Түркияда демалған туристерімізге тосын бір қауіп төнді
Түрік елінде болған қазақстандықтар енді Қытайға жіберілмеуі мүмкін.
ҚХР-дың Қазақстанмен және Ресеймен арасында өзара визасыз режим енгізілген. Соған қарамастан, егер қытай шекарашылары осы екі ел азаматтарының паспорттарында Түркияның мөрі басылғанынкөрсе, елге кіргізбей қоюы мүмкін. Бұл туралы Туроператорлар қауымдастығының (АТОР) вице-президенті Артур Мурадян мәлім етті.
Сонымен қатар қазақстандықтардың немесе ресейліктердің Түрік Республикасында тұрақты тұруға ықтиярхаты бар болса, оларға да шың еліне енуіне рұқсат етуден бас тартылуы ықтимал. Мурадянның дерегінше, Қытайға қыдырып немесе іскерлік сапармен барғысы келетін адамдардың паспортында Түркияның мөр-штамптарының саны мейлінше аз болғаны маңызды.
Оның түсіндіруінше, егер паспортыңызда түрік елінде тұруға ықтиярхатыңыз (ВНЖ) болса, онда бұл Қытайға кіруіңізге тыйым салу тәуекелін жоғарғы деңгейге дейін көтереді.
Сарапшы ханзу еліне саяхаттауға қатты құштарланған, немесе ол жақтан көлік тасумен айналысқысы келетін адамдарға, егер бұған дейін Түркияда көп демалса, онда дереу ешқандай мөр басылмаған жаңа төлқұжат алуға кеңес берді. Сонда ҚХР жаққа шекараны кесіп өтуде үлкен кедергі болмайды.
Жалпы, Түркия мен ҚХР арасында бір-біріне деген жаулық көзқарас жоқ. Дегенмен, Tourweek порталының байламынша, түсінбеушіліктер кездеседі.
«Қытайда, Шыңжаң ұйғыр автономды ауданында тегі түрік мұсылмандар – ұйғырлар шоғырлана өмір сүреді. Түркия тарихтан беріоларды туысқан санап, ынтымақтастық білдіреді. Президент Реджеп Тайып Ердоған ұйғарларға қысым көрсеткені, құқықтарын бұзғаны, мәдени ассимиляциялауға күш салатыны, лагерлер құрғаны үшін Бейжіңді талай өткір сынады. Бұл мәлімдемелерді ҚХР ауыр қабылдайды және өзінің ішкі ісіне араласу деп таниды. Мұның соңы кей жылдары екі елдің қатынастарының сууына соқтырды. Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары қытай саясатын сынағандардан «сыртқы жау» образын белсенді қалыптастырады. Бұл тұрғыда Түркия жиі теріс сипатта бейнеленеді», – деп жазды Tourweek.
Кейбір мемлекеттің өзіне ұнамайтын елдерге сапарлағыш шетелдіктерді өз аумағына жібермейтін тәжірибе әлемде бар. Мысалы, бірқатар араб елдеріне жиі барғыштаған адамдардың АҚШ-қа, Израилге кіруіне рұқсат етілмеуі мүмкін. Дегенмен, мына жағдайда бас тартуға нелер негіз болатыны нақты белгісіз, шығыс көрші себебін түсіндірмейді және тыйымдар тізімін ұсынбайды екен. Оның үстіне АТОР мәліметінше, бас тартулар саны әзірге көп емес, некен-саяқ.
«Түркияға сапарының саны көп болған, сондай-ақ паспортында осы елде тұрудың ықтиярхатына ие екенін растайтын мөрі бар адамдарға ҚХР-дің консулдық қызметтерінің виза бермей қойған немесе Қытай территориясына жібермей тастаған инциденттер орын алуда. Мәселен, Түркияда 28 күннен артық болған азаматтардың Қытайға кіруіне қытайлық шекарашылардың тыйым салған дерегі бірнеше рет тіркелді», – деп ескертті АТОР вице-президенті Артур Мурадян.
Tourdom туристік порталы да осы аптада ресейлік туристтерді ҚХР-ге жібермей қою оқиғалары болғанын жазды. Бұған бірнеше жайт себеп болыпты. Бірінің паспортында түркиялық мөрлер көп екені анықталған: жыл сайын сол жақта демалады екен.
Тағы бірінде түрік шекарашылары саяхатшының Түркиядан шығып кеткен күнін көрсетуді ұмытып кетіпті. Өзге мемлекеттің шекарашысы сапардың аяқталғанын растап, нақты датаны көрсетпесе, бұл ол азаматтың басқа елге сапарлауына әдетте кедергі болмайды.
Бірақ, Мурадянның нақтылауынша, соңғы сөз бәрібір шекарашыда – ол өз қалағанын жасай алады. Соның ішінде қытайлық кейбір кінәмшіл шекарашы мөрінде олқылығы бар адамның ел аумағына кіруіне рұқсат етпей қоюға ұйғарады.
«Түрік шекарашыларының салақтығы кесірінен РФ тұрғынын визасыз режим аясында Қытайға жібермей қойды. Көптеген туристер өздерінде ұқсас қателікті байқаған. Елдер арасындағы шиеленісті қатынастар кесірінен ҚХР шекарашылары Түркияда 28 күннен артық болған ресейліктерді өзіне кіргізуден бұған дейін де бірнеше рет бас тартты. Енді оған жаңа сылтау, басқа гәп қосылды», – деп мәлім етті Tourdom.
