Ұлытау ұлт ұясы ма, әлде биліктің «бас ауруы» ма?
Өңірді тіпті содан сайланған депутаттардың өзі «артта қалған» деп жүр.
Осыдан төрт жыл бұрын үлкен үмітпен шаңырақ көтерген жаңа облыс бүгінде дотацияға босағадан қол жайған «кедей туыстың» күйін кешуде. Ұлытаудың ұлылығы пафосты жиындарда қалып, нақты тіршілікте «қалдық қағидатының» құрбанына айналып бара жатқандай.
Символизмнен — реализмге: ақ шатыр астындағы уәде
Тікелей Президент Тоқаевтың перзенті саналатын, соның бастамасымен және Жарлығымен, «қанды қаңтардың» ызғары басыла қоймаған шақта, 2022 жылғы 8 маусымда құрылған, қазақ елінің қақ ортасында орналасқан жаңа Ұлытау облысы елдің құтына айналуға тиіс еді.
«Қос биліктен» құтылып, мемлекет тізгінін нық ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 маусымда, өзі ойлап тапқан Ұлттық құрылтайдың I отырысын ырымдап, ұлт ұясы Ұлытау жерінде өткізгені белгілі. Сонда ол: «Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз!» деп жариялады. Бәрі-бәрі зор символикаға толы болатын.
Кейін Шавкат Мирзиёевтің «Yangi Oʻzbekiston» стратегиясының көшірмесіне ұқсайтын «Жаңа Қазақстан» концепциясынан ел басшылығы бас тартып, «Әділетті Қазақстан» деп қайта есім бергені, соны кеше қабылданған жаңа Ата заңда бекіткені мәлім.
«Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз! Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізуге ұйғарым жасалды. Ұлық ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесінің іргесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз — осы!» — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы сол отырыста.

Сурет: Ақорда
Сонда халық орнынан дүрк көтеріліп, дүбірлете қол соғып еді. «Ұлытаудағы ұлық жиын!» деп билікке жақын бүкіл зиялы тебіренген еді.
Бюджеттік «диетаға» отырғызылған облыс
Содан бері Ұлытау түлеп кетті ме? Барлық пафос сонымен біткенге ұқсайды. Сол кездегі асқақ рух бүгінде бюджеттік цифрлардың ызғарынатап болды. Биліктің өңірге махаббаты «бал айынан» кейін суығандай: өңір жыл сайын субвенция бөлу кезегінде ең соңында тұрады.
Үкімет пен Парламенттің Ұлытауға деген дәстүрлі «жомарттығы» таңғалдырады: сол дәстүрінен еш жаңылмай, 2026 жылға арналған республикалық бюджетте де бұл аймаққа небәрі 60 млрд 763 млн теңге дотация тастады. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл — елордадағы орташа бір бизнес компаниясының жылдық айналымы ғана.
Республикалық бюджеттен субвенция алу жөнінен Ұлытау дотациялы 16 өңірдің арасында 15-ші орында. Одан төмен тек Павлодар ғана тұр. Бірақ Павлодар — өндірісі өркендеген алпауыт, өзін асырайды. Президенттің өзі күні кеше мақтаған «Долина ЦОД» дата-центрлар қалашығы сонда салынуда.

Сурет: Ақорда
Ал, Ұлытау — іргесі енді қаланған, жыртығы жамалғанша жаны шығуға шақ қалған жас облыс. 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің өзі бұл теңсіздікті байқап, «инфрақұрылымы ең нашар өңір» деп Ұлытауды сын нысанасына алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз тапсырмасымен былтыр 2030 жылға дейін аймақтарды дамытуға арналған тұжырымдама бекітілгенін еске салды. Содан кейін өңірлер гүлдене жөнелуге тиіс еді.
«Аймақтардың экономикасы тұрақты өсіп-өркендеп келеді. Бірақ шешімін таппаған мәселелер бар. Аймақтардың инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі әр өңірде әртүрлі. Қажетті инфрақұрылымның болмауы облыстардың дамуына және халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, жаңадан құрылған Ұлытау облысында инфрақұрылым жеткіліксіз!», — дей келе, Тоқаев осы аймақтың дамуына айрықша назар аударатынын ескертті.
