ХАМАС ұйымының көшбасшысы Яхья Синвар деген кім?

24.11.2023, 16:07
745
ХАМАС ұйымының көшбасшысы Яхья Синвар деген кім? ашық дереккөзден

Өліспей беріспей табандап отырған ХАМАС ұйымының көсемі кім, ол қандай адам? Назарларыңызға осы адам туралы деректерді ұсынсақ дейміз.

АҚШ-тың және Катар елінің араласуымен Газадағы ХАМАС ұйымының жетекшілері мен Израиль билігінің арасында соғысты бес күнге тоқтату жайлы келісім жасалды. Ол кешегі бейсенбіде басталуы тиіс еді. Бірақ бір күнге созылып, бүгін, яғни 24-қарашада басталатын болған. Келісім бойынша сол бес күннің ішінде ХАМАС кепілдіктегі 50 адамды күніне он-оннан босатады. Босатылатындар жас балалар мен әйелдер. Қалған 200-дей адамды босату туралы мәміле әзірге жоқ. Ал бес күнде Израиль түрмесінде жатқан ХАМАС адамдарының 150-і босатылады. Түрмеде ХАМАС ұйымының адамдары әлі көп. Мүмкін осылай адам айырбастау алда тағы да жалғасар. Бұл бес күндік тыныштықтың соңынан соғыс тоқтайды деуге әлі ерте. Соғыс жалғаса бермек. Израиль ХАМАС ұйымын толық жоймай тыншымайтын сыңай танытып отыр. Осы күні жер астындағы ұялары мен бункерлерін дәлдеп атқылап жатыр. Соғысты тоқтатуға араб елдері мен АҚШ бір жағынан және Түркия, Қытай, Ресей елдері тарапынан екінші жағынан әрекет бар. Бұл елдердің өкілдері кездесіп өзара консультация өткізіп жатыр. Ал Газада қаза болған адамдардың саны 13 мыңнан асып жығылды. Айтпақшы бес күн тыныштықта Газаға сырттан гуманитарлық және медициналық көмек пен жанармай көбірек жеткізіледі деп жатыр. 

Газа эпидемиялық аурудың ошағына айналуға шақ қалып тұр. Себебі үйінділердің астында ұзақ күндерден бері жатқан өліктер бар. Халықта су мен азық, дәрі-дәрмек тапшы. Өліспей беріспей табандап отырған ХАМАС ұйымының көсемі кім, ол қандай адам? Назарларыңызға осы адам туралы деректерді ұсынсақ дейміз.  

ХАМАС ұйымының қазіргі көшбасшысы 61 жастағы Яхья Синвар есімді жергілікті араб. Газа аймағында жеке дара билік құрып, Палестина автономиясына бағынбай кеткен ХАМАС ұйымының басшылығына ол 2017 жылы сайланды. Оған дейін бұл ұйымға Исмаил Хания деген адам басшылық етті. 

Көшбасшы болып сайланғанға дейін Яхья Синвар ХАМАС-тың саяси жетекшісі, яғни екінші адамы еді. Ендігі саяси жетекші Исмаил Хания. Яғни ХАМАС ұйымының басында тұрған екі адам 2017 жылы орын алмасқан. Ұйымды ең негізгі деген үш адам басқарады. Біріншісі көшбасшы Яхья Синвар, екіншісі саяси жетекші Исмаил Хания, үшіншісі әскери қолбасшы Мохаммед Ад-Дейф деген адам. ХАМАС-тың барлық әрекеттерін, ішкі және халықаралық қатынас мәселелерін осы үш адам жоспарлайды және шешім қабылдайды. 7-ші қазанда Израильге басып кіріп, топалаң салуды және террорлық әрекеттерді жасауды жоспарлап, жүзеге асырған да осы үш жетекші. 

