Ал бұл үлкен кемшілік, қазақы рухтың кеміп кеткені. Қазақта ата-ананы ренжіту, қорлау, тағдыр тәлкегіне тастап кету деген нәрсе болмаған шығар. Ал осы күні қоғамымызда ондай адамдар бар. Өкінішті-ақ.
Жақында Ақтөбеде бір азамат өзі бірге тұрып келген нағашы әжесін, анасының бауыры болып келетін нағашысын бүкіл отбасымен үйден шығару туралы сотқа арыз түсірген. Сөйтіп бәрін үйден қуып, жалғыз өзі тұрғысы келген.
Нағашы әжесі түрлі созылмалы аурулары бар сырқат адам екен. Осыдан 30 жылдай бұрын отағасымен бірге үйді салып, сол жерде балалары мен немерелерін өсіріпті. Осы күнге дейін отағасы өмірден өткен болса керек. Үй нағашы апасының атында болған. Осы күнге дейін коммуналдық қызметтердің төлемі мен жер, мүлік салығын апасы төлеп келеді екен.
Ал бұдан сегіз жыл бұрын қызы анасын «үйіңізді ұлымның атына өткізіңіз» деп айналдырады. Анасы ақыры көніп, жиеніне, яғни қызының ұлына өзінің үйін мұрагерлікке сыйлайды. Енді сол үйге егелік етіп отырған жиені нағашы апасын сотқа беріп, үйден шықсын, өз еріктерімен босатпай жатыр, бала-шағасы мен немерелерін де түгел алып кетсін де үйімді өзіме қалдырсын деп арыз береді.
Арызды Ақтөбе облыстық соты қабылдап, өндіріске алды. Арыз беруші өзінің талабын үйдің заңды және жалғыз иесі екендігіне негіздеген. Бірінші сатыдағы сот зейнеткер апайды және оның сол үйде тұратын ұлы мен бала-шағасын үйден шығару туралы шешім шығарды. Ал кейінгі апелляциялық алқа бұл шешімді өзгертті. Мұнда үйдің бұрын апайға тиесілі болғаны, мұрагерлікке сыйлағанда өзінің жалғыз баспанасынан айырылғаны, зейнеткер екені, құлағы нашар еститіні, созылмалы аурулары бар екені, диспансерлік есепте тұратыны, кардиологқа және басқа дәрігерлерге жиі көрінетіні ескерілген. Заң бойынша азаматтар өз әрекетімен өзгелерге зиян келтіруіне, құқықты қисынсыз формада белден басуына, құқықтың өз орнына қайшы мәнде жүзеге асырылуына жол берілмейтіні түсіндірілген.
Міне, бұл жақын күндерде болған бір ғана жағдай. Ал осыған ұқсас оқиғалардың қаншамасы өтіп жатыр. Балаларынан жылулық пен қамқорлық көрмегендіктен қарттар үйіне кеткісі келетін ата-аналар да, немесе ата-анасын қарттар үйіне мәжбүрлеп апарып тастайтын балалар да жетіп артылады. Жақында Алматы облысындағы ауылдардың бірінде шу шықты. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, ауылдағы бір отбасының жағдайын айтып шу көтерген сол ауылдың адамдары. Айтыстарына қарағанда үйде ауру-сырқау кемпір мен шал тұратын көрінеді. Ал жан-жақта жүрген балалары кемпір-шалдың зейнетақы алатын күніне туралап жиналады екен. Келген бойда зейнетақыны талан-тараж етіп қайта тарап кетеді екен. Ал ауыл әкімдігі оларды қарттар үйіне апарайын десе балаларының келісімін ала алмай жүр. Шал осы күні төсек тартып жатып қалған екен, ал кемпірі ауыл ішінде жүріп-тұруға ғана жарайды. Әкімдік азық-түліктен, медициналық көмек пен дәрі дәрмектен көмектесіп тұрады, ауруханаға да жатқызыпты. Өте қиын жағдай ғой.
Қостанай облысының шалғай ауылында бір үйде жалғыз өзі тұратын зейнеткер ширек ғасырдан бері электр жарығы дегенді көрмей келеді екен. Керосинге малынған пілтенің жарығымен отырады, пешке ағаш жағады. Шалғай ауылда екі-ақ үй қалған екен. Соның бірі жалғыз тұратын әлгі зейнеткер. Ауыл әкімдігіндегілер сол екі үйді орталыққа көшіре алмай келеді. Себебі қозғалмайды, үйлерін тастап көшкілері келмейді. Ал алыс шалғайдағы екі үй үшін электр желілерін тарту ақылға қонымсыз, тым қымбатқа түседі. Бұған бюджеттен қаржы сұрап та көрген екен. Бірақ бас тартылған. Әрине, екі үйге алыстан желі тарту бекершілік іс. Бұрынғы желілер мен бағаналардың бәрі осы күнге дейін қолды болып, жұрнағы да қалмаған. Әлгі зейнеткер осы ауылда мал сою бекетінде жұмыс істеген екен. Қазіргі отырған ескі үйін сол заманда 350 сомға сатып алыпты. Бауыр басқан үйін қимаса керек, қайтсін енді.
Мұның бәрі бер жағы. Ал өткен жаз ортасында Атырау облысында зіңгіттей жігіт өзінің әкесін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Әкесі зейнеткерлік жасқа былтыр ғана жеткен екен.
Шыны керек, осы сияқты сұмдық оқиғаларды жиі естіп төбе шашымыз тік тұратын болдық. Адамдардың арасында ардан безіп, жүректері тасқа айналғандардың болуы жақсы емес. Қазір аз болғанымен, келе-келе көбеюі де мүмкін. Дәстүрлі қазақы тәлім-тәрбиенің орны қалмай барады.