SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бес тіл мен төрт түрлі мамандықты меңгерген. Сеулде Оңтүстік Кореяның ең үлкен банкінің бірінің бас кеңсесінде, Кореяның Қазақстандағы елшілігінде жұмыс істеген. 42 жастағы азамат 7 жыл Оңтүстік Кореяда тұрған. Кейінгі 6 жылы Жапонияда өтті әлі де сонда тұрады. Бүгінде медицина ғылымдарының докторы Нагасаки университетінде жұмыс істейді. Жақында Есбол Сартаев туралы желіде "Қазақстан оған лайық жұмыс ұсынбаған" деген ақпарат тарады. Stan.kz тілшісі бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін Есбол Сартаевтың өзінен сұрады.
Желідегі пабликтерде тараған ақпаратта "Қазақстанға келгенде бұл кісіге лайық жұмыс ұсынбапты, тіпті университетке оқытушы етіп алмапты. Есесіне Жапония жақсы маманды бағалап отыр" деген сөйлемдер болды. Дегенмен Есбол Сартаев бұл ақпаратты жартылай жоққа шығарды.
"Бұл онша шындыққа жанаспайды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жұмыс істедім. Жұмыс берді, бірақ дәрежесі төмендеу болды. Себебі ол кезде доктор дәрежесі жоқ еді. Оған қоса менің салам басқа, Қазақстанда зерттеу жасауым қиын. Тіпті ондай мамандық та жоқ. Мен білім алған сала бойынша Жапонияда мүмкіндік көбірек", – деп бастады ол әңгімесін.
Есбол Сартаев Қазақстанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Тұран университетінің бакалаврын бітіріп, Оңтүстік Кореяда магистратура, Жапонияда тағы бір магистратура және докторантура бойынша білім алған. Барлығы 17 жыл бойы 4 елде оқыған.
Ол Кореяның ең ірі банкінің Сеулдегі бас офисіне жұмысқа орналасып, Қазақстанда Корея банкінің өкілі ретінде бірнеше жыл бойы қызмет еткен. Сол кезде айлығы Кореядағы қызметкерлердің айлығы деңгейінде болыпты және компания үймен қамтамасыз еткен. Дегенмен ол Қазақстанда қолдау көрсететін таныстарың мен туыстарың болмаса, көп жағдайда төмен лауазымда, төмен жалақымен қаласың дейді. Есбол Сартаев еліне оралып, лайық орын таппай жүргенде оны шетелдік компания қайта жұмысқа алған.
"Қазақстанның азаматы бола тұра, елде экспат (шетелдік маман) болдым. Шыны керек, Корея банкінің өкілі ретінде өз елімде жұмыс істегенімде бір түсінгенім: Қазақстандағы банк коммерциялық болса да, қарапайым, танысы жоқ адамға жұмысқа орналасу өте қиын. Орналасқанның өзінде, төмен дәрежеде қызмет етесің және аз жалақы аласың. Танысың болмаса, Қазақстанда коммерциялық ірі компанияларға да жұмысқа тұру қиын. ҚазҰУ-ды қызыл дипломмен бітіріп шыққанмен, Қазақстандық мекемеде бағаланбадым, айлық төмен болды. Сеул Ұлттық университетін бітіріп келгенімде көптеген Қазақстанның компанияларына және мекемелерге түйіндемемді жіберіп, сұхбаттан өттім. Бірақ еш нәтиже берген жоқ. Сол жылдары отбасы құрып, бөпелі болдым. Бірнеше ай жұмыс іздеп қиналып жүргенімде менің бұған дейінгі Корея банкіндегі басшыларым Корея университетін аяқтағанымды естіп, Сеулдегі бас офиске қайта жұмысқа шақырды. Біраз уақыттан кейін лауазымымды жоғарылатты. Сонда қайтадан өз еліме оралғанда, лайық орын таппай, бағаланбай жүргенімде шетелдік компания қайта жұмысқа алған", – дейді ол.
