1929-1931 жылдары қазақ 372 рет көтеріліске шыққан

21.11.2023, 15:39
715
1929-1931 жылдары қазақ 372 рет көтеріліске шыққан gov.kz

Біреу біліп, біреу білмес, ал қараша айы біздің елімізде –  ресми түрде Сталиннің кезіндегі қуғын-сүргін құрбандарын еске алу айы. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлап отыр.

Оған қоса саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу датасы ретінде 31-мамыр белгіленгені де белгілі. 

Тарихтың ақтаңдақ беттері деп танылған қызыл террор жайлы қанша айтылса да артықтық етпейді. Қазақ халқы бұл нәубеттің зардабын көрді, тіпті жойылып кету қаупінен әрең дегенде аман қалды. Ал мұны өскелең ұрпақ ұмытпауы керек. Нәубет жылдары өскелең ұрпақтың жадында сақталуы үшін Қазақстан билігі түрлі шараларды өткізіп келеді. Тәуелсіздік алар-алмастың алдындағы өліара кезеңнен бастап елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау науқаны басталды. Ал қазіргі уақытта тарихта өткен КГБ деген қаһарлы қызметтің құпия архивтері ашылып жатыр. 

Қуғын-сүргінге ұшыраған әрбір отбасы, әрбір адам жайлы деректер ашылуда. Оған қоса үш жылдан бері елімізде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істейді. Сталин кезеңіндегі қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үрдісі көрші Өзбекстан, оның ішінде Қарақалпақстан, сонымен қатар Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерінде де жүріп жатыр.

Көрші елдердің жұртшылығы да өз аумағы шеңберінде қолы жеткенінше КГБ-ның архивтерін ашуға және жазықсыз құрбандарды ақтауға кіріскен. Ал бұл іс-шараларымызға, әрине, Ресей жағы қабақ астынан қарайды. Ресейде мұндай әрекет Кеңес Одағының абыройына нұқсан келтіреді деушілер бар.

1926-1956 жылдары Кеңес Одағының аумағында миллиондаған адам ұсталып, түрмеге жабылды, жер аударылды немесе атылды. Биылғы 18 қыркүйекте Қазақстанның бас прокуратурасы КГБ архивінде жатқан 2 миллион 400 мың карта деректері жарияланады деп мәлімдеді. Онда қуғын-сүргін құрбандарының әрқайсысының аты-жөні келтіріледі. Кеңес Одағы тұсында қолдан құрастырылған айыптармен қамалған 700 мыңнан астам қазақ алдағы күндерде ақталады деп күтілуде.

1920-1956 жылдары түрмедегі азаптаудан, атудан, аштық пен әртүрлі аурудан Орталық Азия елдерінің бірнеше миллион тұрғыны көз жұмғаны айтылуда. Ал жалпы сталиндік қуғын-сүргіннің салдарынан КСРО аумағында қайтыс болған адамдар саны 12 миллионнан асады деген дерек бар. 1937-1938 жылдары Қазақстаннан –25 мың, Қырғызстаннан – 10 мың, Өзбекстаннан – 13 мың, Тәжікстаннан – 15,7 мың адам атылды. Оларға ұлтшыл, пантюркист немесе шет елдің шпионы деген сияқты айыптар тағылған еді. КСРО билігі әсіресе түркі тілдес халықтарға көбірек тізе батырды. Өйткені түркі тілдес халықтардың зиялы қауым өкілдерінің арасында өзара байланыс пен кеңестік идеологияға деген қарсылық көзқарас болды.

1929 жыл мен 1931 жылдың аралығындағы небары үш жылда Қазақстанның өңірлерінде 372 көтеріліс болған екен.  Ол көтерілістерді басып-шаншу кезінде елді бастаған көптеген тұлғалар опат болды. Халықтың қолындағы малды тартып алу, ет салығын көбейту, өзге республикаларға және ондағы өндіріс орындарына ет жіберу салдарынан ел ішінде бұрын-соңды болмаған ашаршылық басталды деп жазады зерттеушілер. Оңтүстік Қазақстан өнеркәсіп орындарын етпен қамтамасыз етсе, Батыс Қазақ­стан Кавказ аймағындағы қалаларды, Орталық Қазақстан етті Ленинград сияқты орталық қалаларға ет жіберуге мәжбүр болыпты. Қазақ халқы оған дейін де, 1917-ші жыл мен 1921-ші жылдың аралығында да ашаршылықты бастан кешкен еді. Бұл кезеңде қатарынан екі рет төңкеріс болған еді. 1917 жылғы ақпан революциясын қазақ халқы жақсы қабылдаған деседі. Ал сол жылғы қазан революциясынан қазақ халқы секем алды, түсінбеді деуге болады. Өйткені большевиктер кедейлерді қолдаймыз деп шыққанымен бірден байларды қудалауға кірісті. Байлар ғана емес, зиялы қауым мен оқыған жастар, имангершіліктің жаршысы болған имамдар қуғын-сүргінге ұшырады. Оның салдары қандай қасіретке айналғаны тарихтың ақтаңдақ беттерінде жазылып қалды. Ұлттың бетке ұстар адамдары жойылды.

