268

Қазақстанда су тасқыны қаупі күшейді: Бектенов әкімдерге шұғыл тапсырма берді

1242 елді мекен қауіп аймағында тұр.

Қазақстанда су тасқыны қаупі күшейді: Бектенов әкімдерге шұғыл тапсырма берді
Үкімет баспасөзі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірқатар өңірінде көктемгі су тасқыны қаупі күшейіп отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов жағдайды талқылап, әкімдер мен министрліктерге жедел тапсырмалар берді.

Көкшетауда өткен төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі республикалық жедел штаб отырысында елдегі паводок жағдайы қаралды. Жиынға орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен облыс әкімдері қатысты.

Премьер-министр көктемгі су тасқынын күрделендіруі мүмкін негізгі факторларды атап өтті. Оның айтуынша, биыл қар қоры мол, жер бетінде мұз қабаты қалыптасқан, ал топырақтың қату тереңдігі жоғары. Мұндай жағдайлар қар еріген кезде судың тез жиналуына әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар кейбір өңірлерде су тасқынына дайындық толық аяқталмаған. Атап айтқанда, өзен арналарының түбін тереңдету, жағалауды бекіту, қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары толық бітпеген. Кей елді мекендерде қар шығару да жеткілікті деңгейде ұйымдастырылмаған.

Олжас Бектенов барлық өңірлер түрлі сценарийге дайын болуы тиіс екенін айтты. Әкімдіктерге бір апта ішінде қауіп-қатерді қайта саралап, су басу қаупі бар аумақтарды аралап, нақты шаралар қабылдау тапсырылды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, «Қазгидромет» болжамы бойынша наурыз бен сәуір айлары әдеттегіден жылы болады. Сонымен қатар елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болуы мүмкін.

Су тасқыны қаупі Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстары, сондай-ақ Ұлытау мен Жетісу өңірлерінде де тіркелген. Ал Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында қауіп деңгейі төмен деп бағаланып отыр.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елдегі су нысандарының жағдайы туралы есеп берді. Қазақстанда 1395 гидротехникалық құрылыс бар. Оңтүстік өңірлердегі су қоймалары қазір су жинау режимінде жұмыс істеп жатыр, ал басқа аймақтардағы нысандар жоспарлы тәртіпте қызмет атқаруда.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Аринов 1 наурыздан бастап ведомствоның жедел штабы тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Қазір гидрологиялық жағдай мен қауіпті аумақтарға тұрақты мониторинг жүргізілуде. Ел бойынша су тасқыны қаупі бар 1242 елді мекен анықталған.

Мүмкін болатын төтенше жағдайларға дайындық үшін азаматтық қорғау қызметтерінің республикалық және өңірлік күштері жұмылдырылған. Жалпы саны 39 мыңнан астам адам, 18 мыңнан аса техника мен арнайы құрал әзірленген. Барлық қызметтер жоғары дайындық режиміне көшірілген.

Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, су басудың алдын алу үшін жоспарланған шаралардың 92 пайызы орындалған. 830 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері мен валдар салынды, 1128 шақырым дренаж жүйелері мен каналдар жөнделіп немесе қайта салынды. Сонымен бірге жолдар мен теміржолдарда 934 су өткізу құрылысы орнатылып немесе жаңартылды.

Биыл Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары мен Абай облысындағы 31 елді мекенде су тасқыны қаупі ерекше назарда тұр. Премьер-министр бұл деректерді өңір әкімдіктеріне шұғыл жеткізіп, алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша, ұзындығы 160 шақырым болатын автожолдардың 229 қауіпті учаскесі бақылауға алынған. Бұл аумақтарды қадағалау үшін 2,5 мыңнан астам техника жұмылдырылған.

Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың мәліметінше, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Абай өңірінде мұз қабатының қалыңдығы 4 сантиметрге дейін жеткен, ал топырақ екі метрге дейін қатқан. Таулы және жазық аймақтарда қар қоры да көп жиналған. Мұндай жағдайда өзендердегі су деңгейі көтерілмей тұрып-ақ даладағы қар еріп, ерте көктемгі тасқын басталуы мүмкін.

Материал авторы