Не боп кетті: ақылы жолда салынатын айыппұл 4 миллион теңгеге жетті!
Бұдан бөлек, сол ақылы жолдар санын көбейту үшін 4,6 триллион ел қаржысы тағы шығындалмақ.
Үкімет ақылы жолдар бюджет жүктемесін жеңілдетеді деп уәде берген еді. Қазіргі жағдай басқаны аңғартады: бұл уәдесі орындалмақ түгіл, трассаларға тапталатын ел қаржысы еселеп артқан.
Халықтың қалтасынан қағылатын миллиардтар мен бюджеттен жырымдалатын триллиондар жарыса өсіп жатыр. Төлемесең — айыппұл, жүрсең — шығын. Жол азабын тартқан жолаушының ендігі «сыбағасы» — 4 миллион теңгелік айыппұл мен 30 күндік «мұрсат».
Уәде vs шындық: «түбі тесік» бюджет басқаша сайратады
Кезінде атқамінерлер елде ақылы жол жүйесін енгізгенде, «бұдан былай жол жөндеуге қазынадан ақша шығармаймыз, бәрін жолдың өзі өтейді» деп сендірген. Шенділер ертегісінің соңы мұңды аяқталды.
Уәде үйіп-төгілгенімен, трассаларға жұтылып жатқан ел қаржысы азаюдың орнына, геометриялық прогрессиямен артып келеді. Қызығы, министрлер бұл «жетістікті» мойындаудан еш қысылмайды.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2029 жылға дейін 10 мың шақырым автожолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін» мәлімдеді. Оның айтуынша, соның 5 мың шақырымын жөндеу «бітіп қойған».
Ал, алдағы үш жылда тағы 3,25 мың шақырым жол жамалмақ. Осының бәріне мемлекет қазынасынан 4,6 триллион теңге шығындалады.
Сұрақ туады: егер жолдар ақылы болса, неге біз әлі де триллиондаған салық ақшасын сол асфальттың астына көміп жатырмыз? Бұл — экономикалық реформа ма, әлде бюджеттің «түбі тесік» қазанын толтырудың кезекті амалы ма?
Жолдағы компанияның тәбеті: 87 млрд қайда кетті?
Билік ақылы жолдардан бас тартпақ түгілі, құлашын кең жайып оның желісін арттыруда. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев биылғы 2026 жылы тағы 6 автожолдың ақылы болатынын хабарлады. Оның мәліметі бойынша қазіргі кезде елімізде жалпы ұзындығы 4,9 мың шақырым болатын 26 ақылы учаске жұмыс істейді.
«Ағымдағы жылы алты жаңа учаскені іске қосу жоспарлануда. Бұлар:«Қарағанды — Балқаш — Бурылбайтал», 554,6 шақырым «Бурылбайтал — Құрты», 226,4 шақырым; «Ақтөбе — Қандыағаш —Мақат», 89 шақырым; «Талдықорған — Өскемен», 773 шақырым; «Атырау — Астрахан», 277 шақырым; «Мерке — Шу — Бурылбайтал», 78 шақырым», — деді Д.Иманашев.
Өткен жылдың қорытындысында ақылы жолдарда жүргізушілердің қалтасынан мемлекетке 87 миллиард теңге жиналған! Ұлттық компания бұл қаражатты «күтіп-ұстауға жұмсадық» деп ақталды.
«2025 жылы ақылы жолдардан 87 млрд теңге кіріс түсті. Бұл қаражат жолдарды күтіп-ұстауға бағытталды. Кіріс есебінен: 1 мың 456 арнайы техника мен жабдық сатып алынды. 354 мың шаршы метр жолғаағымдағы жөндеу жүргізілді. 340 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал себілді», — деді «ҚазАвтоЖолдың» басқарма төрағасы.
Сурет: @kolikpress
Шын ба? «Техника» дегені шын мәнінде қар күрейтін машина ма, әлде басшылар мінетін қымбат джип пе? «Шаршы метр» шыныменжамалған жол ма, әлде оның астарында әлдекімдердің шетелден алған зәулім вилласы жасырын тұрған жоқ па?
