Дәрі бағасы аспанға ұшып барады: бұл тек басы ғана
Үкімет өз ісімен қымбатшылыққа тың серпін бергелі тұр.
Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы ешбір тежеусіз, еркін ұшу режиміне көшті. Бағаның өсуіне жаңа «драйверлер» қосылды: Үкімет фискалдық қысымы мен басқарушылық былығы арқылы баға өсіміне тың серпін беріп, науқастардың қалтасын тесіп, жүйкесін күйретуге көшкендей.
Фарм-фрустрация
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өңірлік көрініс ала-құла: қымбатшылықтың өңірлік деңгейі 4,8%-дан 19,6%-ға дейінгі аралықты шарлап жүр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «баға бәйгесінде» Шымкент дара шығып, 19,6% көрсеткішпен рекорд орнатты. Одан кейінгі сапты Батыс Қазақстан (18,3%), Қарағанды (17,9%) және Жетісу (17,5%) облыстары нық сеніммен толтырып тұр.
Фармацевтикалық өнімдердің ең төменгі жылдық қымбаттауы Павлодар (4,8%), Маңғыстау (5,5%), Ұлытау (8,1%) және Қостанай (8,3%) облыстарында тіркелді.
Бағаның өсуі 2026 жылы да жалғасқан. Energyprom сарапшыларының мәліметі мұңды: Қазақстанда дәрі-дәрмек соңғы 52 ай бойы тоқтаусыз қымбаттап келеді. Тіпті, соңғы 15 жылдық статистикада бағаның бір рет болсын төмендеген кезі тіркелмеген. Демек, бұл — уақытша ауытқу емес, мемлекеттік деңгейдегі «тұрақты дәстүр».
Шекті баға шексіздігі
Заңнамаға енгізілген түзетулерге сәйкес, маңызды дәрі-дәрмектің бағасын мемлекет бекітеді. Осыған орай Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2021 жылғы 27 тамыздағы №ҚР ДСМ-94 бұйрығымен «Дәрілік заттың саудалық атауына өндірушінің шекті бағаларын, бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекіту туралы» бұйрық қабылданды.
Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 18 шілдедегі №470бұйрығымен бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына жаңа шекті бағалар бекітілді. Дәрі бағасына «тұсау» болады деп кезінде депутаттар дәріптеген заң мен нақты шындықтың арасы — жер мен көктей.
Шекті баға бойынша мысалы, қатерлі ісікке қарсы «Адцетрис» препараты бөлшек саудада 1 509 952 теңгеден сатылады деп бекітілген. Ең жоғарғы бағасы сол. Бірақ дәріханаларда оның құны 1 850 000 теңгеден басталады екен.
Денсаумині өкпенің артериалдық гипертензиясын емдеуге арналған Апбрави (Селексипаг) таблеткаларының бөлшек саудадағы шекті бағасы 1 591 774 теңгеден аспауға тиіс деп бекітілген. Дәріханаларда оның құны 3 795 550 теңгеге дейін барады. Саладағы бағаларды мемлекеттік бақылаудың әлсіздігі байқалады.
Сарапшылар дәрілік препараттардың қымбаттауы отбасыларға түсетін ұзақмерзімді жүктемені жыл сайын ауырлатып жатқанына назар аудартады. Тұтынушылық шығындар құрылымында фармацевтикалық инфляцияның үлесі артып келеді.
Бұқара емделу үшін микронесие алатынды шығарды. Медициналық мұқтаждық борыштық міндеттемеге айналуда.
Баға неге қымбаттауға бейім?
Біріншіден, саланың импортқа құрылымдық тәуелділігі сақталып отыр. Отандық өндіріс туралы министр ханымның ертегілері мен көркем есептері сын көтермейді. Мысалы, ҰСБ дерегінше, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында отандық кәсіпорындар бар болғаны 28,5 тонна антибиотик өндіріп, ішкі сұраныстың 38,4%-ын ғана қамтамасыз ете алды. Осы кезеңде 45,8 тонна антибиотик шетелден әкелінді.
Провитаминдер, витаминдер және олардың туындылары сегментінде жағдай одан да алаңдатарлық. Дәрумендер сегментіндегі Қазақстанмүлдем «витамин тапшылығына» ұшырады: сол кезеңде небәрі 2,5 тонна өндірілген — бұл ішкі қажеттіліктің 0,7%-ы ғана. Салыстыру үшін: 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,5% болған. Демек, кері кеткені даусыз.
