110

Семейде есірткі қолданған ер адам подъездегі домофонды қиратып тастады

Полиция бейнежазба арқылы 48 жастағы Семей тұрғынын анықтап, қамауға алды.

Семейде есірткі қолданған ер адам подъездегі домофонды қиратып тастады
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейде 48 жастағы ер адам тұрғын үй подъезіндегі домофон жабдығын әдейі қиратып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оқиға кезінде оның есірткі заттарының әсерінде болғаны анықталған. 

Оқиға тұрғын үйдің кіреберісінде болған. Домофон камерасы ер адамның жабдықты әдейі бүлдірген сәтін бейнетаспаға түсіріп алған.

Полиция қызметкерлері бейнежазбаны зерделеу арқылы құқық бұзушының кім екенін жедел анықтады. Ол 48 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

Ер адам медициналық куәландырудан өткізілді. Сараптама оның оқиға кезінде есірткі заттарының әсерінде болғанын көрсетті.

Полиция мәліметінше, ер адам мүлікті қасақана бүлдіргені, ұсақ бұзақылық жасағаны және есірткі заттарын медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сот шешімімен оған 20 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор