Жасы келген билеушілер үшін өзіне түрлі артықшылықтар беретін заңды жасап алу тән болса керек. Ондай жағдай біздің де басымыздан өтті. Президентіне артықшылықтар беретін заң осы күні Ресейде де бар. Ондай заңға 2020 жылы Ресей президенті Владимир Путин қол қойған. Ол заң бойынша, өкілет мерзімі аяқталған немесе қызметінен отставкаға кеткен Ресейдің бұрынғы президент өмір бойы сенат мүшесі болып қалуға құқылы.
Енді міне, жаңа жыл кірмей жатып Беларусь республикасының президенті Александр Лукашенко өзіне өмір бойы көп артықшылық беретін заңға қол қойды. Яғни ол президенттіктен кеткен жағдайда ешқандай қысым көрмей, сотталмай, бұрынғысынша шалқып өмір сүруі қорғалатын заң. Бұған қоса заң Беларусь президентіне кандидатқа қойылатын талапты арттырды.
Жаңа заң бойынша Беларусьтің бұрынғы президенті мен оның отбасы мүшелеріне бұрынғыдан да көп артықшылық беріледі. Лукашенко президент лауазымын тоқтатқан жағдайда өлгеніне дейін Беларусь халық мәжілісінің делегаты болады және сол мәжілістің келісімімен парламенттің жоғары палатасы – Республика кеңесінің мүшесі болады. Ол өмірінің соңына дейін мемлекеттік күзет қызметін пайдаланады.
Жаңа заң бойынша президент өкілетін жүзеге асыру кезіндегі әрекеттері үшін жауапқа тартылмайды, оны осы себеппен қамауға не сотқа тартуға болмайды. Оның отбасы мүшелері де жауапкершілікке тартылмайды және сотталмайды. Лукашенконың өзі мен оның отбасы мүшелерінің тұрғын үйіне, қызметтік кеңсесіне, көлігі мен байланыс құралдарына, құжаттары мен басқа да мүлкіне қол сұғылмайды. Лукашенко медициналық және көлік қызметін өзінен кейінгі президентпен тең дәрежеде алуға құқылы, оның өмірі мен денсаулығы мемлекеттік бюджет есебінен сақтандырылады. Ал өмір бойғы жәрдемақысы өзінен кейінгі президенттің жалақысымен бірдей болады. Заңда Лукашенко қызметінен кеткен соң үлкен сыйлықтарды алатыны көрсетіліпті. Оны нақтылап жазған. Кетерінде ол мемлекеттік жылжымайтын мүлікті, соның ішінде құрылыс нысандары орналасқан кең ауқымды жерді сыйға алады.
Бұған қоса Беларусь президенттігіне кандидатқа қойылатын талаптар да осы заңмен өзгерді. Заңға енгізілген өзгеріс бойынша, бұдан былай Беларусь аумағында туған, 40 жасқа толған және соңғы 20 жылда өз елінде тұрған, басқа елдерде ықтиярхатпен өмір сүрмеген адам президенттіктен үміткер бола алады. Яғни шетелге кетуге мәжбүр болған оппозиция өкілдері президент сайлауына түсуден дәмелене алмайды.
69 жастағы Александр Лукашенко Беларусьті 1994 жылдан бері басқарып келеді, ол алты рет қатарынан президент сайлауына түсіп, алтауында да жеңімпаз атанған. 2022 жылы Конституцияға енген жаңа өзгерістер бойынша, енді Лукашенко екі мерзімнен артық президент болып сайлана алмайды. Сарапшылардың пікірінше, ол президент қызметінен кетіп, Беларусь халық мәжілісінің төрағасы қызметіне ауысады, сол арқылы билікті қолында сақтап қалуы мүмкін.
Лукашенконың сайлауға соңғы рет түсуі 2020 жылдың тамыз айында өткен. Сайлау бұрмаланды деген оппозиция өкілдері нәтижені мойындаудан бас тартқан. Сол жылы Беларусьте ондаған мың адам қатысқан қарсылық акциялары болып, оның соңы наразыларды жаппай қудалауға ұласты. Көп халықаралық ұйымдар мен Батыс мемлекеттері Лукашенконы елдің заңды президенті деп танудан бас тартты.
Лукашенконың Беларусь мемлекетін басқарып отырғанына биыл отызыншы жыл. Мемлекеттік басқару жүйесінде Беларусь президенті деген жаңа лауазым 1994 жылы енгізілген. Сол кезде жемқорлыққа қарсы комиссияны басқарған Лукашенко шілде айында өткен жалпыхалықтық сайлаудың ресми қорытындысына сай Беларусьтың бірінші президент болып сайланған.
30 жылда Лукашенко биліктен айырылмау үшін ел Конституциясына бірнеше рет өзгерту енгізді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Еуропа одағы елдері Беларусьта кейінгі өткен бірнеше сайлауды заңды күші жоқ деп есептейді.
2020 жылғы президент сайлауына түскен үй шаруасындағы Светлана Тихановскаяға халықтың басым бөлігі дауыс берген деген талас бар. Оған нақты дәлелдер келтірілген екен. Бірақ сол жолы Орталық сайлау комиссиясы тағы да Лукашенконы сайлаудан аман-есен алып шықса керек. Сайлау қорытындысы бұрмаланды деп есептеген халық жаппай наразылыққа шықты. Билік наразыларды күштеп таратты, президенттікке үміткер болғандар мен оппозиция өкілдерінің үстерінен іс қозғады, көбісін қамады, кейбірі шет елдерге кетті. Светлана Тихановскаяның күйеуі оппозиция өкілі, ол түрмеге жабылды. Ал Тихановская екі баласымен шет елге қашып шықты.
Енді Александр Лукашенконың мұртын балта шаппайтын болды.