Қазақстанда активтерді басқару нарығы қалай өзгеруде: қорлардың өсуі, АХҚО-ның рөлі және іске асырылмаған әлеует
Активтерді басқару (asset management) дамыған экономикалардағы инвесторлар үшін стандартқа айналғанына көп болды: капитал қаражатты сақтау және көбейту үшін кәсіби менеджерлерге беріледі.
Қазақстанда бұл сегмент қаржы нарығында әзірге аз дамыған сегменттердің бірі. Халықтың сұранысы әлі де төмен, ал индустрияның өсуін негізінен қорлар мен институционалдық инвесторлар қамтамасыз етуде.
Бұл ретте нарық тез дамып келеді: қорлар түрлері кеңейіп, активтердің жаңа кластары мен құралдары пайда болуда. Бұл инфрақұрылым активтерді басқару нарығының әлеуетін аша ала ма, әлде ол қаржы нарығының шағын сегменті болып қала ма деген мәселе тұр.
Қазақстандағы қор нарығы қалай реттеледі
Қазақстандағы инвестициялық қорлар ұлттық деңгейде және «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) юрисдикциясы шеңберінде реттеледі.
Ұлттық реттеуді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) жүзеге асырады. Ол АХҚО жүйесінен тыс ашылған қорлардың қызметін бақылайды. Қаржы орталығының юрисдикциясында қорларды AFSA тәуелсіз реттеушісі – АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті қадағалайды.
ҚНРДА және AFSA қадағалайтын қорлар ұқсас қағидаттармен жұмыс істегенімен олардың арасында: тіркеудің ұйымдық-құқықтық нысандарында, қор түрлерінде, рұқсат етілген құралдар тізбесінде және басқарушы компаниялардың капиталына қойылатын талаптарда айырмашылықтар бар. Бұл ерекшеліктер қорлардың жұмыс стратегиясын және олардың нарықтағы икемділік дәрежесін айқындайды.
Активтерді басқару жүйесінде мемлекеттік қорлар – Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры (ҚРҰҚ) және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) айрықша рөл атқарады.
Мемлекеттік қорлар: жинақтаудан басқаруға
2000 жылы құрылған ҚР Ұлттық қоры (ҚРҰҚ) еліміздің ең ірі институционалдық инвесторы. Қорды ҚР Ұлттық банкі сенімгерлікпен басқарады.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қордың активтері 39,6 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 26,3%-ын, оның ішінде валюталық портфельдің активтері 63,9 млрд АҚШ долларын құрады. 2025 жылы Ұлттық қорға түсімдер 10,2 трлн теңгеге жетті, оның ішінде тікелей салық түсімдері – 3,7 трлн теңгені құрады. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Ұлттық қорды басқарудан түскен инвестициялық табыс 6,5 трлн теңгеге жетті. Осылайша, қор тек мұнай кірістерін жинақтаушы ғана емес, инвестициялық институт қызметін атқарады.
БЖЗҚ – тағы бір негізгі институционалдық инвестор. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Ұлттық банк пен инвестициялық портфельді басқарушылардың басқаруындағы активтердің жалпы көлемі 25,9 трлн теңгені құрады. Үлестің басым бөлігі Ұлттық банктің басқаруында – 25,858 трлн теңге, ал жеке басқарушы компанияларға тиесілісі – 88,55 млрд теңге. Ұлттық банк салымшылардың шоттарына аударған инвестициялық табыс 7,43% кірістілікпен 1,77 трлн теңгеге жетті.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақыны басқарудың жаңа моделі жұмыс істей бастады: енді жеке басқарушы компаниялардың кірістілігі орташа алынған нәтижелермен емес, композиттік индекстер (эталондар) бойынша бағаланады. Сондай-ақ салымшылар инвестициялық профильді таңдауға және зейнетақы активтерін әр түрлі басқарушылар арасында әртараптандыруға мүмкіндік алды.
Жеке инвесторлар – нарық қарқынды өсуде
Халық үшін жинақтарды сақтаудың консервативті тәсілдері әлі де шетел валютасы, банктік депозиттер және жылжымайтын мүлік болып отыр. 2025 жылдың соңында бөлшек банк депозиттерінің көлемі шамамен 28,2 триллион теңгеге жетті. Жылжымайтын мүлік нарығы 2021 жылдың ең биік көрсеткіштерінен кейін жоғары белсенділікті сақтауда: 2025 жылы шамамен 450 мың мәміле жасалған.
