SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Әзербайжан мен Ресей арасындағы соңғы шиеленіске қатысты өз ұстанымын білдіріп, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа орны толмас зиян келмеуін тіледі.
"Түркия – Әзербайжанмен де, Ресеймен де терең стратегиялық әрі дипломатиялық қатынас орнатқан мемлекет. Біз бұл жағдайды жіті бақылап отырмыз және тараптарды сабыр сақтауға шақырамыз. Ең бастысы – екі елдің арасындағы сенім мен әріптестікке үлкен соққы тимеуі тиіс", – деді Түркия президенті.
Ердоған екі тараптың да бұл дағдарысты бейбіт жолмен еңсеруге қабілетті екенін атап өтті.
"Біз бұл мәселені шешу үшін қажет конструктивті қадамдарды қолдаймыз. Кавказ – соғыс пен қақтығысты көп көрген өңір. Сондықтан бұл аймақ үшін кезекті шиеленіс – өте ауыр салмақ. Біз бүкіл өңірдің тұрақтылығын шайқалтуы мүмкін кенеттен өршитін даулардың алдын алуымыз керек", – деді ол.
Сонымен қатар, Ердоған Зәңгезур дәлізінің жүзеге асуына және Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келісімге қол жеткізудің маңыздылығына назар аударды.
Ресей мен Әзербайжан арасындағы дау қалай басталды?
Маусым айының соңында Ресей мен Әзербайжан арасында дипломатиялық жанжал басталды. Екатеринбургте Әзербайжан диаспорасының екі өкілі – ағайынды Хусейн мен Зияддин Сафаровтар ұсталған соң, олар тергеу изоляторында қаза тапты. Олардың денесінен қинау және ұрып-соғу белгілері табылғаны хабарланды.
Осыдан кейін Әзербайжан билігі елінде жүрген Ресей азаматтарына қатысты қатаң шаралар қабылдай бастады. Бірқатар ресейлік азамат түрлі құқықбұзушылықтарға байланысты ұсталды.