Президенттің өзі сынаса, ахуалы шынымен жыларман болса керек.
Депутаттардың «жанақайы»: өңірдің таусылмас тауқыметі
Осы облыстан сайланған сенатор Серік Шайдаров Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қ.Тоқаевтың бұдан былай «республикалық бюджеттен бірінші кезекте тек нақты өңірдің жалпыұлттық деңгейден артта қалуын қысқартуға арналған жобаларды қаржыландырылуды» жүктегенін еске салды. Осы арқылы елдің жекелеген өңірлерін дамытуда ауытқуға жол бермеу мақсат етіледі.
«Біз, Ұлытау облысынан Сенат депутаттары, аталған мәселелерді бірнеше рет көтергенбіз. Көршілес Қызылорда немесе Түркістан облыстарындағы даму динамикасы біздің өңірдің дамуымен салыстыруға келмейді. Ұлытау облысының жалпыхалықтық деңгейден артта қалуын қысқарту үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру қажет деп санаймыз. Бұл Президент тапсырмасын орындаудың бір үлгісі болар еді», — деді Үкімет басшысына хатында Серік Шайдаров пен Советбек Медебаев.

Сурет: @senate_kz
Депутаттар бұл өңір шешілмеген «тау-тау» мәселелердің астындақалғанын жасырмайды. Ең маңыздылары мыналар екен:
- «Жезқазған қаласы Айдос кен орнының жерасты суларының су қабылдағыш құрылыстарын қайта жаңарту» 2-кезек бойынша 2025 жылға 1,3 млрд. теңге бөлінді, шын қажеттілігі 6,8 млрд. теңге;
- «Сәтбаев қаласы Есқұла кен орнының жер асты суларының су қабылдағыш құрылыстарын жаңғырту» 2025 жылға 700 млн. теңге бөлінді, қажеттілігі 4,8 млрд. теңге;
- «Жезқазған қаласының шаруашылық-ауыз су тазарту құрылысын қайта жаңарту, 2, 3 кезек» жобасы бойынша қымбаттауды ескере отырып — 10,2 млрд. теңге қажеттілік әзірге қолдау тапқан жоқ.
«Бұл жобаларды аяқтамай, Жезқазған, Сәтбаев қалаларын және Кеңгір кентінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мүмкін емес. Жылумен жабдықтау бойынша негізгі проблема — қуаттың жетіспеушілігі болып қала берді. ТЭЦ-2 құрылысы әлі шешілмеген. Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы тозығы 60%-ға жеткен жылу желілерін жөндеу үшін 15 млрд. теңге қажет. Жыл сайын экологиялық жағдай алаңдататын Сәтбаев қаласының қазандығы жаңғыртуды талап етеді», — деді С.Шайдаров.
Әр саласы көмескі, астары пессимизмге толы. Тіпті ел басшылығының басымдығы саналатын білім, ғылым және мәдениет салаларында да Ұлытауда жоспарланған жобаларды іске асыру кешіктірілуде. Денсаулық сақтау саласында перинаталдық және онкологиялық орталықтарды салу жобасын іске асыру мәселесі созылуда. Тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы алға жылжымаған. Ауыл шаруашылығында серпінді жобалар жоқ, саланың инфрақұрылымы дамымаған, дейді сенаторлар.
Мысалы, ел Президенті 2022 жылы жаңа облысты құрғанда, оны 1,5 жыл ішінде сапалы ауыз сумен қамтуды тапсырды. 2010 жылдан «салынып»жатқан Есқұла су құбыры құрылысы әлі күнге аяқталмапты!
Ұлытаудағы асфальтсыз болашақ
«Мысалы, аса маңызды инфрақұрылымдық жоба ретінде «Қызылорда —Жезқазған» автожолын қайта құру жұмыстары сол 2022 жылы бастамалық түрде көтерілген еді. Бірақ, нақты орындалу қарқыны көңіл көншітпейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл жұмыстың қарқынын сынға алып: «Қызылорда — Жезқазған автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмысы бірқатар аймақтың, оның ішінде жаңадан құрылған Ұлытау облысының дамуына тың серпін беруі керек еді. Бірақ жөндеу жұмыстары өте нашар жүргізілуде», - деп ғалымдармен кездескенде атап өтті», — дейді сенатор.
