Елде онлайн қорғасын құятын емшілер көбейіп барады
Қорғасын құю қызметі жаппай жарнамалана бастады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда әлеуметтік желілер арқылы «қорғасын құйып, қашықтан емдеймін» дейтін адамдар көбейіп келеді. Интернеттегі жарнамаларда «тіл-көзден сақтаймын», «жол ашамын», «бойды тазартамын» деген уәделер ашық айтылып жүр.
Тараз қаласының тұрғыны Мирай Нұсқабаева өзін 20 жылдан бері емшілікпен айналысып келе жатқан маман ретінде таныстырады. Айтуынша, ол адамдарға офлайн да, онлайн да ем жүргізеді. Алдымен бұл тәсілді туыстарына қолданып көрген, кейін түрлі дертке шалдыққан адамдар өздері хабарласа бастаған.
«Офлайн да, онлайн да ем жүргіземін. Нағыз емші екі тәсілді де қатар алып жүруі керек. Кейбір науқастарға медицина көмектесе алмайтынын айтқан соң, олар маған жүгінді», – дейді ол.
Емшінің сөзінше, қашықтан емдеудің де нәтижесі бар. Алайда қоғамда мұндай қызметке сенбейтіндер де аз емес.
Тұрғындар интернет арқылы «емдеу» ісіне күмәнмен қарайды. Кейбірі мұндай адамдардың кәсіби құзыреті мен рұқсат құжаттары бар-жоғына назар аудару керегін айтады.
«Дұрыс емес. Олардың лицензиясы бар ма, дәрігер ме – белгісіз», – дейді қала тұрғындарының бірі.
Тағы бірі: «Бұрын емшілердің бәрі науқастың үйіне барып, сол жерде ем жасайтын», – деп пікір білдірді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері қазақ қоғамында қорғасын құю дәстүрі болғанын жоққа шығармайды. Алайда интернет арқылы «жол ашу», «сиқырды табу», «бойды тазалау» сияқты қызметтер көрсету шариғат талаптарына сай емес екенін мәлімдеді.
Діни басқарманың шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлының айтуынша, дәстүрлі ғұрып қазіргі интернеттегі бақсылық сипаттағы әрекеттермен араластырылып, бұрмаланып отыр.
«Интернеттен көріп алып, «емдейміз», «сиқырды табамыз», «жол ашамыз» деген әрекеттер қазақтың дәстүрін басқа арнаға бұрып жіберді. Қазақтағы қорғасын құю ғұрпы мен қазіргі бақсы-балгерлердің түсініксіз амалдарын шариғат құптамайды», – деді ол.
Ал этнографтар қорғасын құю – ертеден келе жатқан ғұрып екенін айтады. Бұл рәсімнің негізгі мақсаты – шошынған баланың қорқынышын басу болған.
Этнограф Жанболат Қазанбаевтың түсіндіруінше, қорғасын құю көбіне көз тию, суық тию, қатты қорқу сияқты жағдайлармен байланыстырылған. Құйылған қорғасынның пішіні арқылы адамның шошынғаны немесе үрейленгені туралы жорамал жасалған.
Материал авторы