылауда.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы комиссия құрылып, дәрігерлердің іс-әрекеті тексеріліп жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар полиция да қылмыстық іс қозғаған.
«Барлық мән-жай анықталуда, тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдікті ұсталды — ол қыздың әжесінің күйеуі болып шықты», — делінген Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Оқушының толық емес отбасында тұратыны белгілі болды.
Аймақ билігі бұл жағдайға қатысы бар медицина және әлеуметтік сала мамандарының әрекетіне баға берілетінін айтты.
Материал авторы