Бұл сессия бар болғаны жүз күнге созылды.
Бірінші сессия барысында Палаталардың 3 бірлескен отырысы болды. Сенаттың 12 және Мәжілістің 15 жалпы отырысы өтті. Сондай-ақ 120-дан астам мәселе қаралды. Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болды, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға Президент қол қойылған болатын.
Парламент жұмысын жалпылама қорытындылай келе, Ерлан Қошанов Министрлер кабинетінің Парламентке деген көзқарасын да сынға алды.
"Үкіметпен бірлесе жұмыс істеу кезіндегі кейбір мәселелерге де тоқталып өткім келеді. Біріншіден, Үкіметтің заңға бастамашы болу жұмысы тиісті деңгейде атқарылмай отыр. Қоғамда шұғыл шешімін күтіп отырған түйткілді мәселе көп екенін білесіздер. Олар, бірінші кезекте, заңнамалық тұрғыдан шешуді қажет етеді. Өкінішке қарай, бұл жайттарға Үкімет дер кезінде көңіл аударып, қажетті заң жобаларын Мәжіліске уақтылы ұсынбай отыр. Сондықтан депутаттар осы өткір мәселелерді шешуді жедел түрде өз қолына алып, тиісті заң жобаларына бастамашы болуға мәжбүр. Осы орайда Үкіметке белсенділікті арттырып, келесі сессияға нақты әрі қоғамға қажет заң жобаларын әзірлеуді және Парламентке енгізуді тездетуге тиіс", - деп түсіндірді Қошанов.
Қошанов сондай-ақ депутаттардың түзетулері мен толықтыруларына Үкімет қорытындысын қарау тым ұзақ мерзімге созылатынын да сынады.
"Белгіленген тәртіп бар. Бірақ ол тәртіп көп жағдайда сақталмай отыр. Соның салдарынан кейбір заң жобаларының қабылдануы кідіріп тұр. Сондықтан Үкіметке қорытындыларды келісу рәсімін қайта қарау керек деп санаймыз. Біз жұмысымызды жаңа бастадық. Алдағы уақытта мемлекеттік органдар депутаттардың бастамаларын қараған кезде ведомстволық мүддемен шектелмеуге тиіс", - дейді Мәжіліс Төрағасы.
Тағы бір мәселе – пленарлық отырыстарға, жұмыс топтарының отырыстарына қатысатын мемлекеттік органдар басшыларының дайындығы әлсіз.
"Жалпы отырыстарға, жұмыс топтарына келетін мемлекеттік органдар басшыларының дайындығы төмен. Жауаптарының сапасы сын көтермейді. Бұл депутаттық сауалдарға берілетін жауаптарға да қатысты. Біз депутаттық сауалдарда халықты толғандыратын өзекті мәселелер көтеріп, сайлаушылардың тілегі мен аманатын жеткіземіз. Өкінішке қарай, бізге толық жауаптың орнына жалпылама, сырғытпа жауаптар ғана келеді. Егер бұл жағдай жалғаса берсе, болашақта депутаттық сауалға ауызша жауап беру үшін біз Үкімет мүшелерін арнайы шақыртуға мәжбүр боламыз", - деп түйіндеді Ерлан Қошанов.
Қошанов келесі сессия қыркүйекте басталатынын, десе де депутаттарда анау бір айтқандай демалыс болмайтынын айтты. Олар келесі аптадан бастап, қаралып жатқан заң жобаларын халықпен бірге талқылап, олардың пікірлерін білу үшін өңірлерді аралайды.
Одан бөлек, отырыс соңында сенаторлардың бірі Парламенттің бірінші сессияны жабу туралы қаулысына, парламенттің демалысқа шығуына қарсы дауыс берді.
Ал екінші сессияда не болмақ? Ерлан Қошановтың сөзінше, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша депутаттар салық, бюджет, су, қала құрылысы кодекстері, мемлекеттік сатып алу, ғылым және технологиялық саясат туралы заң жобаларымен жұмыс жасайтынын болады.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың наурызындағы сайлаудан кейін Мәжілістің қазіргі сегізінші шақырылымында – алты саяси партияның өкілдері, сондай-ақ бір мандатты округтер бойынша сайланған депутаттар отыр. Бұл жолғы сайланған депутаттар заңсыз алынған активтерді қайтару туралы, жол қозғалысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, электросамокат жүрісі мен онлайн платформалар туралы заңдарды қабылдаған болатын.
Дана Асылбек