936

Баспанаға қатысты елге «әлімжеттік» жасайтындарды тәртіпке келтіру басталады

Риэлторлар саласында реформа қолға алынып жатыр.

Баспанаға қатысты елге «әлімжеттік» жасайтындарды тәртіпке келтіру басталады
ЖИ иллюстрациясы

Жылжымайтын мүлік агенттіктеріне және олардың қызметкерлеріне қатысты қатаң сын қоғамда көп жылдан бері айтылып келеді. Өз кезегінде Парламент депутаттары да бұл қызметті лицензиялауды енгізуді ұсынған.

Себебі, халықаралық тәжірибе сондай. Алайда бұл бастаманы кезіндеҮкімет құп алмады. Содан саладағы былық шектен шықты. «Қара риэлторлар» деген құбылыс туындады.

Мысалы, бір пәтерді бірнеше адамға сату, үйдің пәтерін жоғалтып алу,клиентке лайықты қызмет көрсетпегенімен, алдын ала төлеген сомасын (депозитін) қайтармай қою сияқты түрлі проблема көбейген.

Бір ғажабы, тіпті заңгерлер де бұл кәсіп иелері қандай мекеменің қарауына жататынын, кім реттейтінін білмей дал. Риэлторлармен істес болған, сол арқылы пәтерін сатқан, сатып алған қазақстандықтарданполицияға, сотқа, мемлекеттік органдарға бір жылда 7 мыңнан аса шағым түскен.

Азаматтар олардың жылжымайтын мүлікті тездетіп өткізіп жіберу үшін жалған ақпарат беретініне, жаңылыстыратынына, нысанның кінәратын жасыратынына наразы. Балалы отбасыларға аренда ақысын өз бетінше көтеріп, қыс ішінде сыртқа қуып шыққан.

Сондай-ақ өзі сататын объектінің құжаттарының дұрыс-бұрыстығын тексермейді екен. Павлодардың Вадим есімді тұрғыны Ресейге көшіп кеткен әжейге сұраған қаражатын беріп, үйін сатып алыпты. Алайда кейін оның мұрагер ұлы сот арқылы баспананы кері алып қойған.

Сарапшылар риэлторлардың бір пәтерді сатқаны үшін орта есеппен, 15 миллион теңге табыс табатынына назар аудартады. Олар өз ақысын үйді сатушы қожайыннан да, сондай-ақ сатып алушыдан да алады.

Сонымен бірге, риэторлардың өздерінің де қорғалмағаны әшкереленіп отыр. Алексей Порфильев (аты өзгертілді) жылжымайтын мүлік агенттігіне жалданып жұмыс істейді. Риэлтор ретінде біраз тәжірибе жинаған. Алайда өзінің еңбеккер ретіндегі құқықтарын сақтауды талап етуі арқылы жұмыс берушісіне жақпай қалыпты.

«Тапқан тиісті ақымды төлемейді. «Агенттіктің жұмыс кестесін бұздың, офисте отырмадың!»,- деп кінә тағып, еңбекақымды азайтты. Бірақ менің жұмысым кабинетте қамалып отыруды емес, керісінше,клиенттермен бірге нысандарды аралап, зыр жүгіріп жүруді талап етеді ғой? Әйтпесе, мен қалай табыс табамын?! Ақысы төленетін демалысымды да бермей қойды. Содан не дұрыс жұмыс істеткізбейді, не дұрыс төлемейді. Кететінімді мәлімдесем, бастығым «Бәсекелеспеу туралы келісімге» қол қойғанымды, сондықтан кетсем, риэлтор ретінде жұмыс істеуге құқығым жоқтығын, ол шартты бұзсам, сотқа беретінінжариялады», дейді Порфильев.

Ол еңбек келісімшартына бәсекелеспеу туралы қосымша шарт(допсоглашение о неконкуренции) азаматты меңгерген кәсібіненайыруға қаншалықты заңды негіз бола алатынын сұрап, түрлі органға хабарласыпты. Өйткені ол құжатта егер қызметкер өз бетімен риэлторболып жұмыс істесе, фирманың қандай құпиясы жария болып қалатыны көрсетілмепті.

Мұндай тәсілді көптеген жұмыс беруші қолданады. Олар осы арқылы қызметкерлерінің басқа агенттікке кетіп қалуына немесе өз бетінше бизнес ашып, бақталас болуына тосқауыл қояды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өз түсініктемесіндебәсекелеспеу туралы шарттар азаматтарға өз кәсібі бойынша жұмыс істеуіне тыйым сала алмайтынын қадап айтты.

Ведомствоның мәліметінше, өзара келісім бойынша жұмыс беруші мен қызметкер бәсекелеспеу туралы келісім жасаса алады. Оның аясында мысалы, компания өзінің құпияларын сыртқа шашпау, ішкі құжаттарын, инсайдерлік ақпараттарын үшінші тұлғаларға табыстамау және басқа талаптар қоя алады.

