«Бәрі өзі шешіледі» деген үміт болған»: Байменов тәуелсіздік жылдарын еске алды
Алғашқы жылдардағы үміт қоғамды алға сүйреді дейді Байменов.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңіне баға берді.
Оның айтуынша, азаматтық бастамалар көбіне мемлекет толық шеше алмаған мәселелерді көтеріп, соған ықпал етуге бағытталады.
«80-жылдардың ортасынан бастап қоғамымызда романтикалық сезім болды. Горбачевтың қайта құру саясатынан бастап, Желтоқсан көтерілісі қоғамдағы үлкен үдерістерді қайната бастады. Ол Тәуелсіздік алғаннан кейін романтикаға ұласты», — деді ол.
Байменов сол кезеңде қоғамда түрлі үміт басым болғанын атап өтті.
«Қоғамның бір бөлігі «Тәуелсіздік алдық, енді бәрі өзі шешіледі» деген үмітте болды. Тағы бір бөлігі «демократияны жарияладық, енді халықтың пікірімен билік санасады» деген сенімде болды. Ал үшінші бөлігі «нарықтық экономикаға көшіп жатырмыз, енді тапшылық болмайды» деп ойлады», — деді комитет төрағасы.
Оның сөзінше, дәл осы сенім алғашқы жылдардағы қиындықтарды еңсеруге моральдық тұрғыдан үлкен қолдау болған.
«Бұл романтика шын мәнінде сол кездегі қиындықтарды еңсеруге көмектесті», — деді ол.
Алайда уақыт өте келе бұл үміттердің жүзеге асуы үшін нақты еңбек қажет екені белгілі болды.
«Уақыт өте келе бәрін іске асыру үшін қажырлы еңбек керек екені анықталды. Сонымен қатар, биліктің ішінде де жеке мүддені көздейтін топтар бар екені байқалды», — деді Байменов.
Ол 90-жылдардың соңына қарай қоғамдағы романтикалық көңіл-күй бәсеңдегенін айтты.
Сондай-ақ, пікір алмасу мәдениетінің әлсіздігі мәселесіне тоқталды.
«Алаш қайраткерлерін құртқаннан кейін 70 жыл бойы қоғамымызда балама пікірге жол берілген жоқ. Содан пікірталас болмағандықтан пікір алмасу мәдениеті де семіп қалды», — деді ол.
Байменов қазақ зиялыларының еңбектері ұлттық сананы оятуда маңызды рөл атқарғанын да атап өтті.
«Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауин, Олжас Сүлейменов сынды қаламгерлер тарихымыздың терең екенін көрсетті. Соның әсерінен халықтың көкірегінде түрлі сезім оянды», — деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, қоғамда білімді, бірақ белсенділігі төмен азаматтар мен керісінше, белсенді, бірақ мүмкіндігі шектеулі топтардың арасындағы алшақтық байқалған.
«Сол себепті «Темірқазық» қоры мен «Зерде» қоғамының мақсаты – азаматтық және экономикалық ағартуға, сондай-ақ пікір алмасу мәдениетін дамытуға үлес қосу болды», — деді ол.