Белгісіз. Өйткені бұл ұлттық компания халыққа егжей-тегжейлі есебін жарияламайды. «Сөзіме сенсейші!» деген принципті ұстанады.
Кез келген мемлекеттік бастаманы референдумда 80-90 пайыздық «ләппаймен» мақұлдап, билікке деген шексіз махаббатын танытып келе жатқан біздің момын да мейірбан халықтың тұрмыс тауқыметіне қарап, шенеуніктердің де тас жүрегі жібіп, бір сәт «қайырымдылық» жасауға ниеті аумас па екен?
Шынында да, елдің еңсесін басқан «ақылы жолдар» деген ауыр қамытты біржола алып тастап, кең байтақ даланы тегін кезуге мұрсат берсе, бұл нағыз мемлекеттік деңгейдегі ізгілік болар еді-ау. Бірақ, креслоға таңылған «көреген» шенділер бұған үзілді-кесілді «болмайды!» деп кесіп айтады.
Олардың түсінігінде, халықтың төзімі — таусылмас кен, ал қалтасы —бюджеттің жыртығын жамайтын мәңгілік донор. Тегін жол — шенеунік үшін енді тек қиял-ғажайып ертегі, ал, ақылы трасса — мемлекеттік қазынаның түбін толтыратын таптырмас тетік болып қала бермек.
Жол азабын «игілікке» балаған Үкімет
Биліктегілер тығырыққа тірелген халықтың көңілін аулаудың «ғажайып» тәсілін тапты: олар елге шақшадай ғана жеңілдікті таудай етіп дәріптеуде. Ақылы жолға уақытылы жөндеу жүргізілмей, ойқы-шойқысы шығып, көлікті тозып құртатын апатты күйге түссе, шенеуніктер ақы алуды уақытша тоқтата тұруға «мәрттік» танытпақ!
Бұл — міндетін орындамаған жауапты тұлғалардың өз дәрменсіздігін халыққа жасалған үлкен тарту, зор игілік ретінде ұсынуы. Яғни, «біз жолды бүлдірдік, енді соның азабын тегін тартыңыздар» дегенге саятын, қисық логиканың шыңы десе де болғандай. Халық болса, ақылы жолдың азабы мен шенеуніктің мазағы арасында сапарлап жүр.
«Ақылы автомобиль жолдарының инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, ақылы жолдарда ақаулар анықталған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілді. Қазіргі таңда 14 учаскеде жалпы көлемі 1 млн 100 мың шаршы метр ақау тіркелді. Жөндеу жұмыстары жол-құрылыс маусымы басталысымен қолға алынады», — деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басшысы Д.Иманашев.
Кешіктірілген жаза — кешірілген күнә емес
Дәл осы тұста Көлік министрлігі де халықтан «сүйінші» сұрауға асықты. Ол не қылған «жеңілдік» десеңіз, құлақ түріңіз: егер сіз ақылы жолдың төлемін уақытылы жасай алмай, ұлттық компания алдында қарызға батсаңыз, құзырлы органдар соңыңызға шырақ алып түсуді, банктік шоттарыңызды бұғаттауды бұрынғыдай 7 күннен кейін емес, 30 күннен соң бастайды!
Яғни, министрлік қалтасы тесік халықты басына түскен бәледен құтқармады, тек жазаланатын күнін күтіп, уайымдау мерзімін тағы үш аптаға созып берді. Бар-жоғы осы. Ең құрыса, миллиондаған теңге айыппұлдың мөлшерін азайтқан да жоқ.
Айыппұлдың ауыр салмағы мен заңның қатал шеңбері өзгеріссіз қалды, тек «жазалау алдындағы үзіліс» сәл ұзартылды. Министрліктің бұл «қамқорлығын» көріп, елдің қалтасын қағуды «икемділік» пен игілікретінде көрсете алған шенеуніктердің қулығына еріксіз таң қаласың.
