Алматыда толтырылған бюллетеньнің суретін жариялаған әйел жазаланды
Прокуратура сайлау күні толтырылған бюллетеньді жариялауға болмайтынын еске салды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда сайлау күні толтырылған бюллетеньнің суретін жариялаған әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Қазақстандағы Құрылтай депутаттарының сайлауы жалпы алғанда тыныш өтіп жатыр. Дауыс беру барысындағы заң бұзушылықтарға қатысты прокуратура органдарына әзірге шағым түспеген. Соттарға да осыған байланысты талап-арыздар тіркелмеген.
Алайда сайлау күні үгіт-насихатқа қатысты бір заң бұзушылық анықталған.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратура аппаратының БАҚ мониторингі және қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Ерлан Жанпейсов мәлімдеді.
Оның айтуынша, сайлау күні кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынады. Толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіріп, оны көпшілікке тарату да үгіт ретінде қарастырылады.
Осы талапты бұзған Алматы тұрғыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Әйел өз кінәсін мойындап, жариялаған материалын өшірген.
Прокуратура сайлаушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Ведомство дауыс беру күні үгіт-насихат ретінде бағалануы мүмкін фото, видео және басқа да материалдарды жарияламауды ескертті.
Материал авторы