Сонымен, біз жоғарыда айтқанымыздай, Яхья Синвардың жеке басы жайлы деректерге тоқталамыз. Ол 1962 жылдың 29-қазанында Израильдің Акшелон қаласында босқындар лагерінде туған. Мектепті бітірген соң Газадағы Ислам университетін тәмамдап, араб тілінің бакалавры атанған. Бірақ мамандығы бойынша еңбек етпей, радикалдық ұйымдардың жұмысына араласқан. «Изз ад-Дин аль-Кассам» деген ұйымның белсендісіне айналған. Израильге астыртын қызмет еткен палестиналықтарды анықтап, оларды қатыгездікпен өлтірумен айналысқан. Газадағы радикалдық ұйымның әскерін қалыптастырудың негізін қалады. Оның қалыптастырған қарулы жасақтары келе-келе ХАМАС-тың әскеріне айналды. 

Оған дейін, 1989 жылы Израиль соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырып, түрмеге жапты. Түрмеде ол ауыр сырқатқа ұшырады. Миында пайда болған қатерлі ісікті Израиль дәрігерлері ота жасап алып тастап, құлантаза жазылып шықты. Содан кейін түрмеде жазасын өтеуі жалғасты. Шекарадағы кішігірім қақтығыстардың бірінде, 2011 жылы ХАМАС ұйымының адамдары Израильдің Гилад Шалит деген бір жауынгерін кепілдікке әкеткен екен. Бір адамы болса да құтқаруға бар мүмкіндікті қарастыратын Израиль үкіметі әлгі қолды болған жауынгерін тірідей қайтарудың жолын іздейді. Израиль өзінің әр адамының амандығы үшін ештеңені аямайтынын білетін ХАМАС ұйымы онымен айырбасқа түрмеде жатқан мыңнан аса адамын сұрап, осы талапты табанды түрде қояды. Мың адамның бәрі ХАМАС-тың мүшелері емес еді. Біразы палестиналық және израильдық арабтар болды. Израиль ақыры осы талапқа көнеді. Мың арабты босатып, жалғыз жауынгері Гилад Шалитті аман-есен қайтарып алады. Міне, осы мың адамның ішінде өмір бойына түрмеге кесілген Яхья Синвар да Газаға қайтарылған еді. 

Бостандыққа шыққаннан кейін Яхья Синвар ХАМАС ұйымының белді мүшесіне айналып, Израильге қарсы шабуылдар мен террорлық әрекеттерді ұйымдастырды. Бұл ұйымның саяси қанатын басқарды. Ал 2015 жылы Яхья Синварды АҚШ үкіметі терроршы деп таныды. Яғни ол әлемдік деңгейдегі ірі терроршылардың бірі ретінде ресми танылды. 2023 жылдың 14-қазанынан бері Яхья Синварға Ұлыбритания мен АҚШ санкция салған. Сол елдердегі банк шоттары тоқтатылған. 

Қазір Яхья Синвар жер асты жолдарымен жалғасатын бункерлерінде ауысып жүреді. Жанында көп адамнан құралған мықты күзеті болады. Оның көзін жоюды Израиль үкіметі өзінің бірінші кезектегі міндеті деп есептейді. Бірақ әзірге қолдары жеткен жоқ. Себебі Яхья Синвар өте сақ, ешкіммен байланыспайды. Егер ХАМАС-тың өзге адамдарымен телефон арқылы байланысса, Израиль әскері оның жүрген жерінің нақты орнын тез анықтап, дереу үстіне ракета түсіреді. Ақпараттарды ол тек арнайы барған адамнан ғана алады және өзгелерге бұйрықты да адам арқылы жөнелтеді. Жоғарыда айтқан бес күндік тыныштық пен кепілдегі адамдарды ХАМАС-тың қамаудағы адамдарына айырбастауға бункерде отырып келісім жасады. 

