Маңғыстау әкімі Қазақстандағы ең «қымбат» үш әкімнің қатарына кірді
Әкімдікке кететін шығындар рейтингі жария болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, National Business Kazakhstan басылымы әкімдерді бюджетке «қаншаға түсетіні» бойынша саралап, 2026 жылға арналған өңірлік бюджеттер дерегі негізінде арнайы рейтинг жасады. Талдау нәтижесіне сәйкес, Нұрдәулет Қилыбай басқаратын Маңғыстау облысы әкімдігі шығыны елдегі ең жоғары үш көрсеткіштің қатарына кірген.
Рейтингте әкімдердің жеке жалақысы емес, «әкім қызметін қамтамасыз ету» атты бюджеттік бағдарлама бойынша қарастырылған барлық шығын есепке алынған. Яғни бұл – тұтас аппараттың жұмысын ұстап тұруға кететін қаражат.
Зерттеу авторларының мәліметінше, 2026 жылы Маңғыстау облысы әкімінің қызметін қамтамасыз етуге 3,9 млрд теңге бөлінген. Бұл – облыс бюджетінің 0,9 пайызы. Осы көрсеткіш Қилыбайды ел бойынша үшінші орынға шығарған.
Рейтингтің көш басында Дархан Сатыбалды тұр. Алматы қаласы әкімінің аппаратына 2026 жылы 5 млрд теңгеқарастырылған. Алайда бұл сома мегаполис бюджетінің небәрі 0,2 пайызына тең.
Екінші орында – Марат Сұлтанғазиев. Алматы облысы әкімдігін ұстауға 4,3 млрд теңге жұмсалмақ.
Ал Маңғыстау өңіріндегі салыстырмалы түрде жоғары шығынды сарапшылар аймақтың экономикалық салмағымен байланыстырады. Облыс аумағында ірі мұнай-газ өндірістері шоғырланған, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар көлемі де ауқымды.
Рейтингтің төменгі жағында мына әкімдер орналасқан:
– 20-орын – Асхат Шахаров (Ақтөбе облысы): 1,5 млрд теңге, облыс бюджетінің 0,6 пайызы;
– 19-орын – Ербол Қарашөкеев: 1,6 млрд теңге, бюджет үлесі 0,2 пайыз;
– 18-орын – Дастан Рыспеков – Ұлытау облысы: 1,6 млрд теңге, алайда бұл облыс бюджетінің 1 пайызына тең.
Жалпы алғанда, Қазақстан өңірлерінде әкім аппаратының қызметін қамтамасыз етуге орта есеппен 2–3 млрд теңгеаралығында қаржы жоспарланған.
Сарапшылар «әкім қызметін қамтамасыз ету» деген атау көп жағдайда бір лауазымды тұлғаның шығыны сияқты қабылданатынын атап өтеді. Алайда шын мәнінде бұл – бүкіл өңірлік басқару жүйесінің жұмысын қамтамасыз ететін кешенді бағдарлама.
Оған мыналар кіреді:
– әкімдік аппараты қызметкерлерінің еңбекақы қоры;
– ғимараттарды күтіп ұстау, байланыс пен интернет, кеңселерді жабдықтау;
– қызметтік көлік, іссапарлар, ресми кездесулерді ұйымдастыру;
– электронды құжат айналымы, ақпараттық жүйелер, киберқауіпсіздік;
– қызметкерлерді оқыту, техникалық сүйемелдеу және сервистік келісімшарттар.
Сондықтан бұл бапты бір әкімнің шығыны емес, өңірлік басқару аппаратын ұстауға арналған әкімшілік шығын ретінде қарастырған жөн.
Материал авторы