Әлихан Байменов азаматтық секторды сынады
Байменов: Кей ұйымдар мәселе емес, қаржы іздейді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекеттік гранттар қоғамдық мәселелерді шешуге де, ұйымдарды биліктің ықпалына түсіруге де пайдаланылуы мүмкін. Бұл туралы Әлихан Байменов мәлімдеді.
Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов азаматтық сектор мен мемлекеттік гранттардың арақатынасына тоқталды.
Оның айтуынша, қоғамдық ұйымдардың рөлі – нақты проблемаларды көтеріп, оны шешуге ықпал ету. Ал грант бұл миссияны күшейтуі де, әлсіретуі де мүмкін.
«Философияда санның сапаға өту заңдылығы деген бар. 80-жылдардың соңында кеңес жүйесінде қоғамдық ұйымдар құруға рұқсат берілгенде олар қаулап өсті. Сол кезде “Ұлытау”, “Жем”, “Нарын” сияқты қозғалыстар пайда болды. Ал жалпыұлттық деңгейде “Қазақ тілі”, “Невада-Семей”, “Азат” қозғалыстары ерекше рөл атқарды», — деді ол.
Байменовтің сөзінше, сол кезеңдегі ұйымдар мемлекетке тәуелді болмаған. Олар грантсыз-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, билікті әрекет етуге мәжбүрлей алған.
«Ол уақытта мемлекет мүмкіндігі басқа еді. Сондықтан олар мемлекеттік грантқа жүгінген жоқ. Бірақ өздері мәселе көтеріп, соны шешуге ықпал етті», — деді комитет төрағасы.
Ол «Ұлытау» қозғалысының нақты нәтижелерге қол жеткізгенін мысалға келтірді.
«Бұл қозғалыс Байқоңырдағы зымыран қалдықтарын жинауға мәжбүрледі. Радиолокациялық стансаларды елді мекендерден алыстатуға ықпал етті», — деді Байменов.
Кейін мемлекет мүмкіндіктері артқан соң гранттық қаржыландыру жүйесі қалыптаса бастады. Алайда спикер бұл жерде тепе-теңдік маңызды екенін ескертті.
«Грантты мәселені шешуге де, қоғамдық ұйымды “қол балаға” айналдыруға да жұмсауға болады», — деді ол.
Оның пікірінше, қоғамдық ұйымдар өз миссиясын ұмытпауы тиіс.
«Ұйымдар өзекті мәселені шешу үшін құрылады. Егер өздері шеше алмаса, қоғамды жұмылдырып, билікке ықпал етуі керек», — деді Байменов.
Ол азаматтық сектордың кейбір өкілдері негізгі мақсаттан ауытқып бара жатқанын да жасырмады.
«Бір жиында ұйымдардың басым бөлігі тек грант мәселесін көтерді. Ал экологиялық, мәдени проблемаларды ешкім қозғамады», — деді ол.
Сөз соңында Байменов мемлекеттік мүмкіндіктердің артуы жаңа жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.
«Қазір мемлекетте мүмкіндік бар. Бірақ ол өткір ұстара секілді. Дұрыс пайдаланбаса, оны бірен-саран лауазым иесінің мүддесіне жұмсауға болады. Ондай жағдайда азаматтық белсенділік өзінің рөлін атқармайды», — деді комитет төрағасы.