313

Экспортқа шығу арман: Ауыл шаруашылығы вице-министрі түйткілдер барын мойындады

Қазақстан мал шаруашылығы саласында әлемдік стандарттан неге қалып отыр? Ауыл шаруашылығы вице-министрі нақты мәселелерді ашып айтты.

Экспортқа шығу арман: Ауыл шаруашылығы вице-министрі түйткілдер барын мойындады
Dala.Camp Forum 2026

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Бурабайдағы Rixos қонақүйінде өтіп жатқан Dala.Camp Forum 2026 халықаралық мал өсірушілер форумында Қазақстанның мал шаруашылығы саласындағы ең өзекті мәселелері ашық айтылды.

Қазақстан, Орталық Азия елдері, Еуропа, Америка мен Таяу Шығыстан келген 250-ден астам делегат бас қосқан алаңда Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бердалин Аманғали Бисенбайұлы саладағы баяу өсім мен жүйелі реформаның жоқтығын мойындады. Оның айтуынша, «мал шаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен ғана шектелмей, экспортқа жұмыс істейтін бәсекелі салаға айналуы тиіс. Бірақ бүгінгі қарқын бұл міндетке сай емес».

Ресми дерек бойынша, мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 39 пайызын құрайды. 2025 жылы саладағы жалпы өнім көлемі 3,8 трлн теңгеге жеткен. Бір қарағанда өсім бар. Алайда жыл сайынғы 2-3 пайыздық баяу динамика саланың шынайы әлеуетін ашпай отыр.

Вице-министр мұны ашық айтты: қазіргі өнімділік әлемдік стандарттардан айтарлықтай төмен, ал бұл экспорт туралы үлкен жоспарларды сөз жүзінде қалдырып келеді.

Мал басы көбейгенімен, сапа мен өнімділік мәселесі шешілмеген. Соңғы бір жылда ірі қара 2,4 пайызға өсіп, 8,1 млн басқа жетті, ұсақ мал 20,5 млн басқа жеткен. Сүт өндірісі 3,8 млн тоннаға, ет өндірісі 1,2 млн тоннаға өсті. Бірақ бұл көрсеткіштер саланың құрылымдық әлсіздігін жасыра алмайды. Мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі, жеңілдетілген несиенің жоқтығы және ұзақмерзімді қаржыландыру тетіктерінің әлсіздігі инвестицияның жолын байлап отыр. Ақша бар, бірақ салаға келмейді. Себебі тәуекел көп, қайтарым баяу.

Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін министрлік 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын бекіткен. Құжатта жеңілдетілген несие беру, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, жемшөп базасын күшейту, ветеринарлық қауіпсіздікті нығайту, заманауи технология енгізу және экспорт нарығын кеңейту секілді шаралар бар. Вице-министрдің айтуынша, салаға серпін беру үшін 5-6 пайыздық мөлшерлемемен ұзақмерзімді несие іске қосылмақ. Алғашқы кезеңде ірі және ұсақ мал сатып алуға басымдық беріледі. Мақсат айқын: мал басын ғана емес, генетикалық әлеуетті жаңарту.

Жайылымды игеру де басты мәселе ретінде аталды. Жемшөптің әлсіздігі өнімнің өзіндік құнын өсіріп отыр. Осыған байланысты шалғай жайылымдарға инфрақұрылым тарту, су көзін ашу, көшпелі мал шаруашылығына арналған бірыңғай несие өнімі ұсынылды. Бұған дейін Ұлытау облысында 5,6 млрд теңгеге 35 шаруашылық құрылғаны, Қостанай облысының Торғай өңірінде 3 млрд теңгеге 20 шаруашылық ашу жоспарланып отырғаны айтылды. Бірақ жекелеген жобалар саланың жалпы жағдайын түбегейлі өзгерте алмайды.

Саланың ең әлсіз тұсы – кадр тапшылығы. Генетика, ветеринария, жемшөп өндірісі мен табынды басқару саласында білікті маман жетіспейді. Жастар ауыл шаруашылығына бет бұрмайды, кәсіби бағдар жүйелі жолға қойылмаған. Осы олқылықты жабу үшін солтүстік өңірлерде аграрлық бағыттағы сыныптар ашу, мал шаруашылығы мамандықтарына мемлекеттік грантты квоталау және оқу бітірген түлектерді кемінде үш жыл ауылда жұмыс істеуге міндеттеу ұсынылды. Ветеринар мамандардың жүктемесі де шамадан тыс: бір дәрігерге 1 750 шартты мал басы тиесілі, ал норма 750 ғана. Жалақы деңгейі төмен болғандықтан, салаға келетін жастар аз.

Экспортты кеңейту үшін ветеринарлық қауіпсіздік пен зертханалық бақылау күшейтілмек. Соңғы жылдары бірқатар елмен ветеринарлық сертификаттар келісілгенімен, нарыққа кіру үшін шекарааралық аурулар бойынша мәртебені жыл сайын растау қажет. Мемлекет зертханаларды қымбат жабдықпен жарақтандырып жатыр, бірақ инфрақұрылым мен бақылау жүйесін түбегейлі жаңартпай, шетелдік нарықта тұрақты орын алу қиын.

Министрлік 2031 жылға дейін ірі қара санын 12 млн-ға, ұсақ малды 28 млн басқа жеткізуді, ет өндірісін 1,8 млн тоннаға дейін арттыруды, ал ет экспортын екі еселеуді мақсат етіп отыр. Бұл – қағаз жүзіндегі жоспар емес, экономиканың нақты мүмкіндігін сынайтын меже.

Вице-министрдің өзі де бұл міндеттің бизнес қатысуынсыз орындалмайтынын жасырмады. Мемлекет енді нүктелік қолдаудан кешенді модельге өтпек: несие, субсидия, инфрақұрылым бір тетік ретінде жұмыс істеуі тиіс. Әйтпесе мал шаруашылығы тағы бірнеше жыл бойы баяу өсімнің шеңберінен шыға алмайды.

Материал авторы