745

Енді мұғалімдер Роза Рымбаеваның концертіне мәжбүрлі бармайтын болды

Мектепке балгер шақыруға да тосқауыл қойылмақ.

Енді мұғалімдер Роза Рымбаеваның концертіне мәжбүрлі бармайтын болды
ЖИ иллюстрациясы

«Ескерту» — ескірген әдіс: министрлік тісін батырмақ

Енді мұғалімге артық жұмыс жүктеген басшы абақтыдан бір-ақ шықпағанымен, жалақысының үлкен бір бөлігінен айрылуы мүмкін.Министрліктің мәліметіне сенсек, заңның бұлай қатайтылуына Роза Рымбаеваның концерті және «Тәжді тәуіптің» мектептегі думанының салдары һәм жанжалы ықпал етіпті.

Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі.

Оның басты жаңалығы – педагог мәртебесі туралы заңнаманы бұзғаны үшін қазіргі қолданыстағы «ескерту» шарасының орнына айыппұл санкцияларын енгізу.

«Педагогтер үшін қиындықтар туындап отыр. Педагогтерді лауазымдық міндеттері мен қолданыстағы заңнамада көзделмеген жұмыстарға жүйелі түрде жегу, бос уақытынан айырып, артық әрі заңсыз есептілік жүктеу, оларды мәдени-бұқаралық іс-шараларға, кездесулерге, концерттерге, семинарларға және басқасына көрермен ретінде мәжбүрлеп қатыстыру, түрлі парақшаларға жазылуға міндеттеу, сондай-ақ моральдық қысым көрсету мен қорлау педагогтердің еңбек құқықтарын бұзады, олардың кәсіби мәртебесін төмендетеді және білім сапасына кері әсер етеді», – делінген Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің түсініктемесінде.

Қазақ мұғалімі — әмбебап жауынгер

Қазақ мұғалімі — жаратылысынан бөлек, табиғаты әмбебап адам. Ол күндіз бала оқытса, кешке бос қалған концерт залдарының аншлаг болып көрінуіне жауапты «кәсіби көрермен». Демалыста тасқынға тосқын болып, су жағалап жүрген «құтқарушы». Ал, мерекелерде шыршаның басына шығатын «альпинист».

Тіпті, ауылға тәжін киіп «тәуіп» келсе, көйлегінің етегін көтеріп жүретін «нөкер» де — осы мұғалім. Алайда, Оқу-ағарту министрлігі ұстаздың бұл «көпқырлылығынан» шаршаған сияқты.

Өйткені бұл әмбебаптықтың артында құқықтық сорақылық пен кәсіби қадір-қасиеттің аяқасты болуы жатқанын ресми органдар енді ғана мойындай бастағандай. Ведомство педагог мәртебесін аяқасты еткендерге қаһарын төгуге бекініп отыр.

Осыған байланысты министрлік заң жобасына келесідей айыппұл санкцияларын ұсынды:

Лауазымды тұлғаларға (директорлар мен шенеуніктерге) — 10 АЕК(2026 жылы 43 250 теңге);

Орта бизнеске — 40 АЕК (173 000 теңге);

Ірі бизнес субъектілеріне — 60 АЕК (259 500 теңге) айыппұл.

Бұл шаралар мұғалімді заңсыз есеп беруден, моральдық қысымнан және ең бастысы — «мәдени-бұқаралық» мәжбүрлеуден құтқаруғатиіс. Жүйенің мұғалімді «жан-жақты ресурс» ретінде пайдалануы — білім сапасының төмендеуіне тікелей әсер ететін фактор. Билікұстазды мектептен тыс жұмысқа жегу арқылы оның кәсіби деңгейін ғана емес, жалпы қоғамдағы зиялы қауымның беделін девальвацияға ұшыратты.

Тәж таққан «тәуіп»

Оқу-ағарту министрлігі осындай заң жобасын жазуға ықпал еткен «триггер-оқиғаларды» атады.

Педагогтардың басынан өткен трагикомедиялық оқиғалардың шыңы — Жамбыл облысы, Тереңөзек ауылындағы жағдай. Өзін «Нострадамус академиясының мүшесі», «медицина докторы» және «халық емшісі» деп таныстырған Гүлсара Суазқызының (лақап аты — «Томирис») мектепке сапары нағыз шоуға айналғанын ақпарат құралдары жазды.

Ауыл әкімдігі мен мектеп басшылығы «қайырымдылық» деген желеумен мұғалімдерден 4000 теңгеден жинап, Мәдениет үйінде концерт ұйымдастырған. «Патшайым» кейпінде, қызыл көйлек пен тәж киіп келген емшінің алдына гүл тасталып, мектеп оқушыларын оның көйлегінің етегін көтеріп жүруге мәжбүрлеген.

Orda.kz тілшісі түсініктеме алу үшін ауыл әкіміне жүгінген болатын. Шенеунік салтанатты қабылдау бюджет қаражатына ұйымдастырылды дегенді жоққа шығарады.

