300

Радикалдар қайта оянды: Орталық Азия жастары нысанаға айналды

Соңғы уақытта Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда да діни радикалдық әрекеттер жиілеп барады. Терроризм мен экстремизмге қатысты күдіктілердің көбеюі қауіпсіздік органдарын да, қоғамды да алаңдатып отыр.

Радикалдар қайта оянды: Орталық Азия жастары нысанаға айналды
ҰҚК

Бір ғана мысал — бірнеше күн бұрын елімізде теракт дайындады деген күдікпен бес шетелдік азамат ұсталды. Бұл – биылғы жылдың өзінде тіркелген ондаған оқиғаның бірі ғана.

Радикалдық ағымдар қайта қозғала бастады

Тәжікстанның Стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшыларының мәліметінше, радикалдық ұйымдар соңғы жылдары Орталық Азиядағы әлеуметтік жағдайы төмен жастарды өз қатарына тарту ісін жандандырыпты.

Олар ашық үгіт жүргізбейді – бәрі жабық чаттар мен онлайн-топтарда, аноним аккаунттар арқылы жүзеге асырылады. Бұл үрдіс тек Тәжікстанда емес, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан сияқты елдерге де тән.

Сарапшылардың айтуынша, радикалдық топтар әсіресе жұмыссыз жастар мен шетелге кеткен мигранттардынысанаға алады. «Дін», «әділдік», «бауырластық» деген желеумен оларды өз идеяларына иландырып, кейін заңсыз әрекеттерге итермелейді.

Аймақтағы тұрақсыздық әсер етіп отыр

Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы соңғы шиеленіс аймақтағы радикалдық қозғалыстардың белсенділігін арттырды. Сарапшылар «Тәлібтер» билігінің әлсіреуі мен ИГИЛ-дің «Вилаят Хорасан» атты филиалының күшеюін ерекше атап өтеді.

Сирия мен Ирактағы соғыстардан кейін жан-жаққа тараған экстремистердің бір бөлігі Ауғанстанға шоғырланған. Солардың арасында кезінде Орталық Азия елдерінен кеткендер де бар. Енді дәл солар әлеуметтік желілер арқылы аймақ жастарына ықпал етпек.

Қазақстан не істеп жатыр?

ҰҚК дерегінше, 2025 жылдың басынан бері экстремизм мен терроризмге қатысы бар 67 адам ұсталған, тағы 83 адам сотталған.
Жақында ҰҚК Алматыда бес шетелдіктің теракт ұйымдастырмақ болғанын әшкереледі. Олардың барлығы қамауға алынып, тергеу жүріп жатыр.
Қыркүйек-қазан айларында терроризмді насихаттады деген күдікпен 8 қазақстандық ұсталды, ал 6 адам түрлі мерзімге сотталды. Барлығы – радикалдық идеологияны таратқан немесе оған қатысы бар тұлғалар.

Жыл басынан бері Қазақстанда осындай қылмыстар бойынша 89 адам жауапқа тартылған, олардың алтауы – шетел азаматы.

Бұған дейін де терактінің алдын алған

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, былтыр төрт терактінің алдын алу мүмкін болды. Сондай-ақ терроризмге қатысы бар 800-ден астам шетелдікке Қазақстанға кіруге тыйым салынған.

2023 жылы радикалдық топтар Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін жарып жібермек болғаныестеріңізде шығар. Қолдан жасалған жарылғыш зат дәл уақытында табылып, терактінің жолы кесілген еді. Сол жылы Астанада да адам көп жиналатын жерде қарулы шабуыл ұйымдастырмақ болғандар ұсталды.

Қауіп азайған жоқ

Соңғы 20 жылда Қазақстанда терроршылардың қолынан 400-ден астам бейбіт тұрғын қаза тауып, 940 адам жараланған. Күш құрылымдары осы уақыт ішінде 300-ден астам антитеррорлық операция өткізген.
Жалпы, 1600-ге жуық террорист пен олардың сыбайластары ұсталған, 60 шақтысы қарсылық кезінде залалсыздандырылған.

Қорытынды: идеологиямен соғысу – қарумен соғыстан да қиын

Радикалдық топтармен күрестің басты майданы қазір интернетте жүріп жатыр. Діни сауаты төмен, әлеуметтік жағдайы әлсіз жастар – олардың ең оңай нысанасы. Сондықтан сарапшылар мен дінтанушылар жастар арасында рухани тәрбие мен ақпараттық иммунитетті күшейтуді ең маңызды қадам деп санайды.

Қауіпсіздік құрылымдары терактінің жолын кескен сайын қоғам бір сәт тынышталып қалады. Бірақ радикалдық ағымдар жоғалып кеткен жоқ – олар жай ғана басқа форматқа ауысты.

Авторы Серік Алдан