Есесіне, дәрігер кеңесімен ел тонна-тоннасымен жұтатын дәрумендер импорты өткен жылы бірден 2,2 есеге өсіп, 334,8 тоннаға жетті.
Таңбадан пайда болмады
Картинаны толықтыратын тағы бір штрих — халыққа тегін таратылуға тиіс дәрілердің ұрлануы. Денсаумин қаптаған бұзушылық тапқанын хабарлады: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында тегін беруге міндетті препараттарды кейбір мемлекеттік емхана-аурухана зар жылаған сырқаттарға бермейді,тығады. Артынша, коммерциялық секторда саудаға шығарады.
Бұған тіпті 2024 жылғы шілдеде енгізілген таңбалау-маркировканың тосқауыл қоя алмағаны әшкереленді. Оны айтасыз, саладағы алаяқтар таңбалау кодтарын қайталап қолданады екен. Осы арқылы көлеңкелі затын заңдастырып алады. Жарамдылық мерзімі өткен дәрілердің сатылуын да таңбалау тыя алмағанын ДСМ мойындады.
«Мемлекеттік бюджет есебінен сатып алынған әрі халыққа тегін беруге арналған 15 мыңнан астам дәрі бірлігінің сатылғаны тіркелді. Бұдан бөлек, 6,5 мыңнан астам таңбалау кодының 385 мыңнан астам рет қайта-қайта қолданылғаны анықталды. Сондай-ақ жарамдылық мерзімі өткен 750-ден астам қаптаманың сатылу фактілері белгілі болды», —деп мәлімдеді министрлік.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі Акмарал Әлназарова вице-министрлеріне және құрылымдық бөлімшелерге, соның ішінде «СҚ-Фармацияға» дәрілік заттардың айналымына толық тәртіп орнатуды және олардың мақсатты пайдаланылуын қатаң бақылауды тапсырды. Бұдан сұрақ туады: бұл тапсырмалар орындала ма? Әй, қайдам! Мұндай нұсқаулар бұрын да берілген.
Серік «Атаның» сыйы
Баға өсімінің ең басты бір «қозғалтқышы» — жаңа Салық кодексі. Жаңа Салық кодексі бағаның өсуіне қосымша серпін бере бастады.«Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтың мәліметінше, медицинада ҚҚС бойынша бұрынғы жеңілдіктер жойылды. Дәрілерді өткізу және импорттау кезінде ҚҚС-тан босату тек ТМККК және МӘМС аясында, сондай-ақ орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуде ғана сақталады.
«Коммерциялық сегментте дәрілік заттарға, медициналық бұйымдарғажәне олардың өндірісіне қажетті материалдарға 2026 жылдан бастап 5% ставкамен, келесі жылдары 10% мөлшерлемемен қосылған құн салығы салынады. Ал, фармацевтикалық субстанцияларды, дәрі-дәрмек және медбұйымдар өндіруге арналған жабдықтарды өткізуге де, оларды импорттауға да 16% базалық жоғарылатылған ставкаменсалық салынады. Бизнес өкілдерінің пікірінше, осының салдарынан елде тапшылық-дефицит тәуекелі артты. Олар түпкі тұтынушы үшін бағаның өсетінін ескертеді», - деді ұлттық палата өкілі.
Жағдайдың тез ушыға бастағаны сол, Үкімет «Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсе» отырысында жаңа салық нормаларын медицинада қолдану мәселелерін жеке қарауға мәжбүр болды. Бұл офиске Премьер-министрдің орынбасары—ұлттық экономика министріСерік Жұманғарин төрағалық етеді. Бұдан бұрын ол өзін «жаңа Салық кодексінің атасы, авторы» деп атаған болатын.
«Атамекен» палатасы төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов атап өткендей, салалық меморгандардың заңға тәуелді актілерінде былық пен құқықтық белгісіздік туындауда. Атап айтқанда, тіпті ҚҚС-тан босатылды делінген ТМККК, МӘМС тізбелеріне кіретін дәрілік заттардың, сондай-ақ орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларға қарсы медикаменттердің импорты мен дәріханадағы бөлшек саудасына қатысты проблемалар туындап жатыр.
Тимур Жәркеновтың түсіндіруінше, импорттық дәрілік заттарды кедендік рәсімдеу кезінде кеден органдары аталған тізбелерге кіретін барлық дәрілік заттың нысаналы мақсатын растауды табанды талап етеді. Алайда мұндай талап қолданыстағы ережелерде қарастырылмаған. Бизнес қоғамдастығының байламынша, нормаларды білгенінше кеңінен түсіндірудің бұл тәжірибесі елдегі дәрі тапшылығының тағы бір триггеріне айналғалы тұр.