Ресейлік Алексей бұдан бұрын Түркияда 3 рет тынығыпты. Барлығында қысқа мерзім ғана болған, ұзаққа қалмаған. Биыл Қытай және РФ арасында визасыз режим енгізілген соң, осы көршіде тынығуға шешім қабылдайды. Алайда ҚХР шекарашылары оны шекарадан әрі өткізбей тастады.
Белгілі болғандай, қытайлық шекарашылар түркиялық мөр солғын болғандықтан, оның нашар оқылатынына мін таққан. Алексей бастан кешірген хикаясын әлеуметтік желіде өзгелермен бөлісті. Сонда ұқсас жағдайға душар болған қазақстандықтар, ресейліктер үн қатты.
Бұл саяхатшылар арасында біршама дүрбелең туғызды. Өйткені визасыз режим орнауына байланысты Ресей тұрғындары Қытайға қарай лап қойған: бірі Түркия, Мысыр тым қымбаттап, қол жетімсіз болып бара жатқандықтан шың елінде арзандау демалуды қалайды. Басқа бөлігі 90-шы жылдардағыдай шоп-турға жазылып, қытайлық арзанқол тауарды тасуға ниетті.
Мына жағдайдан кейін олардың бір бөлігі паспортын ашып жіберіп, ондай кемшіліктер өзінде де барын әшкерелепті. «Жылы толық жазылмапты, жай ғана «23» дей салған», «Түркияда бояуға қатысты тапшылық бар ма не, мөрлері бұлыңғыр, жылы дұрыс оқылмайды», «Бәлкім, өзім түзетіп жаза салсам болмай ма, осы үшін шағымданып Түркияға бармаймын ғой?!» деп мазасызданды әлеужеліде пікір білдірушілер.
Кейбір «білгірлер» Түркияға жасаған әрбір сапарға қатысты шағын түсініктеме жазып қоюға кеңес берді: бұрын ҚХР-ге виза рәсімдеу үшін өзге елдерге сапарлардың мән-жайы туралы сондай түсіндірме жазба талап етілетін.
Базбіреулер «бұйырғанын көрмек», қытайлық шекарашылардың мейірбандық танытуынан үміттенеді.
«Түркиялық мөрден кейін біздің шекара қызметінің мөрі тұр. Қытай шекарашылары көп болса, сол екеуіндегі датаны өзара салыстырып, түсінетін шығар. Егер түсінбесе, кіргізбей қойса, ұшақтың 3 билетінің құны, қонақүйге төленген ақысы босқа күйіп кеткелі тұр», – деп қапаланады интернет пайдаланушылардың бірі.
Келесі бір азаматтар жаңа паспорт алғанды дұрыс көріпті. Әйтсе де, мұндай «лайфхакты» бәрі бірдей пайдалана алмайды. Өйткені Қазақстанда азаматтардың жеке басын куәландыратын құжат АЕК-пен бірге жыл сайын қымбаттайды. 2025 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш –3 932 теңгеге тең. Келесі 2026 жылы 4 325 теңгені құрайды деп күтілуде.
2025 жылы Қазақстандағы құжаттардың құны:
— Жеке куәлік: 0,2 АЕК – 787 теңге,
— Паспорт (36 беттік): 8 АЕК – 31 456 теңге,
— Паспорт (48 беттік): 12 АЕК – 47 184 теңге,
— Балалардың паспорты (24 беттік): 4 АЕК – 15 728 теңге.
Қытай тарапы басқа да құжаттарды сұратуы мүмкін. Куәліктердің 2025 жылғы құны:
— Неке туралы куәлік – бастапқы беруі – 1 АЕК немесе 3 932 теңге,
— Қайталама беру – 0,5 АЕК немесе 1 966 теңге,
— Баланың Туу туралы куәлігі – бастапқы беруі тегін,
— Қайталама беруі – 0,5 АЕК немесе 1 966 теңге.
«Мен жаңа паспортқа тапсырыс бердім. Жұбайым олай жасаудан бас тартты, себебі, Батыс елдеріне көпжылдық визасы бар, сондықтан түркиялық мөрлер жыпырлай қойылған ескі паспортымен барғалы жатыр. Осыған байланысты оның құжаттарының пакетін бөлек жинадық. Сондай-ақ оның Түркияға тек демалу үшін барғанын растайтын құжаттарды – ұшақ билеттерін, қонақүйге ваучерді дайындап қойдық. Барлық даталары сонда бар, Түркияда тек тыныққанымыз көрініп тұр», – дейді Марина.
«Кейбір ресейліктер қытайлық шекарашыға жалынып, аяушылығын туғызуға жаттығуда. Мысалы: «Дяденька уважаемый пограничник, я бедный русский, у нас мало мест для отдыха» деген сөздерді қытай тіліне аудартып, жаттап, соны қытайлық шекарашыға айтып беруге бел буды», – деп жазды Tourdom.
Туроператорлардың мәліметінше, Түркияда ұзақ болғандарды Қытайға жібермеу оқиғалары шынында бірен-саран емес. Қытай тарапықосымша құжаттарды, ұшақ билеттерін, түркиялық әуежайдағы табло аясындағы фотоны, тіпті шыққан күні айқын көрінетіндей етіп, түркиялық газетпен суретке түсуді талап етеді екен.
Сондықтан туркомпаниялар бұдан былай Түркияда тынығатын және кейін Қытайға сапарлауды жоспарлаған ресейліктерге (қазақстандықтарға да артық болмас) осындай фотоларды алдын ала сайлап жүруге кеңес берді.
Бұл кезде тағы бір проблема бас көтерді: кейбір туристер Ыстамбұл әуежайында паспорттық бақылаудың автоматты жүйесін пайдаланыпты. Олардың паспортында мөр деген мүлдем жоқ.
Жанат Ардақ