Тіл деген жеке адамның ғана емес, тұтас бір мемлекеттің де ең жанды жері екені белгілі. Сондықтан тіл өте нәзік әрі күрделі саясат деуге болады. Тіл мәселесінен дау-дамай да шығып жататынын жиі көріп келеміз.
Бірер күн бұрын Өзбекстан азаматының өзбек тілін қорғап сөйлеген сөзінен кінәрат іздеген Мәскеу бұл үшін Ташкенттен ресми түсініктеме күтіп отыр. Былай қарасаңыз ол азаматтың сөзінде қандай да бір сөкеттік те жоқ сияқты. Өзге ұлттардың Өзбекстанда тұрып жатқанына жарты ғасырдан асса да жергілікті халықтың тілін үйренбегенін айтқан, сөзін басқыншы мен нақұрыс қана осылай етеді деп жалғаған.
Мұндай сөзді жай адам айтпаған. Айтқан – Өзбекстанның Журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің ректоры, Ұлттық медиақауымдастықтың төрағасы, Мектепке дейінгі білім беру министрлігінің жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Шерзод Кудратходжаев деген адам. Ол Өзбекстанда тұрып өзбек тілін білмейтіндерді басқыншы немесе нақұрыс деп атады. Бұл сөзді ол 13-ақпан күні жергілікті блогерге берген сұхбатында айтқан.
Өзбекстан азаматы тіл білмейтін, білуге ниет танытпайтын басқыншы немесе нақұрыс деп славян ұлттарын меңзеген. Өмір сүріп жатқан ел мен жердің тілін тек басқыншылар немесе нақұрыстар ғана білмейтінін Карл Маркс айтып кеткен дегенге келтіріпті.
Рас, ертеде Өзбекстанға Ресей жақтан адамдар ағылып барған. Олар ғасырға жуық уақыттан бері Өзбекстанның азаматтары, өзбектермен тең құқылы, барлық игіліктерді жергілікті тұрғындармен тең пайдаланады. 1966 жылы Ташкентте қатты жер сілкінісі болғанда да Ресейден көп адам барған. Олар қираған қаланы қайта салуға барған делінеді. Расы солай болар, ол заманда комсомол мен партияның үндеуімен және жалақы үшін жердің түбіне болса да өз еріктерімен баратындар көп болған. Әсіресе түрмелерде жаза өтеп жатқандар мерзімінен бұрын босау үшін осындай науқанға сұранып тұратын еді. Сөйтіп Өзбекстанға сырттан барған адамдар кері оралмай, қалып қояды. Әсіресе Ташкентке көп орыс жайғасқан деп жатады. Жер сілкінісінен кейін құрылысқа барғандардың өзі отбасыларымен қоса алғанда жүздеген мың адам еді. Солардың бәрі қалып, үйлі-жайлы болып жайғасқан. Одан бері алпыс жылға жуық уақыт өтті. Құрылысқа барған орыстар ұрпақ өрбітті немере-шөберелі болды. Сонда Ташкентің өзінде олардың саны миллионның ол жақ-бұл жағы болып қалған шығар.
Шерзод Кудратходжаев, Өзбекстанның Журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің ректоры:
«1966 жылы болған жер сілкінісінен кейін жәрдем беруге көп адам келді, түрмелерден де көп жіберілді. Ол кезде КСРО көп нәрсені түрмедегілердің күшімен істеген. Түрмедегілерді Беломорканал, тағы басқа құрылыстарға салған. Ташкентке Беларусьтан, Украинадан, Ресейден келді. Көбі түрмеден жіберілді. Кейін көбісі осында қалды. Жер сілкінісіне дейін Ташкенттің тұрғындары 300-400 мың адам еді. Артынша тұрғын саны миллионға жетті. Бірақ 40-60 жыл өтсе де біздің тілімізді үйренбеді. Карл Маркс өздері өмір сүріп жатқан елдің тілін екі адам білмейтінін, бірі басқыншы, екіншісі сауаты жоқ нақұрыс екенін айтқан. Енді олар басқыншы немесе нақұрыс екендерін өздері шешсін. Айтарым осы. Бұған ренжімесін».
Осыдан кейін Ресейде жұмыс істейтін «Проверено. Медиа» деген фактчекинг жобасы Карл Маркстың еңбектерінен «Өмір сүріп жатқан елдің тілін басқыншы немесе нақұрыс білмейді» деген сөзді іздеп көрген екен. Ондай сөз де, ой да таппағанын келтірген.
Өзбек азаматының өз тілін қорғап, сырттан барғандардың ішінде тілімізді үйренбегендер не басқыншы, не нақұрыс деп атағаны Ресей билігінің шамына тиіп кеткен сияқты. Өзбекстанның Ресейдегі Елшісі Ботиржон Асадовты Ресейдің Сыртқы істер министрлігі шақырып, наразылық білдірді. Ресей Сыртқы істер министрлігі жақын күндері Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі бұл ахуалға байланысты ресми түсініктеме жолдайды деп күтіп отыр. Ресей Сыртқы істер министрлігі Ресей мен Өзбекстан жақын әріптес елдер екенін, лауазым иелерінің әлгіндей сөздері екі ел халықтарының арасына сына қағатынын, Өзбекстан тұрғындары өз азаматының ондай сөздерін қолдамайтынына сенетінін, кезінде сырттағы адамдар басқыншы болып емес, көмек беруге барғанын алға тартып отыр.
Осылайша, өзбек азаматының сөзі дау-дамайға ұласып жатыр. Әрине, дау көпке бармай басылады. Шыны керек, өз ана тілін қорғаған адамды жазғыру жақсы нәрсе емес. Ал былайша қарасаңыз Ресей де сырттағы орыстардың тілін қорғаған болып шығады. Оларды жергілікті халықтың тілінде сөйлесін деген адамды русофоб деп шыға келетін болған. Ресей билігінің шамына тиіп отырғаны қазіргі соғыс жағдайында өзбек азаматының Өзбекстандағы орыстарға қатысты басқыншы деген сөзді қолданғаны.