Осы арқылы қызметкердің жұмыс берушіге зиян келтіруі мүмкін әрекеттерге бармауға қатысты міндеттемелерін бекітеді. Бәсекелеспеу туралы келісімде сонымен қатар шектеулер мен оларды қабылдау шарттары белгіленеді.

«Сондай-ақ онда келісімнің қолданылу мерзімі біткенше, сол кезеңдезиян келтірген жағдайда ол үшін жұмыс берушіге төленетінөтемақының көлемі белгіленуі мүмкін. Алайда бәсекелеспеу туралыкелісім Қазақстан Конституциясында, Еңбек кодексінде және Қазақстанның басқа да заңдарында бекітілген еңбек саласындағы құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыруға, өз бетінше жұмысқа орналасуына тыйым сала алмайды. Бәсекелестікке қарсы келісім тек азаматтық-құқықтық келісім болып табылады және Азаматтық кодекстің ережелерімен реттеледі», деп түсіндірді Еңбекмині.

Айтпақшы, риэлторлық қызмет саласын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі реттеуге тиіс екені белгілі болды. Ведомство ол міндетті енді салалық қауымдастықтарға өзін-өзі реттейтін ұйымға табыстауды ойластыруда.

Осы мақсатта министрлік «Риэлторлық қызмет туралы» негізгі заң жобасы мен ілеспе заң жобаларын әзірледі. Құжаттар топтамасы биыл қабылданады деп күтілуде.

Ведомствоның мәліметі бойынша қазіргі кезде Қазақстанда 3 334 жылжымайтын мүлікпен және басқа мүлікпен операциялар жөніндегі агенттер тіркелген. Шынында, көптеген риэлтордың тіркелусіз, тіпті дара кәсіпкер ретінде рәсімделусіз жұмыс істеп жатқанын министрлік те жасырмайды. Жаңа заңдар осының бәрін тәртіпке келтіруге тиіс.

Жаңа заң қандай жаңалықтар әкелмек?

Біріншіден, Қазақстанда тіркелген риэлторлардың бірыңғай тізілімі жасалады. Ол реестрге кірмегендерге бұл салада жұмыс жасауға тыйым салынады.

Екіншіден, риэлторлардың өз клиенттерімен арада бекітетін келісімдерінің стандартты, типтік үлгісі әзірленеді. Барлығы соны пайдалануға міндеттеледі.

Үшіншіден, риэлтордың Әдеп (этика) кодексі қабылданады. Олар өз қызметінде соны ұстануға міндетті болады. Әдепті өрескел бұзса,тізілімнен шығарып тасталуы мүмкін.

Төртіншіден, риэлторларға қатысты тәртіптік жаза қарастырылады.

Бесіншіден, Тұтынушыларды қорғау үшін өтемақы қоры құрылады. Тиісінше, тіркелген риэлторлардың қателігінен, қылмысынан, қаскөй қарекетінен зардап шеккендерге сол қордан өтемақы төленуі мүмкін.

Риэлторларды өзін-өзі реттеу ұйымына біріктіру ұсынылды. Оның бәрі соған кіріп, мүшелік жарна төлеуі керек. Мүшеліктен шығарылса, риэлтор ретінде қызметін атқаруына рұқсат етілмеуі мүмкін.

«Мемлекеттік реттеуді енгізу үшін риэлторларға лицензиялау құны мен қызметті сақтандыруды қамтитын шамамен 200 мың теңге мөлшерінде қаржы ресурстары қажет болады. Бұл бұл сома риэлторларға елеулі жүктеме саналмайды. Өз кезегінде, мемлекеттік реттеу жосықсыз риэлторларды дереу алып тастауға және қалғандарын тәртіпке келтіруге мүмкіндік береді. Бұл риэлторлардың өзара бәсекелестігінарттырып, оларды біліктілігі мен деңгейін арттыруға және тиісінше олардың қызметінен табыстылыққа ынталандырар еді», деп түсіндірді министрліктің қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаменті басқармасының бас сарапшысы А.Бежибаев.

Саланы ары қарай да Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бақылайтын болады

Ұлттық статистика бюросының ресми статистикасына сәйкес, 2024 жылы жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі 2,2 триллион теңгеден асты. Салада үлкен ақша айналады.

Жылжымайтын мүлік нарығында жұмыс істейтін ұйымдар тек 1 тоқсанда ғана 76 млрд теңге таза табыс тапқан, бұл алдыңғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,6 есе артық. Демек, бұл сала табысы пайыздап емес, еселеп артқан қарқынды өсуші сала. 

Материал авторы