Астанада құрылыс компаниясының қызметкерлері 7,9 млрд теңге жымқырғаны әшкере болды
Жүздеген пәтер мен нысандар жалған құжатпен сатылып, халықтың ақшасы жеке шотқа түсіп отырған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада «Qyran» тұрғын үй кешенінде жылжымайтын мүлікті сату желеуімен ірі көлемдегі қаражатты жымқыруға қатысы бар құрылыс компаниясы қызметкерлеріне қатысты тергеу басталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің қалалық департаменті мәлімдеді.
Тексеру мәліметінше, сату кеңсесінде сатып алушыларға компанияның пәтерлер мен өзге де нысандарға меншік құқығы барын «дәлелдейтін» макеттер, техникалық паспорттар, сенімхаттар және түрлі анықтамалар көрсетілген. Клиенттерге пәтер, коммерциялық кеңістік және паркинг орындары нарықтық бағадан төмен ұсынылып, мәмілелердің толық заңды екені айтылған.
Алайда нақты сатып алу-сату шарттарының орнына күдіктілер брондау келісімдерін, кепіл шарты мен алдын ала келісімдерді рәсімдеген. Мұндай құжаттар мемлекеттік тіркеуден өтпейді және меншік құқығын бермейді.
Жәбірленушілер қаражатты қолма-қол және аударым арқылы күдіктілердің жеке шоттарына жіберген. «International Invest Company IIC» ЖШС-нің бухгалтерлік және банктік құжаттарында бұл операциялар мүлдем көрсетілмеген. Тергеу дерегінше, азаматтардан 3,8 млрд теңгеден астам ақша жымқырылған.
Сонымен қатар, күдіктілер компания атынан жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, жылжымайтын мүлік объектілерін үшінші тұлғаларға рәсімдеген. Бірақ сатылымнан түсуі тиіс қаражат құрылыс компаниясының есепшотына түспеген. Осы схема бойынша 76 нысан сатылып, тағы 4,1 млрд теңге ұрланғаны анықталды.
Осылайша азаматтар мен компанияға келтірілген жалпы залал 7,9 млрд теңгеге жетті.
Сот санкциясымен 94 пәтерге, 51 паркинг орнына, 8 коммерциялық үй-жайға және бір автокөлікке тыйым салынды. Үш күдікті қамауға алынды.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге деректері жария етуге жатпайды.
Материал авторы