333

«Ұйымдасқан бүлік»: Тоқаев Қаңтар оқиғасы туралы

Тоқаев Қаңтар оқиғасының шынайы себептерін атады.

«Ұйымдасқан бүлік»: Тоқаев Қаңтар оқиғасы туралы
akorda.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген ауқымды сұхбатында Қаңтар оқиғасының себеп-салдарына, сот процестерінің барысына және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселесіне кеңінен тоқталды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қаңтар оқиғасына қатысты негізгі мән-жайлар әлдеқашан анықталған. Тергеу барысында құқық қорғау органдары азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе жұмыс істеп, арнайы қоғамдық комиссиялар құрылған.

«Бірқатар қоғамдық комиссия құрылып, оған белгілі заңгерлер жетекшілік етті. Мұндай қадам жұмыстың бейтарап ұстаныммен жүргізілуіне, сол арқылы барлық оқиғаның ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік берді. Осы орайда, азаматтық жауапкершілік танытып, кәсіби біліктілігін көрсеткені үшін оларға ризашылығымды білдіргім келеді», — деді президент.

Тоқаев 2022 жылғы наурызда Парламентте арнайы қоғамдық тыңдау өткенін еске салып, сол жиында конституциялық құрылымды бұзуға бағытталған қылмыстық әрекеттерге саяси-құқықтық баға берілгенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, кейбір сот процестері мен қаңтарда ұрланған қару-жарақты іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сол күндері қылмыскерлер үш мыңнан астам қаруды иемденіп кеткен.

«Сол күндері қылмыскерлер үш мыңнан астам қару-жарақты иемденіп кеткен еді. Бірақ күштік құрылымдардың арқасында қару-жарақ жасырылған қоймалардың көбі табылды», — деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасын тек жекелеген эпизодтармен түсіндіру қате екенін ашық айтты. Оның сөзінше, бүлік бір мезетте он екі қалада ұйымдастырылған.

«Нақтырақ айтқанда, бүлікті ұйымдастырушылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алды. Оның арты қаскөйлердің көптеген облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алуына әкеп соқтырды», — деді мемлекет басшысы.

Президент «төңкеріс жасауға машықтанған мамандар» үкіметтің жанар-жағармай бағасына қатысты шешімін сылтау етіп, ел ішінде дүрбелең туғызғанын айтты. Кейбір лауазымды тұлғалар сын сағатта кәсіби әрі моральдық әлсіздік танытқан.

«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті», — деп атап өтті Тоқаев.

Алматыда жағдай ерекше ауыр болғанын айтқан президент, әскери қызметшілер мен бейбіт тұрғындардың қорлық көргенін, мемлекеттік және коммерциялық нысандардың тоналып, өртке оранғанын жеткізді. Осыған байланысты төтенше шаралар қабылдау мәжбүрлі қадам болғанын баса айтты.

Заңсыз активтер: қайтару тоқтаған жоқ

Сұхбаттың екінші бөлігінде президент заңсыз активтерді мемлекетке қайтару жұмысының жалғасып жатқанын нақтылады. Оның айтуынша, бұл бағытта 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндірілген.

«Соның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түсті», — деді Тоқаев.

Бұл қаражат есебінен елде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысансалынып жатыр. Оның ішінде су, денсаулық сақтау, білім беру, спорт және инфрақұрылым объектілері бар. Сонымен қатар Павлодар, Арқалық және Балқаш қалаларындағы әуежайлар жаңғыртылуда.

Президент активтерді қайтару жұмысы аяқталды деген пікірді жоққа шығарды.

«Заңсыз активтерді елге қайтару арқылы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру – конъюктура не болмаса жұртқа жағу үшін жасалған саяси науқан емес, бұл – мемлекеттің мызғымас ұстанымы», — деді ол.

Тоқаевтың айтуынша, күмән тудырған актив иелерінің бір бөлігі қаржысын ел экономикасына инвестиция ретінде салуға келісіп, жалпы сомасы бес триллион теңгеден асатын келісімдер жасалған.

Бұл қаражат туризм, көлік-логистика, тау-кен, металлургия, энергетика салаларына, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік жобаларға бағытталмақ.

Президент шетелде отырып өзін «саяси қуғынның құрбаны» ретінде көрсететін кейбір тұлғаларға да тоқталды.

«Әңгіме индульгенция немесе астыртын келісім туралы емес. Олай болуы мүмкін емес», — деді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, Қазақстан халықаралық құқықты қатаң сақтай отырып, инвесторларға қолайлы ел ретіндегі беделін нығайта береді.

Материал авторы