Мемлекет басшысы былтыр Алматы тұрғындарымен кездесуі барысында, жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе екенін бас айтқан болатын.
«Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Әкімдік жалға берілетін тұрғын үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ, жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс. Жалпы, Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады. Қалада тұрғын үй тапшылығын азайту – аса маңызды міндет. Келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағдай құрылыстың қарқынын күшейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті, жаңа жерлерді игеру керек. Қалада 1500-ге жуық ескі үй бар. Шағын аудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мегаполистегі «Алматы жастары» бағдарламасы аясында биыл 1 100 алматылық жас баспаналы болады.
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, қалалық тұрғын үй бағдарламасына білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, коммуналдық қызметтер, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, құқық қорғау органдары, мәдениет, БАҚ және спорт саласының қызметкерлерінен барлығы 11 104 өтінім келіп түсті. Олардың талаптарға сәйкестігі тексеріліп, нәтижесінде 3 631 өтінім мақұлдау алды.
Бағыттар бойынша жинаған ұпайларына байланысты 1 100 үміткерге сайттағы жеке кабинетке «Отбасы банк» АҚ-да төлем қабілеттілігін растау үшін жолдама берілетін болады. Жолдама алған өтініш берушілер төлем қабілеттілігін бағалаудан өту үшін 15 жұмыс күні ішінде «Отбасы банк» АҚ-ның кез келген қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет. Төлем қабілеттілігін сәтті растаған қатысушылар 45 күнтізбелік күнде бастапқы және қайталама нарықтардағы тұрғын үйді таңдай алады. Оң бағаланған қалған 2 531 қатысушы негізгі тізім төлем қабілеттілігінен өткенге дейін резервте болады.
«Алматы жастары» бағдарламасы 2017 жылы басталған болатын. Қазіргі таңда қаланың жас тұрғындары арасында өте танымал. Осы уақыт аралығында біз қала басшылығымен бірлесіп 3 393 жас азаматты 52,5 млрд теңгеге баспанамен қамтамасыз еттік. Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға 20 млрд теңге бөлінді, оның 17 млрд теңгесі – қалалық бюджеттен, 3 млрд теңгесі – Отбасы банкінен. Бұл қаражат 1 100 алматылық тұрғынның баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ қалалық филиалы директорының орынбасары.
Бұдан бөлек, былтыр түрлі жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың арқасында Алматыда көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен жұмысшы жастарды қосқанда 3 167 адам пәтерлі болды.
«Шаңырақ» (5-10-20) және «Бақытты отбасы» (2-10-20) несиелік бағдарламалар бойынша тұрғын үйді тиісінше 1988 және 162 адам сатып алды. «Алматы жастары» бағдарламасына 971 адам қатысты. Жалдамалы баспана алу құқығын 46 алматылық пайдаланды.
Әкімдікте есепте тұрған, тұрғын үйге мұқтаж азаматтар «Шаңырақ» пилоттық жобасының қатысушылары бола алады. Соңғы алты айдағы әрбір отбасы мүшесінің табысы айына 3,7 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек. Тұрғын үйді кез келген жаңа тұрғын үй нысандарынан сатып алуға болады. Оларды әкімдіктер, «Шаңырақ» бағдарламасы аясында да, жеке құрылыс жүргізушілер де сала алады. Тұрғын үйді үлестік қатысу шарты бойынша да сатып алуға болады (пайдалануға берілмеген), бірақ құрылыс салушыда тұрғын үй құрылысының Бірыңғай операторы – «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі болуы керек.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына тұрғын үйге көп балалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедек адамдар, жетім балалар және мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар үміткер бола алады. Тұрғын үйді өтініш беруші әкімдікте кезекте тұрған аймақта ғана сатып алуға болады. Кезек тізімін «Shanyraq» бөліміндегі kezekte.kz веб-сайтынан тексеруге болады. Негізгі табыс болған жағдайда несие беріледі. Негізгі табыс еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін болуы керек. Осы бағдарламаларға қатысу шарттары туралы толығырақ ақпарат банктің сайтында жарияланған.
Алматы қаласының әкімдігі тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға көрсетілетін көмек көлемін дәйекті түрде арттырып келеді. 2023 жылы мемлекеттік бағдарламалар бойынша 5 266 адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған:
- «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша несиелік тұрғын үйді 2 715 отбасы алады;
- 401 отбасыға (көпбалалы отбасыларға - 185 пәтер, халықтың әлеуметтік осал топтарына - 216 пәтер) жалға берілетін пәтер беріледі;
- «Алматы жастары» бағдарламасын кемінде 1 100 адам пайдаланады (әкімнің шешімімен 2023 жылдан бастап денсаулық сақтау және білім беру саласының қызметкерлері үшін 100 пәтерге көбейтілді);
- 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар үшін 1 050 пәтерді жалға беріледі.
Айта кетсек, бүгінде Алматыда тұрғын үйге кезегінде 38 139 азамат тұр.