Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлап отыр.
Күн сайын жаңалық лентасында ер адамдардың қолынан зардап шеккен немесе қаза тапқан қыз-келіншектер туралы оқиғаларды көреміз. Өкілетті органдар тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатқаның алға тартса да, жәбір көріп жатқандар саны төмендемей жатыр.
Еліміздің Ішкі істер министрлігінің сөзінше, жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 100 мыңнан астам өтініш келіп түседі. Әр өтініш бойынша Министрлік тексеру өткізіп, тиісті шараларды қабылдайтының алға тартты.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы ішкі істер органдары қызметінің басты бағыттарының бірі болып табылады. Жалпы жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 100 мыңнан астам өтініш келіп түседі. Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әрбір сигнал бойынша ден қою шараларын қабылдауда», - деді Ішкі істер министрлігі төрағасының орынбасары Әлібек Кеңіспаев.
Сонымен қатар Әлібек Кеңіспаев заңдарға өзгертулер енгізілгеннен кейін үй тирандарына қатысты жазалар күшейтілгенің атап өтті. Осының арқасында заң күшіне енген екінші жартыжылдықта (2023 жылдың 1 шілдесінен бастап) полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 48 мыңнан астам хабарлама келіп түсті. Бүгінгі таңда хабарламалардың 93% бойынша әкімшілік хаттама толтырылғаның атады.
«2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған бірқатар шаралар қабылданды. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру және ауырлығы орташа дәрежедегі дене жарақатын келтіруге қатысты кең тараған тұрмыстық қылмыстар бойынша «кінәліге материалдық немесе басқа да тәуелділіктегі адамға қатысты жасалған» деген біліктілік белгісі енгізілді. Осылайша мұндай қылмыстар үшін жаза санкциясы күшейтілді (ҚК-нің 106-бабы бойынша – 8 жылдан 10 жылға дейін, ҚК-нің 107-бабы бойынша - 2 жылдан 3 жылға дейін)», - деді министр төрағасының орынбасары.
Оған қоса төраға орынбасарының сөзінше, қазіргі күні тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша хаттама толтыру үшін көршілердің немесе куәгердің айғақтары, бейнебақылау камераларының және бейнетіркегіштердің жазбалары жеткілікті.
«Бұрын полицияға түскен шақыртулардың 60%-дан астамы бойынша жәбірленуші өтініш жазудан бас тартқандықтан отбасылық жанжалқойға қатысты шаралар қабылдау мүмкін емес еді. Ал заң күшіне енген екінші жартыжылдықта (2023 жылдың 1 шілдесінен бастап) полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 48 мыңнан астам хабарлама келіп түсті. Бүгінгі таңда хабарламалардың 93% бойынша әкімшілік хаттама толтырылады. Соңғы 6 айда (шілде-желтоқсан) жауапкершілікке тартылған үй тирандарының саны өсті. Егер 2023 жылғы 6 айда 17 мың адам жауапкершілікке тартылса, жылдың екінші жартысында олардың саны 45 мың адамды құрады. Тиісінше, қамауға алынғандар саны 2 есе өсті», - деді Әлібек Кеңіспаев.
Фото: жеке мұрағат
Ал Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Ибрагим Берікболұлының пайымдауынша, зорлық-зомбылық туралы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеу не болмаса қылмыстық іс қозғау және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау үшін тиісті өтініш беру жеткілікті.
«Хаттама жасау үшін тиісті өтініш беру жеткілікті. Сонымен бірге өз қауіпсіздігіңіз үшін бұзушылықты барлық қолжетімді әдістермен тіркеу маңызды: аудио, бейне, фотосуретке түсіру, куәлардың айғақтарын беру, дер кезінде сот-медициналық сараптамадан өту немесе дене жарақаттарын тіркеу үшін медициналық органдарға хабарласу», - деді Ибрагим Берікболұлы.
Оған қоса адвокаттың сөзінше жәбірленуші үй тиранынан моральдік және материалдық шығын талап ете алады. Ол үшін арнайы құжаттар дайындап, сот шығарған шешім заңды күшіне енуін тосу керек. Бұл талаптар орындалған соң, жәбір көрген азаматша ресми түрде агрессордан шығындардың өтілуін талап етуіне толық құқылы.
«Егер тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық жасалса, адамды жауапқа тарту, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша сот қаулыларын алу, заңды күшіне енуін күту және талап қою арқылы материалдық залалды (мысалы, емделу шығындарын) және моральдық залалды ресми түрде алуға болады. Қылмыстық іс шеңберінде мұндай талап-арызды айыптаумен бірге қарау үшін сотқа беруге болады. Егер күдікті кінәлі деп танылса, сот азаматтық талапты қанағаттандырады», - деді адвокат.
Ибрагим Берікболұлы өз кезегінде үй тирандарын қайта тәрбиелеу бойынша тиісті шаралардың жоқтығын алға тартты. Бүгінгі күні тек қана процессуалдық ережелер бар екенің мәлімдеді.