Осыған қарамастан соңғы бес жылда халықтың белсенді инвестициялауға деген қызығушылығы артып келеді, тіпті жаңа эмитенттердің саны шектеулі болса да, бұл жеке инвесторлардың қор нарығына қатысуын біртіндеп кеңейтуде.
AIFC Insights талдау орталығы дайындаған Қазақстандағы бөлшек инвестициялау шолуына сәйкес 2024 жылы KASE жеке инвесторлары қайталама нарықтағы акциялармен жасалған мәмілелердің жиынтық көлемінің 62%-дан астамын қамтамасыз ете отырып, сауда-саттықтың негізгі қатысушыларына айналды. Бұл бөлшек сауда сегментінің ықпалының өсуін растайды.
Сондай-ақ, соңғы жылдары елімізде ірі ұлттық IPO-лар өтті. 2025 жылдың соңына қарай брокерлік шоттардың саны жыл ішінде 40%-дан астамға өсіп, 5 миллионнан асты. Қаржылық қызметтердің цифрландырылуы өсудің негізгі драйвері болды.
xChief Central Asia компаниясының қаржы директоры Артем Кирилов Қазақстанның қор нарығы инвесторларының құрылымында жеке тұлғалардың өскенін атап өтті. Артемның айтуынша, бұған халық арасында қаржылық сауаттылықтың өсуі және Қазақстанда жалпы финтехсаласының дамуы ықпал етті.
Корпоративтік облигациялар да танымал бола бастады – бұл құрал халық үшін түсінікті және әдеттегі банктік депозиттерге ұқсас. 2025 жылы AIX биржасындағы сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,1 млрд АҚШ долларын құрады, оның 1,7 млрд доллары борыштық өнімдер нарығына тиесілі болды.
АҚШ-та пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі аясында шетелдік, әсіресе дамушы нарықтардағы (Латын Америкасы, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Еуропа, Түркия) эмитенттердің облигацияларына инвестиция салудың танымалдығы артып келеді. Abylai GlobalSolutions компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Алексей Панюшкин дәулетті инвесторлардың 6-7% купондық кірістілік беретін облигацияларды бастапқы орналастыруға қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтті. ФРЖ мөлшерлемесінің төмендеуін ескере отырып, орта мерзімді перспективада (3-5 жыл) АҚШ долларымен жылдық 8-9%-ға дейінгі жалпы кірістілікке үміттенуге болады.
2025 жыл AIX-тегі биржалық инвестициялық қорлар (ETF) үшін де серпінді жыл болды. Мәселен, Fonte Capital басқарушы компаниясы Орталық Азиядағы биткоинге арналған алғашқы споттық ETF-ті іске қосты. Бұдан басқа, Fonte Solana ETF шығарылды – бұл Solana-дағы стейкинг функциясы бар әлемдегі алғашқы споттық ETF.
IPS Capital компаниясы Орталық Азия мен Кавказдағы шариғат қағидаттарына сәйкес келетін алғашқы индекстік қор – ITS Shariah ETF-ті; сондай-ақ инвесторлардың жетекші халықаралық компаниялардың жаһандық нарығына қолжетімділігін қамтамасыз ететін ITS World ETF-ті; сондай-ақ жетекші халықаралық компаниялардың акцияларына бөлшек қолжетімділікті ұсынатын ITS Single Stock ETF-ті шығарды.
Нәтижесінде биржалық сауда-саттық көлемі 2024 жылғы 2,4 миллион доллардан 2025 жылы 31,6 миллион долларға дейін өсті. Бұл портфельді әртараптандыру құралы ретінде жекеинвесторлардың ETF-ке деген қызығушылығының артуын көрсетеді.