Есбол мырза өмірбаяным мен мансаптағы жолым желідегі соңғы посттан кейн үлкен шуға айналды дейді. Айтуынша, жақында оған Қазақстаннан бірнеше ұсыныс түсіпті.
"Содан кейн ғана көптеген ұсыныстар келіп түсті. Әсіресе мемлекеттік мекемелерден көп қоңыраулар келді. Мен бұрын қатты армандап, жете алмай кеткен дипломат қызметін де қарастыруды ұсынды. Алайда ұсыныстардың барлығынан бас тарттым. Шетелде тәжірибе мен білім алғаным, үлкен мүмкіндіктерге жол ашты десем, артық болмайды. Шетелде оқығанымның мүмкіндігі Қазақстан кеңістігінде ғана емес, глобалды деңгейде кеңейе түсті. Шетелдіктер мені әрқашан да жақсы бағалайды. Жақсы жалақының арқасында өмірімнің сапасын көтеріп алдым. Содан тек шетелдіктермен жұмыс істеуге, соларға лайық білімді болуға ұмтылдым. Шетелдегі оқу орындарында білімімді әрі қарай жетілдірдім. Алғашында Кореяда, кейн келе Жапонияда оқыдым. ҚазҰУ-дағы тәжірибемді есептемегенде негізінен тек шетелдік компанияларда жұмыс істедім", – дейді Есбол Сартаев.
"Бала кезден шетелдіктердің ой-өрісі қандай деген ойлар маза бермеді"
Өзі оңтүстіктің тумасы. Кеңес үкіметі кезінде дүниеге келгесін, жабық саясат әсерінен шетелді тек фильмдерден ғана көріп өстім дейді. Оны "шетелде өмір қандай, ол жақтың адамдары не ойлайды, қалай өмір сүреді" деген ойлар жастайынан мазалаған. Содан мектеп бітірген соң шет тілі мен басқа елді оқып, танитын мамандықты таңдаймын деп шешім қабылдаған.
"Грант ұтып алғанымда қытай тілін оқығым келді. Бірақ 90-жылдардың аяғында грант жеңсең, таңдау мүмкіндігі көп болмайтын. Ол кездері кафедраға адам тапшы болды да, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетіндегі Корей кафедрасын мәжбүрлі түрде таңдадым. Алайда қазір оған байланысты өкінішім жоқ, керісінше жақсы болды деп ойлаймын. Ауылдан шыққан соң, сүйрейтін туыстарым болмағандықтан “жақсы білім алсам, жақсы өмірге жетемін” деп сендім. Қатты ынталанып оқып, қызыл диплом алдым. Корей тілін білу деңгейім өте жақсы болды. 4-курста 6 айлық ауысу бағдарламасымен Кореяға оқуға бардым. Қарапайым отбасыдан шыққандықтан шетелде ақша жетпеді. Амалсыз сабақтан тыс уақытта заңсыз түрде құрылыста жұмыс істеп, күнімді көрдім. Кореяны танып, жергілікті адамдардың шынайы өмірін көрдім. Санам толықтай өзгерді. Ынталанып жұмыс істегесін, Кореяда еңбек қаншалықты бағаланатынын, адам адал жұмыс істесе, жақсы ақша таба алатынына көзім жетті", – дейді ол.
Есбол мырза сол жылдары шетелде жұмыс істеп тапқан ақшасын үнемдеп, жинаған. Елге қайтарда 1000 доллар шамасында ақша алып келіп, Алматы облысынан жер алыпты. Өзі мұны алғашқы инвестициям деп есептейді.
Фото Есбол Сартаевтың жеке архивінен
Жапониядағы өмір
Қазір Есбол Сартаев – медицина ғылымдарының докторы. Ол Жапониядағы Нагасаки университетінің Глобал қатерлерді зерттеу орталығының ассистент-профессор болып жұмыс істейді.