Жаңа Салық кодексі фискалдық органдар үшін де қиындықтар туғызыпты. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов бұл мәселені өздерінің қалай түсінетіндерін айтып берді. Оның пікірінше, барлық дәрілік затты импорттау кезіндегі міндетті шарттар келесідей:
- фармацевтикалық немесе медициналық қызметке лицензияның болуы,
- мемлекеттік тапсырыс бойынша берілетін дәрілер үшін ТМККК/МӘМС шеңберіндегі жеткізу шартының болуы,
- тауарды мақсатты пайдалану туралы жеткізушінің міндеттемесі.
«Дәрілік затты импорттау кезінде оны Қазақстан аумағында мемлекеттік тіркеу талап етіледі. Тіркелмегендерге Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы рұқсат құжаты қажет! Бұл ретте нысаналы мақсатты растау Қазақстан аумағында өндіріс үшін пайдаланылатын дәрілік субстанциялар мен балк-өнімдерді импорттау кезінде ғана қажет», — деді кеденшілер атынан Жәнібек Нұржанов.
Кеденшілерге де жан керек: «лучше перебдеть, чем недобдеть» деген орысша қағиданы берік ұстанбаса, ертең бастары ұшуы мүмкін. Содантіпті салықтан босатылған дәрілерге де қосымша кедергілер қоюда.
Сондықтан Жобалық кеңсенің отырысындағы талқылау қорытындысында мынадай шешім қабылданды: біріншіден, қолданыстағы ережелерге өзгеріс енгізілуге тиіс. Екіншіден, дәрілік заттардың импорты жөніндегі нақты әрі бірыңғай ұстаным түзіліп, олкүнделікті жұмыста қолдануы үшін таяуда кеден органдарының аумақтық бөлімшелеріне — барлық кеденшіге жеткізілуі қажет.
Сол сияқты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мен Мемлекеттік кірістер комитеті орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрілерді ҚҚС-тан босату мәселесі бойынша ортақ позиция әзірлеуге тиіс. Себебі жеткізушілер қолданыстағы ереже тек импорт кезінде ғана емес, көтерме және бөлшек сауданың да ҚҚС-тан босатылатынына қарамастан 5% және 16% ставкаларын қолданады.
Содан дәріханалар жеткізушілерден мұндай әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмекті сатып алудан бас тартып, ат-тонын ала қашуда. Салықшылардың тоқпағының астында қалудан қорқады. Салдарынан аурулар препарат таппай, қиналады.
Талқылау қорытындысында вице-премьер Серік Жұманғарин Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне Мемкірістер комитетіменбірлесіп, қысқа мерзімде бірыңғай ұстанымды әзірлеуді жүктеді.
Тағы бір ортақ ұстаным фармқоғамдастық назарына жеткізілуге тиіс.Дәріхана желілері тұтынушылардан қосылған құн салығын дәрі-дәрмектің шекті бағасынан тыс өндіріп алғысы келеді. Дәрі 10 мың теңге тұрса + 16% ҚҚС. Серік «Ата» бұған «ақ батасын» берді.
«ҚҚС есептелген немесе ол қосылмаған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға шекті бағаларды бекіту мәселесі талқыланды. Бұл ретте салық төлеуші, яғни, бизнес ҚҚС-ты шекті бағадан тыс есептеуге құқылы! Өйткені ол нақты өткізу бағасы емес, жол берілетін жоғарғы шек қана. Денсаулық сақтау министрлігі мен МКК қысқа мерзімде осы мәселеде бірыңғай шешім әзірлеп, оны бизнес-қоғамдастыққа жеткізеді», — деп хабарлады Жобалық кеңсе.
Осылайша, Үкіметтің және ол құрған Жобалық офистің бар бітіргені —Салық кодексіне өзгеріс енгізіп, халыққа қолжетімді болуы үшін дәрі-дәрмекті ҚҚС қамытынан құтқару емес, тек «ортақ ұстаным» түзу ғана.
Салдарынан, реттеушілік белгісіздік, фискалдық қысым, импорттық тәуелділік және бақылаудың әлсіздігі — бірінен соң бірі отты қайта-қайта көсегендей, саладағы дағдарыс өртін өршітуде. Ендеше,қысқа мерзімді перспективада бағаның ырыққа көнуін күту аңғалдық болар еді. Дәрі-дәрмек бағасы алдағы уақытта да өсе беретінге ұқсайды.
Материал авторы