«Қолданыстағы нұсқада тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарды «қайта тәрбиелеу» бойынша сындарлы шаралар қарастырылмаған. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында профилактикалық әңгімелесу, ішкі істер органдарына бару түріндегі процессуалдық мәжбүрлеу шаралары бар, бірақ одан басқа ештеңе жоқ», - деді адвокат.
Сонымен қатар адвокат ажырасу мәселелеріне де тоқталды. Оның пайымдауынша, зорлық-зомбылық көрген жәбірленуші және үй тираны арасында ажырасу процессі өзгелерден ерекшеленбейді.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісінің ешқандай ерекшеліктері жоқ және некені бұзу туралы мәселеге өзгерістер енгізбейді. Дегенмен назар аударуға тұрарлық бірнеше факт бар. Біріншіден, егер жұбайы кемінде 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілсе, жұбайы кәмелетке толмаған балалары болған жағдайда да тіркеуші органда некені бұзуға құқылы. Екіншіден, егер ата-ана баласының, жұбайының немесе отбасының басқа мүшелерінің өміріне немесе денсаулығына қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, ата-аналық құқығынан айырылады», - деді Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Ибрагим Берікболұлы.
Фото: tengrinews. kz
Ал «НеМолчиKZ» қорының Президенті Дина Смаилованың сөзінше, 2020 жылы ұйымға күніне 10-15 өтініш келіп түсетін. 2023 жылы бұл көрсеткіш 50-64 өтінішке дейін өскен. Бұндай тенденцияны қор басшысы әйел адамдардың бұл туралы ашық айта бастағанымен және ұйым таңымал бола бастағанымен байланыстырды.
«Ең қорқыныштысы зорлық көбеюінде емес, олардың ауырлығында. Жағдайды интернет сталкинг ушықтырып отыр. Интернеттің дамуының арқасында абьюзерлер қазір әйелдеріне еркінен тыс кредиттер алады. Осылайша олар әйелдерін өздеріне тәуелді етіп алады. Көптеген тирандардың басты мақсаты осы», – деді қор Президенті.
Дина Смаилованың сөзінше, оның ұйымы жыл сайын 2000 астам әкімшілік арыздарды құзырлы органдарға жібереді. Арыздардың бәрі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі ҚР Ішкі істер ұйымының көмегімен жіберіледі. 2022 жылы 22 арызға соттың үкімі шықса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 42 арызға дейін жеткен. Осы жылдың басынан бастап 9 арыз бойынша ресми соттың үкімі шығарылды.
«7 жылдың ішінде 249 қылмыстық іс бойынша сот үкім шығарды. Алғашқы жұмыс жасау жылдары біз 7 кейсті сотқа дейін жеткізген едік. Бұл жақсы көрсеткіш. Себебі біздің ұйымға басында аз адам жүгінетін. Қазір көрсеткіш өскен. Қазір 42 іс бойынша соттың шешімі шықты. Алдағы уақытта көрсеткіш қандай болатының көреміз», - деді Дина Смаилова.
Қор президентінің сөзінше, биылғы жылы жұмыс жасау қиынға соқты. Өйткені мемлекеттік органдар Дина Смаилованы қудалауда. Фондтың барлық шоттарын бұғаттап, жұмыс жасауға кедергі келтіруде.
«Осы жылы жұмыс жасау қиын. Себебі мен қазір қудалау үстіндемін. Ұйымның шоттары бұғаталған еді. Бізге саяси баспана іздеу қажеттілігі туды. Біздің ұйым құзырлы органдардың өз міндеттеріне салақ қарап жатқаны туралы ашық айтып отырғандықтан Ішкі істер министрлігі тарапынан қудалау басталды», - деді «НеМолчиKZ» қорының Президенті Дина Смаилова.
Айта кетейік, қор өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында кейстер арқылы белгілі бір жағдайда қалай арыз жазу керектігі туралы посттар жариялайды. Сонымен қатар зорлық көрген әйелдерге құқықтық көмек көрсетеді.
«Біздің ұйым зорлық көрген жандарға құқықтық көмек көрсетеді. Біз адвокаттар жалдап, істің қозғалуына өз үлесімізді тигіземіз. Кей жағдайларда жәбірленушілерге жаңа тұрғын үй табуға немесе ақшалай көмек көрсетуге тырысамыз. Сонымен қатар міндетті түрде психологтардың жұмысымен қамтамасыз етеміз», - деді «НеМолчиKZ» қорының басшысы.
Денеге бағытталған терапия бойынша кеңесші, тәжірибелі психолог Асем Садвакасованың сөзінше, жәбірленушілерге психологиялық көмек көрсету керек. Көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған адамдар өздерін кінәлі сезініп, үй тирандарына аяушылық сезімдерін сезіне бастайды.
«Жәбір көрген әйелдерге міндетті түрде психологтар керек. Өйткені зорлық-зомбылықтан соң кейбіреулері ішімдікке немесе есірткіге отыра бастайды. Осылайша олар өздерінің эмоцияларын басып отырады», - деді психолог.