«Көлік министрлігі ақылы жолдарда төлем жасау ережелерінжеңілдетті. Тиісті бұйрыққа қол қойылды. Жаңа өзгерістер ақылы жолдарды пайдаланушылар үшін төлем жасау тәртібін жеңілдетіп, икемдірек етуге бағытталған. Сондай-ақ жолақысын уақытында төлемегені үшін жүргізушілердің әкімшілік жауапкершілікке тартылу жағдайларын азайту көзделіп отыр», — деп хабарлады ведомство.
Бұған дейін қалай еді? Бұрын қолданылған нормаға сәйкес, жүргізуші жолақысын 7 күнтізбелік күн ішінде төлемесе, 8-ші күні материалдар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес қарап, айыппұл салу үшін көліктік бақылау органдарына жіберілетін.
Енді қалай? Жаңа тәртіп бойынша, егер жеке тұлға жол жүрген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлем жасамаса, материалдар 31-ші күні заңнамада белгіленген тәртіппен көліктік бақылау органдарына жолданады. Ерте ме, кеш пе, бәрібір жазалайды.
«Сонымен қатар алғаш рет жеке және заңды тұлғалар үшін бөлек тәртіп енгізіліп отыр. Егер заңды тұлға есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін төлем жасамаса, материалдар келесі күні көліктік бақылау органдарына жіберіледі. Бұл өзгерістер республикалық маңызы бар ақылы жол учаскелерімен жүргені үшін төлем жасауға жүргізушілерге қосымша уақыт береді. Қол қойылған бұйрық 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді», — деп ақпараттандырды Көлік министрлігі.
Айтпақшы, «ҚазАвтоЖол» ақылы жолдарда жиналатын қаржы 2 есеге жуық өскенін жариялады.
«Темір инспектор»: жазалаудың жаңа цифрлық дәуірі
Жүргізушілерден жиналатын миллиардтар жазалауды күшейтуге де жұмсалатын көрінеді. Ақылы жолдардың бойында көліктің салмағын аңдитын автоматтандырылған жүйелер жаппай «сап түзеуде».
Ресми мәлімет бойынша «автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз ету», қарапайым тілде «асфальттың амандығын ойлау» үшін қазынаға айыппұл ағызатын «автоматтандырылған өлшеу станцияларын» (АӨС) орнату бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Сурет: @KZgovernment
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 24 АӨС кешені қойылып, республикалық маңызы бар жолдардағы олардың жалпы саны 46-ға жетті. 2028 жылға дейін тағы 102 жаңа АӨС орнату жоспарланды.
Сондай-ақ жолдарды басқару үдерістерін автоматтандырудың жаңа цифрлық тетіктері енгізілуде. 2025 жылы пилоттық жоба ретінде Алматы — Қонаев 42 км ақылы учаскесінде интеллектуалдық көлік жүйесін енгізу басталды. Енді ақылы жолдарда кейде кеңпейілділікпен жөніңе жібере салатын тірі инспекторды кездестірмейсіз. Оның орнын сезімнен жұрдай, тек алгоритммен жұмыс істейтін қатал ЖИ басуда.
«Автокөліктің шамадан тыс салмағы анықталғанде бұл жүйе автоматты түрде фотофиксация жасайды. Содан кейін ақпарат көлік дерекқорының ақпараттық-аналитикалық жүйесіне беріледі. Бұл Көлік комитетіне салмақ нормаларынан асып кетуге байланысты құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды жедел жіберуге мүмкіндік береді», — деп хабарлады Көлік министрлігі.
Айыппұлдардың мөлшері оське шаққандағы салмақтың арту дәрежесіне байланысты және кәсіпкерлік түріне қарай (шағын, орта немесе ірі) 40 АЕК-тен (173 мың теңге) 1000 АЕК-ке (4 млн 325 мың теңге) дейін баратын «астрономиялық» сомаға жетті.
Бұл қарқынмен халық пандемиясыз-ақ үйінен шықпайтын күйге жететін түрі бар. Өйткені жолға шығу — байлардың еншісінде қалып, басқасыүшін банкрот болудың төте жолына айналып барады.
Материал авторы