Жиынның басты тақырыбы – әлеуметтік инвестициялар болды. Қатысушылар бұл ұғымды инклюзивті қоғам құру мен орнықты дамуға қол жеткізудің маңызды тетігі ретінде қарастырды.
Кездесу аясында білім беру, денсаулық сақтау, цифрлық даму және жасанды интеллект салаларында мемлекеттік органдармен ынтымақтастық жөнінде бірқатар келісімдерге қол қойылды.
Отырыс барысында кеңес негізін қалаушы Жанна Байдашева тұрақты болашақ үшін көшбасшылардың жеке жауапкершілігінің маңыздылығына назар аударды:
«Біз қазір тұрақты даму жаһандық басымдық қана емес, әр адамның жеке жауапкершілігіне айналған дәуірде өмір сүріп отырмыз. Бүгін біз әйел көшбасшылардың әлеуметтік инвестициялар саласындағы жүйелі үлесін талқылаудамыз. Бұл – болашақты әйелдердің стратегиялық көзқарасы арқылы көруге мүмкіндік», – деді ол.
Панельдік сессия барысында білім, денсаулық сақтау, цифрландыру, экология және инклюзия сияқты маңызды салалардағы әлеуметтік бастамаларды іске асырудың озық тәжірибелері мен тәсілдері ұсынылды.
«Әлеуметтік инвестициялар – бұл тек ауқымды халықаралық жобалармен шектелмейді. Бұл – компаниялардың күнделікті жергілікті деңгейдегі жұмысы, жастармен және жергілікті қауымдастықтармен берік байланыс орнатуы, жүйелі өзгерістерге белсене қатысуы. Мұндай көзқарас бизнесті оң өзгерістердің бір бөлшегіне айналдырады», – деді Baker McKenzie компаниясының жаһандық атқарушы комитетінің мүшесі Кирсти Уилсон.
Group Corporate Affairs Officer қызметіндегі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі вице-президент Марине Бабаян өз сөзінде әлеуметтік жобаларды тиімді іске асыруда үйлестірудің маңыздылығына тоқталды:
«Біздің мақсатымыз – ең алдымен адамдардың игілігіне қызмет ететін кешенді әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру. Әрбір бастама қоғамға жақын болуы тиіс және маңызды қызметтерді күн сайын, тіпті әр сәт сайын қамтамасыз етуді көздейді: шалғай ауылдарды байланыспен қамтудан бастап, білімге тең қолжетімділікке дейін. Бұл ретте барлық тараптардың үйлесімді жұмысы аса маңызды», – деді ол.
Жиын барысында Еуропа Қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассоның қатысуы ерекше назар аудартты. Оның айтуынша, ЕҚДБ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық оң серпінмен дамып келеді: 2023 жылы инвестициялар көлемі 1 млрд еуроға жуық болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш үш есеге артқан.
«Біз Қазақстанмен әріптестікті одан әрі тереңдетуге және түрлі секторлардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз», – деп атап өтті ЕҚДБ басшысы.
Сондай-ақ отырысқа Air Liquide компаниясы вице-президенті Эмили Муран-Ренуар қатысты. Ол компанияның 2016 жылдан бері Қазақстанға инвестиция салып келе жатқанын және бүгінгі күнге дейін жүзеге асырылған жобалар көлемі 120 млн еуродан асқанын атап өтті:
«Қазақстандағы оң өзгерістердің бір бөлшегі болу – біз үшін маңызды. Бұл елде жобаларды дамытудың зор әлеуеті бар», – деді ол.
GBWC бүгінде бизнес пен мемлекеттің тоғысында орналасқан әйел көшбасшылар арасындағы стратегиялық диалогтың бірегей алаңына айналып келеді. Қатысушылар әлеуметтік бастамаларды ұзақмерзімді және нақты қажеттіліктерге бағытталған жүйелі тәсілмен іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Осылайша, Global Businesswomen Council отырысы тұрақты даму күн тәртібін қалыптастырудағы әйелдердің өсіп келе жатқан рөлін көрсетті және бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылын нығайтудың маңызды алаңына айналды.