727

Ізіңізге түсіп, сол үшін ақша сұрайтындарды Парламент заңдастырғалы жатыр

Жасырын аңду заңдастырылады, бірақ астыртын күйінде қалады.

Ізіңізге түсіп, сол үшін ақша сұрайтындарды Парламент заңдастырғалы жатыр
SMARTNEWS.KZ коллажы

Биыл аңду нарығы көлеңкеден жарыққа шықпақ. Қазақстанда парадокс қалыптасқан: жеке детективтер деген ресми түрде жоқ, алайда олардың қызметі интернет кеңістігінде еркін саудаланып жатыр.

Мемлекет «мұндай нарық жоқ» деп үзілді-кесілді мәлімдейді, ал нарық «біздің қызметіміз заңды» дегендей қалып танытып келеді. Екі тарап та бір-бірін біледі, бірақ оны жария түрде мойындауға асықпады.

2026 жылы осы екіұшты ахуалға нүкте қойылуға тиіс. Ішкі істер министрлігінің жоспары сондай. Лицензиялау, міндетті кәсіби сақтандыру және қатаң мемлекеттік бақылау арқылы жеке детективтік қызмет құқықтық өріске шығарылуға тиіс.

Көзге көрінбейтін елес нарық

Қазіргі таңда интернеттен детектив іздеп табу — қиын шаруа емес. Іздеуші сервистерге сұрау енгізсеңіз жеткілікті: түрлі атаумен тіркелген агенттіктер легі алдыңыздан қаптап шыға келеді.

Алайда Ішкі істер министрлігі мүлде өзге мәлімет береді: бүгінгі таңда Қазақстанда жеке детектив институты жоқ.

«Қазақстанда жеке детективтер институты жоқ. Сонымен қатар интернет желісінде жеке тұлғалардың детективтік қызмет көрсету туралы көптеген ұсыныстары бар, оларды жүзеге асыру барысында азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы мүмкін. Тиісті заңды қабылдау жеке детективтер мен детективтік агенттіктердің қызметін заңнамалық тұрғыдан реттеуге, сондай-ақ осы саладағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті белгілеуге мүмкіндік береді», - делінген министрліктің ресми түсіндірмесінде.

ІІМ Заң мен норма шығармашылығын үйлестіру департаменті басқармасының өкілі Әлішер Жармағамбетов мәселені нақтылай түсті.

«Бүгінгі таңда жеке детективтік қызмет саласындағы құқықтық қатынастар заңнамалық тұрғыдан бекітілмеген. Бұл салада қызмет көрсететін тұлғаларды мемлекеттік реттеу тетігінің болмауына орай бақылауды қамтамасыз ету де мүмкін емес. Ал мұндай тетіктің жоқтығы өз кезегінде аталған санаттағы субъектілердің қылмыстық мақсатта пайдаланылуына жол ашып, олардың халықтың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіру қаупін күшейтуі мүмкін», - деді сарапшы.

Ресми тілдегі түсініктемені тәржімаласақ, біз «сұр нарықпен» бетпе-бет келіп отырмыз: сұраныс бар, ұсыныс бар, бірақ құқықтық шеңбер жоқ,табыс бар, алайда салық пен жауапкершілік бұлыңғыр, оның үстінетәуекелдің ауыртпалығы — тек қоғамның мойнында деген сөз.

Лицензия дәуірінің бастауы

Мемлекет жеке детективтерді көлеңкеден шығарып, құқықтық кеңістікке енгізуді көздейді. Бұл ретте негізгі құралдар — лицензиялау, міндетті кәсіби сақтандыру және мемлекеттік бақылау болмақ.

Мәжіліс депутаттары бастамашы болған «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасының мақсаты — азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау құралдарын кеңейту.

Бұл нені білдіреді?

Біріншіден, азаматтар сот процесінде — азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерде — өз мүдделерін қорғау үшін ресми түрде детектив жалдап, кәсіби түрде ақпарат жинау көмегіне жүгіне алады. Қазір заңнама бойынша мұндай құқық адвокаттарға берілген. Алайда олардың көбі құжат пен айғақ жинауға не біліксіз, не құлықсыз.

Екіншіден, міндетті лицензия енгізіледі. Дайындықсыз, жауапкершіліксіз «ақпарат жинаушылардың» қызметіне тосқауыл қойылады. Тек лицензиясы бар маман ғана аңду, тінту, тексеру, сұраужүргізе алады.

Үшіншіден, қызмет басталған сәттен бастап әр детективтен 100% кәсіби сақтандырылу талап етіледі. Мегаполистерде жұмыс істейтін детектив үшін сақтандыру сомасы кемінде 1 000 АЕК (4 325 000 теңге), өзге өңірлермен шектелсе — кемінде 500 АЕК болады.