Негізінен Яхья Синвардың мақсаты – Израильмен ешқандай мәмілеге келмеу, Израильді отырған жерінен қуып шығу немесе жойып жіберу. Израильді жою ХАМАС ұйымының Жарғысында жазылған. Сол үшін ол Иранмен сыбайлас және Израиль инфрақұрылым үшін берген қаржының бір бөлігін, араб елдері беріп келген қаржыларды қарулануға, әскерді қуаттандыруға жұмсаған. Жер астында қару-жарақ өндіретін көптеген цехтары болды. Израиль инфрақұрылымдық коммуникация үшін берген темір құбырларды ракета өндірісіне жұмсап келіпті. Жер асындағы оқ-дәрі, ракета, химиялық қару, тағы басқа қарулардың өндірісін жүйелі ұстаханалық жолға қойған екен. Қазір ондай цехтардың көбін Израиль жойды. 

ХАМАС ұйымы Газа аймағын қалай меншіктеп алды? Палестина автономиясындағы 2006 жылы өткен парламент сайлауында ХАМАС ұйымының өкілдері де мандатқа ие болған еді. Ұйым содан бастап күшейді. Газа аймағында құрылып, Палестина автономиясына жұмыс істеп келген өзге бәсекелес ұйымды күштеп қуып шығарған ХАМАС өзі би, өзі қожа болып қалды. Содан бастап Газа аймағын Палестина автономиясына бағынбайтын, өз алдына жеке тіршілік ететін жерге айналдырды. Газа толығымен ХАМАС ұйымының қолына көшті. Газа аймағының әкімшілік құрылым ретінде тіршілік етуіне сырттан көмек үзілмейді. Сол көмектің бір бөлігі ХАМАС ұйымының қарулануына және жетекшілерінің баюына да кетіп жатыр. ХАМАС ұйымының болашағы бұлыңғыр. Израиль бұл ұйымды жойса, жетекшілері өзге елдерге қашып құтылуы мүмкін. Содан кейін Газа аймағы Палестина автономиясының қолына тапсырылса керек. Ал көп ұзамай Палестина Израильдің бақылауынан толық шығып, жеке тәуелсіз мемлекет болады деп жатыр.  

АҚШ түшкірсе, Ресей тұмаурата ма: Жаңа санкциялар қандай? «Ота кезінде көп қан кеткен»: Семейлік ана 13 жасар ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлайды Украина мен НАТО шұғыл кеңес өткізеді «Балғамен ұрып өлтірмек болды»: ер адам әйелінің жұмысына келіп, оны ұрып өлтірмек болған (ВИДЕО) Мұнайшылар ереуілі: Жұмыскерлерге қысым көрсетіліп жатқаны рас па? Жаңа жылда 4 қаңтарға дейін демалыс болмақ eGov қосымшасы арқылы қазақстандықтардың несие тарихы қадағаланады Елімізде банан емес, адам саудасы «қызып» тұр Журналист Гүлмира Әбіқай елден ақша жинайтын тағы бір қайырымдылық қорының былығын ашты Бокстан Азия чемпионатында ел намысын кімдер қорғайды? Нұрбике Нұрқаділова өмірден өтті: Заманбек Нұрқаділовтің бірінші жары соңғы сұхбатында қандай шындықты айтып кетті? Майқайыңдағы масқара: Ағасы мен қарындасы зорланған «Зорлады» деп жалған арыз жазатын нәзік жандылар азаймай тұр «Бейбітшілікті қалайтындарға түкіргені бар»: Зеленский Путиннің мәлімдемесіне жауап қатты Путин Украинаға атқылаған «Орешник» зымыраны сәтті сыналғанына сүйінші сұрады Украинадағы жағдай ушықты: Бектенов шұғыл жиын өткізді «Еліміздің барлық аймағында дерлік күн бұзылады»: 22 қарашаға арналған ауа райы болжамы жарияланды Желіде Перизат Қайраттың жалған сұхбаты тарады Ұлттық ұлан факультетінде ғылыми-теориялық конференция өтті «Әр баланың өз бөлмесі бар»: Блогер Дархан Жолшыбеков көпбалалы әйелге үй сыйлады