Сонымен қатар психологтың сөзінше, отбасы құрмай жатып, болашақ жарыңызды мұқият зерттеп алу керек. Абьюзерлердің көбісі ара-қатынастың басында романтикаға көп назар бөледі. Осылайша қыздардың жүректерін жаулап, өздері туралы жақсы пікір қалыптастыра бастайды. Тез отбасы құруға асықтырады. Соныңда отбасы құрылып, зорлық фактілері тіркеле бастайды.
«Оқиғалардың басым бөлігінде жігіт ара-қатынаста өзі туралы жақсы пікір қалыптастырады. Романтикалық кештер ұйымдастырып, қыздарға бүкіл уақытын арнайды. Уақыт өте келе, манипуляция арқылы ол қыздардың өмірін толыққанды бақылауға алады. Кіммен сөйлесіп жүргенің, қайда баратының жіті қадағалайды. Бұның бәрін романтикаға айналдырып, сен үшін алаңдап жүрмін деген тұрғыдан көрсетеді. Бұл абьюзерліктің алғашқы сигналдары», - деді Асем Садвакасова.
Психологтың сөзіне сүйенетін болсақ, агрессорлардың көбісі бала кезінде отбасы мүшелері арасындағы зорлықты көріп өскен немесе кішкентай кезіңде өзі психологиялық, сексуалдық сипаттағы зорлыққа ұшыраған жандар. Көп жағдайда ондай жандардың самооценкалары төмен. Олардың басты проблемалардың бірі қоғамға өз эмоцияларын көрсете алмауында.
«Агрессорлардың көбісі қоғамға өз эмоцияларын ашық көрсете алмайды. Сондықтан да олар агрессияны өзінің бойына жинай береді. Кейін агрессиясы асып-түсіп жатқан сәтте әйелдерін немесе балаларын ұрып-соғады», - деді психолог.
Асем Садвакасованың сөзінше, жәбірленуші зорлық циклінен шығып кету үшін психологпен жұмыс жасау керек. Көптеген жағдайларда жәбірленушілерге циклден өз еркімен шығып кету қиын.
«Зорлық көрген әйелдер алдымен бұл істердің бәрі белгілі бір цикл екенің ұғу керек. Көптеген оқиғаларда алдымен күйеулері оларды ұрып соғады. Кейін кешірім сұрап, сыйлықтар сыйлау арқылы ситуацияны ұмыттыруға тырысады. Содан соң олардың арасында бал айы басталады. Осы уақытта келіншектердің басым бөлігі күйеуім өзгерді деп ойлай бастайды. Араға уақыт сала оқиға тағы қайталанады», - деді денеге бағытталған терапия бойынша кеңесші, тәжірибелі психолог Асем Садвакасова.
Л. есімді кейіпкер психологтың сөзін растады. Ол да осы сценарий бойынша өмір сүріп келе жатқанына 3-4 жыл болды. Кейіпкеріміздің сөзінше, күйеуі оны алдымен ұрып-соғады да, артынан келіп кешірім сұрайды. Әрқашан өзгеретінің мәлімдеп, балалары үшін отбасыдан кетпеуін өтінеді.
«Күйеуім соңғы рет мені 1 жыл бұрын, аяғым ауыр кезде ұрды. Салдарынан жүктіліктің басым бөлігі стрессте өтті. Одан бірнеше рет кеткен едім, бірақ неге екенің білмеймін қайта орала берем. Қайта оралып келгенде өзгеретінің айтқан еді. Өкінішке қарай өзгермеді. Тіпті соңғы балам дүниеге келгенде бізді перзентханадан алып кетпеді. Себебі достарымен ішіп жүрді», - деді кейіпкеріміз.
Кейіпкеріміз өткен жылы сотқа арыз берген еді. Құзыретті органдар жағдайды бақылауға алып, сот күнің белгіледі. Алайда күйеуі сотты тоқтатуға өтінді. Жағдайды автокөлікке несиесімен түсіндірді.
«Алдымен ол сот туралы ештеңе білмеді. Соттың нақты күні белгілі болған соң, оған хабарладым. Ол сол уақытта көлік алайын деп жатты. Ажырасу туралы іс басталғандықтан, оның барлық шоттары бұғатталды. Ол оны көрген соң, маған келіп ажыраспауымызды өтінді», - деді Л. есімді кейіпкер
Кейіпкердің сөзінше, бұл ситуацияда балаларға қиын болды. Отбасыдағы жанжал психологиялық тұрғыдан балаларға қатты тиді.
«Балаларға қатты тиді. Әсіресе үлкен қызыма. Күйеуім ішіп алған сәтте оны үйден қуатын. Салдарынан оның бойында қазіргі күнге дейін агрессия байқалады. Психологқа барғысы келмейді. Бір рет үй жұмысын орындау үшін үйден кетіп қалды. Алайда менің ата-анама және күйеуімнің ата-анасына әкем үйден қуып жіберді деп айтты», - деді кейіпкер.
Еске сала кетейік, 15 сәуір күні Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға өзгерістер енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Енді жаңа заң бойынша денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл немесе 50 тәулікке қамауға алынады. Ал денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Авторы: Ислам Бақтыбайұлы