Медсақтандыру жүйесіндегі 3,5 млрд теңгелік алаяқтық әшкереленді
Тергеушілер шамамен 140 мың азаматтың деректері заңсыз пайдаланылғанын мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржылық мониторинг агенттігі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі ауқымды қаржы жымқыру схемаларын әшкереледі. Тергеу мәліметінше, шамамен 140 мың азамат медициналық ұйымдарға жалған тіркеліп, көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алынған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда аталған фактілер бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 3,5 млрд теңгеден асады.
Тергеу барысында Түркістан облысындағы Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты заң бұзушылықтар анықталған. Тергеу деректеріне сәйкес, МӘМС аясында бөлінген қаражат іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген әрі тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшотына аударылған.
Анықталғандай, кәсіпкерлердің медициналық мекемемен ешқандай келісімшарты болмаған. Олардың деректемелері бюджет қаражатын заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған. Осы іс бойынша мемлекетке келтірілген шығын 501 млн теңгеден асқан. Қазір екі күдікті қамауға алынған.
Сондай-ақ Астанадағы Forte Clinic ЖШС-нің басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайласы – Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды тіркеу туралы өтінімдерді заңсыз мақұлдағаны үшін 3 жылға сотталды.
Тергеу барысында аталған клиникаға 15 мыңнан астам азаматтың заңсыз тіркелгені белгілі болды. Бұдан бөлек, Damu Med ақпараттық жүйесі арқылы жалпы сомасы 79 млн теңгенің жалған медициналық қызметі рәсімделген.
Ал Алматы облысында Mydental.kz ЖШС мен «Стоматология Dr. Nurzhanova» ЖШС клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу мәліметінше, пациенттерге іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетілмеген. Жалған құжаттарды рәсімдеу үшін дәрігерлердің тіркелгі жазбалары мен кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректері пайдаланылған.
Соның салдарынан 4,5 мыңнан астам жалған медициналық қызмет көрсету фактісі анықталып, мемлекетке 66 млн теңге көлемінде шығын келген.
Қаржылық мониторинг агенттігі МӘМС жүйесіндегі заңсыз әрекеттерді анықтау жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Материал авторы