ITS басқарушы директоры Александр Диаковский: «Біз АХҚО Орталық Азия мен Закавказьеде бір кездері ETF-тің еуропалық орталығы ретінде Дублиннің жасаған ісін қайталауға әбден қабілетті деп санаймыз, Дублинде 2 трлн еуроға жуық қаражат тіркелген. AFSA және AIX-пен бірге біз аймақтағы алғашқы жаһандық индекстік ETF, алғашқы халал ETF, алғашқы Single StockETF және алғашқы Money Market ETF-ті іске қосып қана қоймай, ең бастысы әртүрлі юрисдикциялардағы қатысушылар пайдалана алатын қорларды құру үшін кешенді, ыңғайлы инфрақұрылымды қалыптастыра алдық».
АХҚО өсу орны ретінде
АХҚО активтерді басқару индустриясының негізгі өсу орнына айналуда. 2025 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша АХҚО юрисдикциясындағы басқарудағы активтердің жалпы көлемі шамамен 5,4 млрд долларды құрады. Инвестициялық қорлардың саны 178-ге, ал активтерді басқарушылар саны 78-ге дейін өсті.
2025 жылы жеке инвесторларға арналған бірқатар листингтерді қоса алғанда, цифрлық қаржылық активтерге бағытталған қорлар санының өсуі байқалды. Сондай-ақ АХҚО экожүйесінде алгоритмдік хедж-қорлар пайда болды және кредит қорлары танымал бола бастады.
АХҚО-дағы қорлар өздерінің инвестициялық стратегиясы бойынша, сондай-ақ олар тартатын клиенттердің түрі бойынша бөлінеді. АХҚО-да инвесторлардың жіктелуіне байланысты мыналарды ашуға болады:
1. Non-exempt қор – ұжымдық инвестициялардың құрылымы, оның пайлары АХҚО-да кәсіби клиенттерге де, жеке инвесторларға да ұсынылады.
2. Exempt қоры non-exempt қорларымен салыстырғанда аса қатаң емес реттеледі. Қордың бұл түрі тек кәсіби клиенттерге қолжетімді.
Қордың мақсаттарына қарай АХҚО-да тікелей инвестициялар қорларын, венчурлық капитал қорларын, жылжымайтын мүлік қорларын (REIT), исламдық инвестициялық қорларды, ESG-қорларды, Umbrella-қорларды, қорлар қорын, master feeder құрылымын және т.б. ашуға болады.
Жаңа құралдар мен реттеудегі өзгерістер
АХҚО юрисдикциясы қорлар санының өсуіне ғана емес, сонымен қатар Қазақстан нарығындағы қорлар түрлерін әртараптандыруға да ықпал етеді. Мәселен, 2024 жылы AFSA (АХҚО реттеушісі) кредиттік қорларды, цифрлық активтер қорларын, биржалық қорларды, ақша нарығы қорларын, инвестициялық токендер мен білікті инвестициялық токендерге инвестиция салатын қорларды қосу арқылы мамандандырылған қорлар тізімін кеңейтті.
Fonte Capital Ltd. бас директоры Ержан Мусиннің айтуынша АХҚО-ның құқықтық режимі шеңберіндегі жұмыс «қолшатыр» қорларын, кредит қорын және цифрлық активтерге биржалық қорларды қоса алғанда, өңір үшін жаңа инвестициялық құрылымдарды іске қосуға мүмкіндік берді: «АХҚО-ның заңнамалық және реттеуші инфрақұрылымы ашық және түсінікті заң моделін қамтамасыз етеді, бұл юрисдикцияны шетелдік инвесторлар үшін тартымды етеді, ал АХҚО-ның risk-based approach қағидатын қолдану реттеушіге басқарушы компанияларға артық әкімшілік жүктемесіз тәуекелдерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді».
2024 жылдан бастап АХҚО-да бағалы қағаздар токендерін шығаруға арналған реттеуші база (Security Token Offerings, STO) жұмыс істейді. Сондай-ақ 2024 жылы АХҚО-да отбасылық капиталды құруға және басқаруға мүмкіндік беретін отбасылық офистердің қызметі туралы қағидалар күшіне енді.
Ұжымдық инвестициялаудың әртүрлі схемаларын және мамандандырылған қорлардың түрлерін енгізу тек халықаралық компанияларды ғана емес, Қазақстандағы басқа да салаларды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Осындай мысалдардың бірі – киноиндустрия жобаларын қаржыландыру мақсатында АХҚО-да ашылған қор – Tolqyn Film Fund OEIC Ltd. Қордың арқасында «Дәстүр 2», «7 қарақшы», «Байқа! Алаяқ!», «Шымыр» атты төрт қазақстандық фильм қаржыландырылды.