Төртіншіден, қатаң мемлекеттік бақылау орнатылады. Азаматтардетектив әрекетіне шағым түсіре алады. Бұған дейін мұндай құқықтық тетік нақты болмаған.

Заң жобасы мынадай міндеттерді алға қояды:

- кәсіпті өркениетті құқықтық шеңберге енгізу;

- азаматтардың мүдделерін қорғау;

- жеке өмірге заңсыз араласуды болдырмау;

- құқық қорғаудың заңды құралдарына сенімді арттыру.

Демек, лицензиясыз ізкесу қылмыс ретінде қаралады.

Сақтандыру: сенім мен жауапкершілік көпірі

Заң жобасының маңызды тетігі — кәсіби жауапкершілікті міндетті сақтандыру. Егер детектив кәсіби қателік жіберіп, клиентке зиян келтірсе, азамат өз шығынын жеңілдетілген тәртіппен өндіріп ала алады.

Сақтандыру жағдайы — кәсіби қателік салдарынан үшінші тұлғаның мүліктік мүддесіне зиян келтіру фактісі.

Кәсіби қателіктер қатарына мыналар жатады:

1.клиентке жасалатын құқықтық әрекеттердің салдары туралы уақтылы хабарламау;

2.клиенттен алынған құжаттарды жоғалту немесе бүлдіру;

3.детективтік құпияны заңсыз жария ету.

Келісімшартта бұдан өзге де әрекеттер (немесе әрекетсіздік) қамтылуы мүмкін.

Мұндай талаптар АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Жапония, Германия секілді елдерде бұрыннан бар. Яғни бұл — тосын тәжірибе емес, халықаралық құқықтық модельге жақындау әрекеті.

Кіру шегі: сапа сүзгісі ме, нарық тосқауылы ма?

Болашақ детективтерге қойылатын талаптар қатаң:

- жоғары заңгерлік білім;

- құқық қорғау немесе арнайы органдарда кемінде 7 жыл жедел-тергеу тәжірибесі немесе 10 жыл заңгерлік еңбек өтілі;

- лицензия;

- міндетті сақтандыру.

Бұл талаптар сапаны қамтамасыз етуге бағытталғаны сөзсіз. Бірақ жоғары кіру шегі бәсекені шектеп, қызмет құнын арттыруы мүмкін. Әлеуметтік әділет пен кәсіпкерлік еркіндік арасындағы нәзік тепе-теңдік дәл осы тұста сыналады.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның пікірінше, жеке детективтердің қызметін заңдастыру — кейінгі жиырма жыл бойы көтеріліп келе жатқан мәселе.

«Мәселен, егер қылмыс жасалса, билігі бар, байлығы бар, ықпалды біреу полиция басшысына қоңырау шалып, істі жауып тастауы мүмкін. Ықпалы жоқ адам не істей алады? Полицияның ештеңе таппадық дегеніне сенбей, жеке детектив жалдайды, оның лицензиясы болса,әрине, өз міндетін адал атқарады. Ол тапқан дәйектемелер, айғақ заттар қылмыстық істі ашуға қосымша дәлел бола алады. Сондықтан бұл саланы құқықтық тұрғыдан реттеу әлдеқашан пісіп-жетілді деп санаймын. Жеке детективтерге қойылатын негізгі талаптардың бірі — ішкі істер саласында кемінде 7 жыл жұмыс өтілі болуға, немесе ұзақ жыл заңгерлік тәжірибесі болуға тиіс», - деді мәжілісмен.

Осы жағдайда жуырда Үкімет жанындағы кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Төрағасы Премьер-министрдің орынбасарылттық экономика министрі Серік Жұманғарин жиынға жетекшілік етіп, тараптарды тыңдады. Бұл мәселенің үкіметтік деңгейде қаралуы — мемлекеттің нарықты ресми түрде мойындағанының белгісі. Комиссия заң жобасының тұжырымдамасын мақұлдап, оның әрі қарай ілгерілеуіне жол ашты.

Ендігі қалғаны тарих қойнауына «сүңгіп» бара жатқан Парламент Мәжіліс пен Сенат детективтерге қатысты заңнамалық түзетулер топтамасын толық пысықтап, қабылдап кетуге үлгере ме?

Жалпы, заң мәтіні әзірлеушілерге де, Үкіметке де, депутаттарға дамінсіз көрінуі мүмкін. Бірақ оның шынайы тиімділігін уақыт пен қолдану тәжірибесі ғана дәлелдейді.

Қазақстанда жеке ізкесу нарығы бар екені даусыз. Енді ол көлеңкеде қала ма, әлде құқықтық алаңға шыға ма — шешімі 2026 жылы қабылданбақ. Ал, оның нәтижесі заң баптарының өмірде қалай іске асатынында.

Материал авторы