"Жапонияда өмір сүруіме мүмкіндік ашылды. Зерттеу орталығы жақында жаңадан ашылып ядролық қару-жарақ қолданбау, радиациялық қауіп, климаттың өзгеруі, жаһандық жылыну, табиғи құбылыстар, пандемия, жаңа инфекциялық аурулар, глобалды экономика мен саясат салаларын тұтастай зерттейді. Бастапқы кезде сабақ беруден гөрі көбіне ғылыми жұмыспен айналысамыз. Әсіресе бірнеше тіл біліп, жан-жақты салада білім алғаным бүгінде жұмысым үшін маңызды болып отыр. Жалпы Жапония қабілетімді, білімімді жетілдірді, бірнеше тіл меңгеруге жол ашты, жан жақты толыққанды ақпарат алуға жол ашты. Жаңа елдерді, жерлерді көруге, саяхаттауға, адамдармен танысып білісуге, жалпы өмірден ләззат алуға үлкен мүмкіндік жасады.
Дегенмен ол Жапониядағы алғашқы жылдары оңай өтпегенін айтты. Магистратура мен докторантурада оқып жүріп, сабақтан тыс уақытта көп жерде уақытша қара жұмыс істепті.
"Жоғарғы лауазымды шетелдік компаниялар мен банктерде ақ жағалық жұмыс істеп үйреніп қалған маған алғашында ауыр болды. Басында университетте көмекші болдым. Ол жерде қысқарту болып, университеттің жанындағы үлкен ауруханада санитар болып істедім. Біраз уақыт университетке жақын жердегі хостелде жинаушы болдым. Студенттік визамен жұмыс істеу уақыты аптасына 48 сағат қана. Содан аз ақша табасың. Оқуды өзім төледім. Жапонияның Ұлттық университеттерінде оқу құны салыстырмалы түрде арзан. Жылына 3500 доллар шамасында. Жапонияда адам саны төмендеуінің себебінен жұмысшылар тапшы. Жапон тілін база деңгейінде біліп, құжаттарың дұрыс болса, көк жағалық жұмыс табу өте оңай", – дейді ол.
Есбол Сартаев Болашақ бағдарламасымен оқуға да талпыныпты. Бірақ олардың неге оқуға қабылдамағаны белгісіз.
"Докторантураға түскенімде қара жұмыс істегім келмей, Болашақ бағдарламасымен оқымақ болдым. Бірақ Нагасаки университетінің рейтингі төмен деп, рұқсат етілген университеттер тізіміне қосылмағанын және мамандығым приоритет тізімінде жоқ екенін айтып, қабылдамады. Алайда 4 жыл бұрын Нагасаки университетінде бір жігіт докторантураны Болашақпен бітірген. Сол арада университет тізімнен түсіп қалған шығар деп, оқуды өзім төлеп, санитарлық жұмысымды жалғастырдым. Ең қызығы, 2023 жылы бір жігіт осы университетке докторлық бағдарлама бойынша Болашақпен түсіп, қазір оқып жүр. Сонымен Болашақ бағдарламасының жайын түсінбей қойдым", – дейді ол.
Фото Есбол Сартаевтың жеке архивінен
“Бұл елдің тазалығы мен қауіпсіздігі таңғалдырады”
Оған Жапониядағы өмір қатты жағады әрі ұнайды екен. Сөзінше, өте қауіпсіз, тәртіп пен ережелер қатаң сақталады, халқы өте сыпайы және мейірімді, адамгершілігі мол.