Көп инвестор – нарықты дамытудың негізгі шарты
Қорлар санының, олардың түрлері мен құралдарының өсуіне қарамастан, Қазақстандағы активтерді басқару нарығы әлі де бірқатар шектеулерге тап болып отыр. Олардың ішінде – халықтың жинақ құрылымындағы қорлардың төмен үлесі. Көптеген қазақстандықтар үшін жинақтаудың консервативті құралы банктік депозиттер болып қалуда, ал ұжымдық инвестициялар әлі де күрделі деп қабылданады.
ATAIX Eurasia криптобиржасының CEO Арутюн Погосянның пікірінше, бөлшек сауда сегменті үшін негізгі қиындық – қаражаттың кірістілігі мен жедел қолжетімділігі арасындағы тепе-теңдікті табу. Классикалық консервативті құралдар – банктік депозиттер немесе акциялар – олар сенімді болғанымен «бір сәттік» шектеулі өтімділікке ие: капиталды шығару көбінесе уақытты қажет етеді немесе жинақталған пайыздардың жоғалуына алып келеді: «Осыған байланысты цифрлық активтер өтімді, бірақ құбылмалы балама ретінде әрекет етеді. Біздің өз бағалауымыз бойынша, Қазақстанда криптовалютаның ену деңгейі халықтың шамамен 8-10%-ын құрайды және бұл нарық тұрақты өсу динамикасын көрсетеді. Сектордың дамуының негізгі факторы инфрақұрылым деңгейінде де, құқықтық өріс саласында да дәстүрлі қаржы мен криптоиндустрияның қарқынды жақындасуы болды. Жақында Президент қол қойған банк заңнамасындағы өзгерістер мен қаржы нарығын дамыту бойынша түзетулер топтамасы жаңа ойыншылардың келуіне және гибридті қаржы өнімдерінің пайда болуына жол ашып, нарықты институттандырудағы маңызды қадам болды».
Тағы бір қиындық – индустрияның негізінен институционалдық және кәсіби инвесторларға бағдарлануы, сондай-ақ қаржылық кеңес беру институтының жеткіліксіз дамуы.
Дамудың кейінгі кезеңдеріндегі жобаларды қаржыландыру үшін ірі қорлардың жетіспеушілігі де қиын сынақтың бірі болып қала береді.
Нарықты не өзгерте алады
Алдағы бірнеше жылда бөлшек инвестициялық өнімдерді кеңейту, венчурлық инвестицияларды дамыту және халықаралық қорлардың Қазақстанға деген қызығушылығын арттыру нарық өсімінің драйверлері бола алады.
Title Broker International Ltd. CEO Кайл Шостактың пікірінше Қазақстандағы ұжымдық инвестициялар нарығын дамыту жаппай инвестор үшін инвестициялық өнімдерді оңайлату және стандарттау жолымен жүретін болады: «ҚР-дағы ұжымдық инвестициялар нарығын дамыту қарапайым инвестициялық ұсынымдарға біріктіруге болатын қолжетімді және түсінікті құралдар санын ұлғайту есебінен жүргізілетін болады. Біріншіден, бұл капиталды сақтаудың қорғаныс стратегиясын, сондай-ақ ақша нарығының қорларын ұсынатын ішкі облигациялар нарығы.
Сондай-ақ, жергілікті акционерлік эмитенттердің сегменті біртіндеп дамиды, олардың қағаздары РЕПО операцияларында қолданыла алады. Сонымен қатар, тәуекелге бейімділігі жоғары инвесторлар үшін қор пайларына инвестициялау мүмкіндігін көздейтін pre-IPO стратегиясы қарастырылады. Бұл стратегия 2–3 жыл ішінде жария нарыққа шығуды жоспарлап отырған қалыптасқан жеке компаниялардың капиталына инвестициялауға бағытталады».
Сарапшы атап өткендей, дәл осындай құралдар жеке инвесторды капитал нарығымен байланыстырып, оны тауашалық сегменттен қаржы жүйесінің толыққанды бөлігіне айналдырады.