Тараз маңында 15 жастағы оқушы кеудесіне тиген соққыдан көз жұмды
Марқұмның ата-анасы оқиға кезінде үлкенірек жасөспірімдер мен кіші балалар арасында жанжал болғанын айтқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Тараз маңында 15 жастағы оқушы қаза болды. Қайғылы жағдай футбол алаңында болған. Қазір жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы КТК жазды.
Марқұмның ата-анасының айтуынша, Миятбек Ерсейіт футбол алаңына басқа балалармен бірге барған. Отбасының алдын ала нұсқасы бойынша, сол жерде үлкенірек жасөспірімдер кіші балаларға күш көрсеткен болуы мүмкін.
Қайғылы оқиға кезінде Миятбек алаңда тұрған. Ата-анасының айтуынша, жасөспірімдердің бірі оған соққы жасағаннан кейін оқушы есінен танып қалған. Сол жерде болған балалар жедел жәрдем шақырған.
Алайда дәрігерлердің көмегіне қарамастан, 15 жастағы оқушыны құтқару мүмкін болмаған.
Оқиғаға қатысты айтылып отырған «дедовщина» нұсқасы әзірге ресми түрде расталған жоқ. Құқық қорғау органдары жасөспірімнің қаза болуына әкелген жағдайларды анықтап жатыр.
Іс бойынша 16 жастағы жасөспірім ұсталған. Ол марқұммен бір лицейде оқыған және оқиға болған жерге жақын аумақта тұрғаны белгілі болды. Қазір кәмелетке толмаған күдікті тергеу изоляторында.
Тергеу барысында футбол алаңында нақты не болғаны, жасөспірімнің қандай жағдайда қаза тапқаны және оқиғаға қатысы бар адамдардың әрекеті анықталуы тиіс. Күдіктінің кінәсі сот шешімімен ғана белгіленеді.
Материал авторы