Төтенше жағдайдан кейін Теңіз кен орнында мұнай өндіру қайта жанданды
Бес ұңғыма қайта пайдалануға берілді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Теңіз кен орнында мұнай өндіру қайта басталды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі хабарлады.
Ведомство жанындағы жедел штабтың мәліметінше, бүгін сағат 03:35-те алғашқы ұңғыма – ГЗУ-52 іске сәтті қосылған. PBF нысанының технологиялық қондырғылары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Қазіргі уақытта кен орнында бес ұңғыма пайдалануға берілді. «Теңізшевройл» компаниясының мамандары келесі топтық өлшеу қондырғысын – ГЗУ-53-ті іске қосуға дайындап жатыр.
Мұнай өндіру көлемі технологиялық көрсеткіштер толық тұрақтандырылғаннан кейін және қауіпсіздік талаптары қатаң сақтала отырып, кезең-кезеңімен арттырылады.
Айта кетейік, 26 қаңтарда Екінші буын зауыты іске қосылған болатын. Аталған зауыт қазіргі уақытта қолданыстағы Королев кен орнынан жеткізілетін шикізатпен қамтамасыз етіліп отыр.
ҚР Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жобаның операторының жоспарлы қуатқа мүмкіндігінше қысқа мерзімде шығуына жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр.
Қалпына келтіру жұмыстарының үйлестірілуін қамтамасыз ету үшін өндірістік нысандарда ҚР энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев жұмыс жүргізіп жүр.
Ведомствоның хабарлауынша, жағдай тұрақты бақылауда, ал негізгі басымдық – өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қатаң талаптарын сақтау.
Материал авторы