740

Алматы облысында көлік екі оқушыны қағып, қашып кеткен

Жол жиегінде отырған 12 және 13 жастағы екі оқушыны Chevrolet Cobalt қағып кетіп, жүргізуші тоқтамастан оқиға орнынан қашып кеткен.

Алматы облысында көлік екі оқушыны қағып, қашып кеткен
КТК

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында Chevrolet Cobalt көлігі жол жиегінде отырған екі оқушыны қағып кетті. Жол апатынан 12 және 13 жастағы балалар жарақат алып, жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Зардап шеккендердің бірінің жағдайы ауыр. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.

Оқиға дүкен маңындағы жол бойында болған. Куәгерлердің айтуынша, 12 және 13 жастағы екі бала жол жиегінде отырған. Осы кезде жолмен келе жатқан Chevrolet Cobalt оларды қағып кеткен. Көлік жүргізушісі тоқтамай, оқиға орнынан кетіп қалған.

Жарақат алған екі жасөспірім де ауруханаға жеткізілді. Олардың бірінің жағдайы ауыр екені хабарланды.

Полиция жол апатына қатысты күдіктіні көп ұзамай ұстаған. Ол – 65 жастағы жергілікті тұрғын. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір полиция жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Оқиға орнында болған куәгерлердің бірі балаларды көрген сәтін айтып берді.

«Үйден шыққанымда мұнда дәрігерлер мен полицейлер болды. Балаларды көрмедім, олар жедел жәрдем көлігінде жатқан. Айтуларынша, жүргізуші оларды қағып кеткен», – деді ол. 

Материал авторы