Билік пен туыстық: көрші елдер неге династия құруға ұмтылады?
Өзбекстан Президентінің қызы Саида Мирзиёеваның Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалуы Орталық Азияда биліктің отбасылық жолмен берілуі туралы пікірталасты қайта жандандырды. Бұл үрдіс көрші елдерде күшейіп жатқанымен, Қазақстанда мұндай белгілер байқалмайды.
Посткеңестік кеңістікте туыстарды жоғары лауазымдарға тағайындау бұрыннан кездесетін құбылыс. Бұрын мұндай әрекеттер Қазақстанда да байқалған. Алайда қазіргі таңда жағдай өзгерген: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін 2029 жылдан кейін билікте қалмайтынын және өзінің мұрагерін тек демократиялық сайлау шешетінін нақты мәлімдеген болатын.
Ал көрші елдерде отбасы мүшелерін билікке тарту үдерісі жалғасуда. Жуырда Өзбекстанда Шавкат Мирзиёевтің үлкен қызы Саида Мирзиёева Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. Бұған дейін ол президент көмекшісі және коммуникация мен ақпараттық саясат секторының жетекшісі қызметтерін атқарған. Саида Ташкент пен Мәскеуде білім алып, экономика ғылымдарының кандидаты атанған.
Тәжікстанда президент Эмомали Рахмон да туыстарын билікке тартуда. Қызы Озода Президент аппаратының жетекшісі болса, ұлы Рустам Эмомали Душанбенің мэрі, Антикоррупциялық агенттіктің басшысы, қазір Жоғарғы палата — Меджилистің төрағасы қызметін атқаруда. Ол да келешекте әкесінің орнын басуы мүмкін негізгі тұлғалардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
Түркіменстанда биліктің әкеден балаға өтуі ресми түрде жүзеге асты. Гурбангулы Бердімұхаммедов президенттік қызметін ұлы Сердарға табыстады. Қазір бұл елде олардың немересі Керімгули де жұрт алдына жиі шығып жүр.
Әзірбайжанда билік 1993 жылдан бері Алиевтердің қолында. Мұнда тек билікті мұрагерлікпен тапсыру ғана емес, оны отбасылық активке айналдыру тенденциясы белсенді жүріп жатыр.
Тіпті Ресей Федерациясының құрамындағы Шешенстанда да осындай көрініс байқалады. Аймақ басшысы Рамзан Қадыров ұлын мемлекеттік және күштік құрылымдарға тартуда.
«Отбасылық фактор» тек Шығыс елдерінде ғана емес, Батыста да кездеседі. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Ақ үйге жайғасқан соң, күйеу баласы Джаред Кушнерді аға кеңесші етіп тағайындап, АҚШ қоғамында үлкен талқылау тудырды.
Орталық Азия кеңістігінде «мұрагерлік билік» құбылысы ашық не жасырын түрде көрініс беріп келеді. Қырғызстанда мұндай әрекеттер халық наразылығын тудырып, биліктің ауысуына себеп болған. Мәселен, бұрынғы президент Аскар Ақаев ұлы мен қызын парламентке өткізуге тырысқанда, қоғам бұл әрекетке төзе алмай, нәтижесінде Ақаев орнын босатты. Құрманбек Бакиев те ұлы Максимді министр еткеннен кейін көп ұзамай биліктен қуылды.
Ал Қазақстанда бүгінде билікке туыстарды тарту үрдісі жоқ. Президент Тоқаев бірнеше рет биліктен отбасын алшақ ұстау және институттық дамуды қамтамасыз ету қажеттігін атап өткен. Бұл Қазақстанда биліктің ауыспалылығы мен ашық сайлау принципінің басым болуын қамтамасыз ететініне үміт ұялатады.