2025 жылы жұмыстар Ұлытау облысы шекарасынан Жезқазған қаласына қарай басталғанда, халықтың қуанышында шек болмап еді. Алайда бүгінде жөнделуге тиіс жол учаскесі — 208 шақырым жол жұмыс кестесінен айтарлықтай арттап қалды. Өзі 8 лотқа бөлінген автожолдың 4 лотының жұмысы мардымсыз, бұл шамамен 108 шақырым жол учаскесін құрайды, дейді сенаторлар.
2025 жылғы 14 қарашадағы жағдай бойынша, жұмыстарды жүргізу кестесіне сәйкес, жалпы құны 10,8 млрд теңге болатын №9 учаскеде игеру сомасы небәрі 300 млн теңге болыпты, бұл 3% ғана!
Құм-қиыршық тас қоспасы, негіздің жоғарғы қабаты, асфальт қабаттары бойынша жұмыс 0%! Жоспарланған 101,5 мың текше метр қиыршық тастың тек 1,5%-ы ғана жеткізілген, битум мүлде жоқ. Техника да жеткіліксіз. Асфальтбетон зауыты жоқ.
Депутаттардың дерегінше, №11 — ең проблемалық учаске. Учаскенің ұзындығы — 32 шақырым. Жоспар бойынша 19 шақырым жолы 2025 жылы салынуға тиіс еді. Бұл осы учаскенің 60%-ы. Алайда жер жұмыстарының өзі небәрі 30%-ға орындалған, қалған барлық 6 жұмыс түрінің орындалу — 0%! Асфальтбетон зауыты орнатылмаған. Жалпы құны 15,9 млрд теңге болатын жобаның игеруі небәрі 3%! Бұл қарқынмен 2025 жылы жол бітеді деу — қиял-ғажайып ертегіге сенумен бірдей.
Оу, әкім не істеп отыр?
Ұлытау өңіріне жуырда сапарлап қайтқан «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттарының төбе шашы тік тұрыпты. Олардың берген бағасы қысқа: «депрессивті өңір».
Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың пікірінше, олар шалғай ауылдарды аралағанда, жұртшылықтың көтерген мәселелері егіз қозыдай ұқсас болған. Сонда «әкім не істеп отыр?» деген сауал туады. Ұлытау облысы басшысы бар, бірақ басқаруы сезілмейтін «елес аймаққа» айналып бара жатқандай.
«Кездесулер барысында көтерілген мәселелердің басым бөлігі мамандардың тапшылығы, жастардың ауылдан жаппай көшуі, ветеринарлық сала деңгейінің төмендігі, ауыз судың, көліктің, жолдың жоқтығы, жалпы ауылдық инфрақұрылымның тозуы және басқасы. Аталған мәселелерді жергілікті бюджеттердің қаражатымен ғана шешу мүмкін емес», — деді депутат Дайрабаев.
Оның ойынша, Ұлытау облысына арналған арнайы кешенді әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын қайта қарап, республикалық бюджеттен қосымша трансферттер бөлу керек.
Бектеновтың «бюджеттік ребусы»
Премьер-министр Бектеновтың кабинеті Ұлытауға қосымша дотация бөлгісі келмейді: «артық ақша жоқ» дегенді ишаралады. Үкіметтің ұстанымы қарапайым: 25 салықты жинауды өңірлерге бердік, әкімдер пысық болсын, бизнесті өркендетсін, одан жинағанын тиімді жұмсасын.
«Қазіргі уақытта Үкімет IV деңгейлі бюджетті нығайту бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда. Ауылдық округтердің бюджеттері 25 түрлі салықтық және салықтық емес түсімдер, сондай-ақ аудандық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен қалыптастырылуда», — деді Олжас Бектенов.

Сурет: @KZgovernment
Бірақ сол 25 түрлі салықтан облысты аяққа тұрғызатындай табыс «сауа» алмаған әкім қырсыз ба, әлде далада кәсіп қылғаннан гөрі көшіп кеткенді жөн санаған бизнес кінәлі ме? Бұл — Астанадағы ақ жағалылар бас қатырғысы келмейтін, бірақ Ұлытау жұртын тығырыққа тіреген басты сұрақ.
Материал авторы