844 млн теңге алтын заңсыз өндірілген: «Азаматтарға арналған үкіметтің» бұрынғы басшысы сотталды
Тергеу кезінде құны 382 млн теңге болатын 6,7 келі алтын мен 579 грамм күміс тәркіленген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында 844 млн теңгеден астам алтынды заңсыз өндірген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының бұрынғы директор орынбасары мен оның сыбайласы сотталды. Сот оларды төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі жазды.
Сотталғандар — Рахимжанов А.А. мен Нуртазин Д.М. Олар Улан ауданындағы Шыбынды учаскесінде заңсыз алтын өндіруді ұйымдастырған.
Заңсыз жұмысты жүргізу үшін олардың бақылауындағы «EastGoldStone» ЖШС пайдаланылған. Компанияның қолында қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана лицензия болғанына қарамастан, учаскеде алтын өндіру жүргізілген.
Кен өндіру кезінде экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар және арнайы жуу жабдықтары қолданылған. Нәтижесінде заңсыз өндірілген алтынның көлемі 15 келіден асып, оның жалпы құны 844 млн теңгеден жоғарыболған.
Тергеу барысында құны 382 млн теңге болатын 6,7 келі алтын мен 579 грамм күміс тәркіленді.
Заңсыз кен өндіру қоршаған ортаға да айтарлықтай зиян келтірген. Атап айтқанда, 18,2 гектар жер бүлінген. Сонымен қатар мемлекеттік орман қорына жататын ағаштар мен бұталар жойылып, зақымданған.
Экологиялық залалды жою үшін қажетті жұмыстардың құны 300 млн теңгеден асады.
Сот шешімімен жалпы құны 372 млн теңгенің мүлкі тәркіленді. Оның ішінде төрт жүк көлігі, екі экскаватор, екі тиегіш, гидроход, сондай-ақ 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша бар.
Рахимжанов А.А. мен Нуртазин Д.М. төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы