273

Таразда дарынды балаларға арналған лицей лицензиясыз жұмыс істеген

318 оқушы оқыған лицейге айыппұл салынды.

Таразда дарынды балаларға арналған лицей лицензиясыз жұмыс істеген
Depositphotos

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Тараз қаласында дарынды балаларға арналған лицейдің лицензиясыз білім беру қызметін жүргізгені анықталды. Іс әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотта қаралды.

Жамбыл облысы соттарының мәліметінше, білім беру ұйымы қаладағы ықшамаудандардың біріндегі жаңа ғимаратқа көшкен. Алайда жаңа мекенжай бойынша білім беру қызметін жүргізуге қажетті лицензия немесе лицензияға қосымша рәсімделмеген.

Соған қарамастан, 2025 жылдың қарашасынан бастап аталған ғимаратта оқу процесі басталған.

Тексеру барысында лицензияға тиісті қосымшасыз 7–11 сыныптарда 318 оқушы білім алғаны анықталды. Барлығы 16 сыныпта сабақ жүргізілген.

Сот отырысында лицей директоры әкімшілік хаттамада көрсетілген мән-жайларды растады және өз кінәсін мойындады.

Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Сот істі қарау барысында жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайларды анықтамады. Нәтижесінде білім беру ұйымы кінәлі деп танылып, оған 25 АЕК көлемінде, яғни 108 125 теңге айыппұл салынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор