Абай облысында тракторды мас күйінде жүргізген ер адам 20 тәулікке қамалды
Жарма ауданының 42 жастағы тұрғыны тракторды алкогольдік ішімдік ішкен күйде жүргізіп, көлік басқару құқығы жоқ болып шыққан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысында тракторды алкогольдік ішімдік ішкен күйде әрі көлік басқару құқығынсыз жүргізген 42 жастағы ер адам 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті жазды.
Оқиға Семей–Күршім автожолында болған. Полиция қызметкерлерінің назарына жол бойымен қозғалып келе жатқан трактор іліккен. Көлікті тоқтатқан кезде жүргізуші құжаттарының өзінде жоқ екенін айтқан.
Алайда тексеру барысында мәселе құжаттың жанында болмауымен шектелмегені анықталды. Жүргізушінің трактор басқаруға мүлде құқығы болмаған.
Трактор тізгінінде Жарма ауданының 42 жастағы тұрғыны Нұржан Құсманов отырған. Медициналық куәландыру оның алкогольдік ішімдік ішкенін және орташа дәрежедегі масаң күйде болғанын растады.
Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот қаулысымен оған 20 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Материал авторы