Шымкентте 13 жастағы бала мейрамханада жұмыс істеп жүріп көз жұмды
Желі қолданушылары 13 жастағы баланың мейрамханада жұмыс істегеніне наразы болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте 13 жастағы бала мейрамханада жұмыс істеп жүрген кезінде көз жұмды. Қайғылы жағдай бірнеше ай бұрын болғанымен, оқиға әлеуметтік желіде қайта талқыланды.
Әлеуметтік желідегі 2Giz қосымшасында Шымкенттегі «Алтын Мерос» мейрамханасына қатысты шағымдар жарияланған. Желі қолданушыларының жазуынша, мекемеде 13 жастағы Мирас есімді жасөспірім жұмыс істеген және сол жерде көз жұмған.
Кейбір пікір қалдырушылар мейрамхана әкімшілігінің кәмелетке толмағандарды жұмысқа тартқанына, сондай-ақ еңбек және қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты сұрақ көтерген.
Оқиғаға байланысты Шымкент полициясына сауал жолданған.
Полицияның мәліметінше, қаладағы тойханалардың бірінде кәмелетке толмаған жасөспірімнің қайтыс болуына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Тексеру нәтижесінде баланың өлімі денсаулық жағдайына байланысты болғаны анықталған.
«Жасөспірімнің өлімі ауруына байланысты болған», – деп мәлімдеді полиция.
Сонымен қатар тексеру барысында еңбек заңнамасының бұзылғаны анықталған. Осыған байланысты тойхана иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Осылайша, полиция жасөспірімнің өлімін мекемедегі еңбек жағдайларымен байланыстырмайды. Алайда кәмелетке толмаған баланың мейрамханада жұмыс істегені бойынша заң бұзушылық анықталғаны ресми түрде айтылды.
Материал авторы