1928 жылы байларды, ел құрметтеген зиялы адамдарды, ишандарды, жазу-сызу білетін адамдарды қудалау мен мүлікті конфискациялау, ұжымдастыру сияқты науқандар ел ішін тоздырып жіберді. Халыққа зорлық-зомбылық жасау, тізе батыру етек алды. Мұның соңы ашаршылық нәубетін алып келді. Ал 1937-ші және 1938-ші жылдары азаматтарды жаппай репрессиялау науқаны жүріп, бұл қазақ баласына аса ауыр тиді. 1930-шы жыл мен 1956-шы жылдардың ішінде қазақтың кемі 40 пайызы қудалаудың салдарынан көз жұмды. Ал репрессия нәубетінің қызған кезеңінде 103 мыңдай қазақ қуғын-сүргінге ұшырады.

Мұндай нәубетті көрші елдер де бастан кешіріп жатты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары соңғы жылдары Қырғызстанда да жүріп жатыр. Қырғызстанда сталиндік қуғын-сүргіннен қанша адам зардап шеккені туралы расталған нақты дерек жоқ деп жатады. 1937-ші жыл мен 1939-шы жылдардың аралығында Қырғызстанда  40 мыңдай адам қуғын-сүргіннің салдарынан мерт болған көрінеді. Қырғызстан парламенті биылғы қазан айында 1918-1953 жылдары Кеңес Одағы саяси және діни көзқарасы үшін түрмеге жауып, жер аударып немесе ату жазасына кескен азаматтардың құқықтары туралы заң қабылдады.

Құрбандарды ақтау жұмысына Өзбекстан да білек сыбана кіріскен. 2022 жылы Өзбекстанда кеңестік большевизмге қарсы күрескен басмашыларды ақтау басталды. Сол жылы 120 басмашы ақталды. Мысалы, ақталған Ибрагим Шақабайұлы деген әйгілі басмашы мың адамды басқарып, большевиктерге қарсы соғыс салған екен. Оған терроршы деген айып тағылып, 1931 жылы ату жазасы тағайындалған. Басмашылардан бөлек, Өзбекстан соты 1936-шы жыл мен 1938-ші жыл арасында сталиндік репрессияға ұшыраған жүздеген адамды ақтады. Өзбекстанда жалпы саны 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргін құрбаны болған екен. Соның әзірге 500-ге жуығы ақталды, қалғандарды да ақтау жұмысы жүріп жатыр.

Жоғарыда аталған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Қазақстан мемлекеттік комиссиясына келсек, оған Мемлекеттік хатшы төрағалық етеді. Комиссияның мүшелігіне 49 адам кіреді. Құрамында Президент Әкімшілігі мен Үкіметінің өкілдері, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен ғалымдар бар. Комиссияның отырысы жылына екі рет өткізіледі. Деректерді зерттеу, адамдарды ақтау, материалдарды жинақтап, баспаға дайындау, кітап шығару жұмыстарымен айналысады. Былтыр осы комиссияның қолға алуымен саяси қуғын-сүргін тарихына арналған материалдар мен құжаттардың 31 томдық жинағы жарық көрді. Кітап ХХ ғасырдың 1920-шы жылы мен 1950-ші  жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының түрлі санаттарына қатысты бұрын жарияланбаған архив құжаттары мен материалдарынан құралған. Қазіргі кезде 39 томдық келесі кітап дайындалып жатыр.

Украина мен НАТО шұғыл кеңес өткізеді «Балғамен ұрып өлтірмек болды»: ер адам әйелінің жұмысына келіп, оны ұрып өлтірмек болған (ВИДЕО) Мұнайшылар ереуілі: Жұмыскерлерге қысым көрсетіліп жатқаны рас па? Жаңа жылда 4 қаңтарға дейін демалыс болмақ eGov қосымшасы арқылы қазақстандықтардың несие тарихы қадағаланады Елімізде банан емес, адам саудасы «қызып» тұр Журналист Гүлмира Әбіқай елден ақша жинайтын тағы бір қайырымдылық қорының былығын ашты Бокстан Азия чемпионатында ел намысын кімдер қорғайды? Нұрбике Нұрқаділова өмірден өтті: Заманбек Нұрқаділовтің бірінші жары соңғы сұхбатында қандай шындықты айтып кетті? Майқайыңдағы масқара: Ағасы мен қарындасы зорланған «Зорлады» деп жалған арыз жазатын нәзік жандылар азаймай тұр «Бейбітшілікті қалайтындарға түкіргені бар»: Зеленский Путиннің мәлімдемесіне жауап қатты Путин Украинаға атқылаған «Орешник» зымыраны сәтті сыналғанына сүйінші сұрады Украинадағы жағдай ушықты: Бектенов шұғыл жиын өткізді «Еліміздің барлық аймағында дерлік күн бұзылады»: 22 қарашаға арналған ауа райы болжамы жарияланды Желіде Перизат Қайраттың жалған сұхбаты тарады Ұлттық ұлан факультетінде ғылыми-теориялық конференция өтті «Әр баланың өз бөлмесі бар»: Блогер Дархан Жолшыбеков көпбалалы әйелге үй сыйлады «Қатты ауырып жатыр»: Жанқош Тұраровтың әлі күнге дейін тергеуге бармағаны белгілі болды «5 млн дейін береді»: Ләйлә Сұлтанқызы Шымкент өңіріндегі қалың малдың қанша екенін жариялады