«Гүлсара Суазқызы жалғыз келген жоқ, онымен бірге өте жоғары жалақы алатын ақылы журналистері мен әншілер ере келді.Сондықтан біз ауылдық Мәдениет үйінде концерт ұйымдастыруды жөн көрдік. Біз тек концерт ұйымдастырдық. Ал оның көйлегінің етегін көтерген балаларға қатысты біз қатысымыз жоқ», – деді Тереңөзек ауылдық округінің әкімі Қанат Сматов.

Емшіге аудан әкімдігі Алғыс хат табыстаған. Әкімнің айтуынша, кездесу қайырымдылық акциясы аясында өткен. Мектеп директорының орынбасары Айбек Сайлаубаев қайырымдылықтың күмәнді болғанын айтады. Мектепке «емші» ескі әрі қажетсіз киімдерді табыстаған, кейін олар қоқысқа лақтырылыпты. Қонақ жарамсыз компьютерлер, сынған картиналар, ескі ойыншықтарды да әкелген.

Бұл оқиғадан бөлек Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы мектептерінің бірінің директоры өзі бастап, Роза Рымбаеваның концертіне бару үшінпедагогтерді билеттер сатып алуға мәжбүрлеген. Маңғыстаулық мұғалімдер директор тарапынан қысым көрсетілгеніне шағымданды. Педагогтердің сендіруінше, мектеп басшысы оларды Қазақ КСР-нің халық әртісі және басқа да гастрольдік әртістердің концерттеріне билет сатып алуға міндеттейді екен. Оқытушылар Президент пен Оқу-ағарту министріне бейнеүндеу жолдады.

Бейнероликке өңірлік білім басқармасы жауап берді. Ведомство педагогтерге ешқандай қысым көрсетілмегенін, олар барған жалғыз концерт тегін болғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар мектепте жүргізілген тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда: арнайы білімі жоқ қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, жалақыдан тыс қаражат есептеу, мемлекеттік сатып алу қағидаларын бұзу және басқа былықтар.

Мекемеде бұрынғы директордың жақын туысы жұмыс істеген, сондай-ақ «өлі жандар» да анықталған. Тексеру нәтижелері құқық қорғау органдарына және қаржылық мониторинг органдарына жолданған.

«Мектеп директоры тиісті дипломы жоқ, заңсыз қабылданған қызметкерлерді қызметінен босатты. Ақша жинау фактісі расталмады. Концертті аудан әкімдігі ұйымдастырған, ол тегін және жұмыс уақытынан тыс өткізілген. Біздің тарапымыздан ешкімді мәжбүрлеу де, ақша жинау да болған жоқ», – деп қорытынды жасады білім басқармасы.

Демек, концертке бару — мектептегі басқа да бүркемеленген былықтар мұзтауының ұшы ғана болған ба деген заңды сұрақ туындайды. Емшіге тәж кигізіп, балаға етегін көтерткен, мұғалімдерді алым төлейтін құлға айналдырып, өлі жандармен бәсекеге түсірген мектеп басшыларының іс-әрекеті — білім беру жүйесіндегі талғам мен құқықтық сауаттылықтың деңгейін айнадай көрсетті.

Бұл — жекелеген оқиға емес, елді жайлаған идеологиялық вакуумның көрінісі емес пе? Мұғалімді мәдениеттен аттап, мистика мен мәжбүрлі шоудың құралына айналдыру — ұлттық қасіретке соқтырмас па?

Қорқыныш пен тұйықтық: Мұғалім неге үнсіз?

Министрлік тағы бір маңызды мәселенің шетін шығарды: мұғалімдер шағымдануға қорқады. Тәртіптік жаза, жұмыстан шығару немесе «күн көрсетпеу» қаупі педагогтарды анонимді хаттар жазуға итермелейді.

Ал заң бойынша анонимді шағым — тексеріске негіз болмайды. Бұл — жүйенің өз-өзін тұйыққа тіреп қойған тұсы.

Жаңа заң жобасы осы тұйықтықты бұзып, 500 мыңнан астам педагог пен 40 мыңға жуық білім беру ұйымдарының басшыларын жаңа құқықтық алаңға шығаруды көздейді. Егер бұл түзетулер қабылданса, мектеп директоры үшін мұғалімді сенбілікке немесе концертке жіберу — арзан мақтан емес, қымбат шығынға айналмақ.

Егер бұл тетіктер шынымен де ойдағыдай іске қосылса, бәлкім, мұғалім ақыры әмбебап әкімшілік ресурс болудан қалар: оны бірде шырша орнатуға, бірде патрульге, бірде концертке, енді бірде тәж киген «патшайымға» тағзым етуге жіберетін заман артта қалар.

Бірақ мұғалімнің құқығын қорғау тетігін жасау — бір бөлек, ал сол құқықты талап ете алатын еркін тұлғаны қалыптастыру — басқа мәселе. Заң қағаз бетінде қанша қатал болғанымен, мектеп ішіндегі «авторитарлық режим» мен қорқыныш синдромы жойылмайынша, айыппұлдар тек статистиканы ғана көркемдейді.

Материал авторы