"Тазалығы мен қауіпсіздігі таңғалдырады. Жапония мен үшін әлемдегі барлық елге қарағанда өте ерекше, еңбекқор, сыпайы, кең пейілді, досшыл және кішіпейіл ел. Жапониялықтар жалпы жабық келеді және адаммен қашықтан қарым-қатынас құрады. Алайда менің жағдайымда сәтті болып, адал және кішіпейіл, өте жақсы жапондарды жолықтырдым. Жапонияның табиғаты мен мәдениеті өте бай. Жапонияның ішінде өте көп жерді аралап саяхаттадым. Өзім спортты және саяхаттағанды жақсы көремін. Салмақ тез қосатындықтан амалсыздан көп жүгіремін және велосипедті жиі тебемін. Кюсю аралындағы қалалардың 80%-ын велосипедпен аралап шықтым. Марафонға қатысамын. Одан бөлек менің Жапониядағы ең сүйікті ісім – онсенге (ыстық бұлақтың моншасы) бару. Досыммен жиі кездесіп, әртүрлі шетелдік ұйымдарға бірге қатысамыз және оның мүшесімін. Жүйелі түрде қан тапсырып тұрамын, белсенді донормын. Жапонияда жүріп қашықтан Қазақстан ауылдарындағы дарынды балаларға IQanat бағдарламасының менторы болып, Білім министірінен алғыс хат алғаным да бар. Бос уақытымда өзіме және басқаларға пайда әкелетін істермен айналысамын", – дейді ол.
Есбол Сартаев Жапонияның барлық игілігін Қазақстанға енгізсе, жаман болмас дейді. Сөзінше, жапондардың санасының тазалығы соншалық, іс-әрекеті, қоршаған айналаның тазалығы, тәртібі, тиянақтылығы, жұмысқа деген құштарлығы, тек жақсы жақтарынан ғана көрінеді. Дегенмен осыдан 4 жыл бұрын дамыған елде жүрген Есбол Сартаевтың Астанадағы үйін жалға алған адамдар өртеп, есігін жауып кеткен. Салдарынан үйі түгел жанып кетіпті.
"Түгі қалмай өртенген. Тергеу органдары қанша өтініш жазып, қайда жүгінсем де, істі созып созып жүрді де, тып-тыныш жаба салды. Прокуратура, Полиция департаменті, тіпті Президент әкімшілігіне жүгіндім. Еш нәтиже жоқ. Тіпті үйді жалдаған жігіттер анама күліп, "бәрібір іс бізге ыңғайлы түрде шешіледі" деп мазақ етіп кетіпті. Мен елде болмағасын үйдің кілтін анам ұстап, жалға беріп тұратын. Мен шынында әділдік орнағанын, Ішкі істер министрлігінің құрылымдары халықтың пайдасына жұмыс істегенін қалаймын. Сол жігіттер тергеушіні сатып алғанына сенімдімін. Себебі істі 4 жыл бойы созды, мен үндемей қалған кезде төтенше жағдайлар министрлігіне бере салды", – деп өкінішін білдірді Есбол Сартаев.
“Өсу өзіңе жайлы аймақ аяқталған жерден басталады”
Жапониядағы қазақ шетел көргісі келетін, көкжиегін кеңейткісі келетін жастарға кеңесін де айтты. Ол өміріңнің аяғында өкініш болмайтындай өмір сүру керек деп есептейді.
"Өмірде үлкен қадам жасағың келсе, батылдық жинап, жауапкершілік алып, ауыр және күрделі жолға аттану керек. Өсу және даму жайлы аймақ (комфорт алаң) аяқталған жерден басталады дегенге өзімнің көзім жетті. Жайлы жерде ешқандай алға жылжу болмайды, онда жақсы өзгерістер мен прогреске жетпейсің. Шетелге шыққанда өте көп қиындықтарға тап боласың. Дайын болуың керек. Тіл білмей, сол қоғамның ерекшеліктерін білмей, сөйлесетін адам болмай, айналаңда көмектесетін достарың-туыстарың жоқ кездер көп болады. Осындай қиындықтардан еңбектеніп, тозып-тоңып шықсаң, уақыт өте шынығасың. Жас кезінен бастап ағылшын тілін жақсы меңгеріп алса, өте үлкен көмегі тиеді. Жеке өзім өмірлік саяхатым өте қызық та үлкен мәні бар деп ойлаймын. Меніңше, жасым келгенде өміріме қатысты өкініш болмайды деп сенемін. Өміріңнің аяғында өкініш болмайтындай өмір сүру керек деп есептеймін", – деді Есбол Сартаев.