Далада киіктің қарасы қоюланып кетті, саны артып бара жатыр, егінге түседі деген әңгіме шыққан еді. Осының себебімен 2024 жылдан бастап киікті азайтуға рұқсат беріледі делінген. Азайту деген аяусыз қыру деген сөз. Қырып қана қоймай, оның етін өндіріске жіберу және мүйізін шет елдерге экспорттау. Ал бұған дейін киікті атуға, оның мүйізін жинауға тыйым салынып келген.
Үкімет 2024 жылды күтпей-ақ, киікті атқызуды және оның етінен бұқтырылған консерві шығарып сатуды әлден бастап жіберіпті. Таратылған ақпаратқа қарағанда, Қостанай облысындағы Арқалық ет комбинаты киік етін консервілеп шығара бастады. Бір айға жуық уақытта кәсіпорын ауланған 500 ақбөкенді қабылдаған. Адамдар киік атуға рұқсатты 4200 теңгеге рәсімдеп алып, дала-даланы кезіп кетіпті. Атып алған киікті ет комбинаттары әр келісі үшін 300 теңгеден қабылдап жатыр. Арқалық ет комбинаты өзіне қарашаның соңына дейін 3000 киік қабылдаймын деген міндеттеме қабылдаған.
Жақында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елде киік атуға шешім қабылданғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, атылған киік еті ет комбинаттары арқылы саудаға жіберіледі.
Ерлан Нысанбаев брифинг өткізген. Онда министр киіктерді азайту үшін түнде шығып ату әдісі таңдалғанын айтты. Әрине, көлікпен шығып, оның жарығымен қуалап жүріп ататын болса керек. Сондай-ақ күндіз жан-жақтан қуып әкеліп торға қамап алатын әдіс те бар екен. Бірақ олай етуге ауа райы қолайсыз әрі техниканың жүруі де қиын дейді. Сондықтан киіктің соңына түнде түсіп атып алу жүзеге асырылып жатыр. Киіктің санын кеміту керек, өйткені олар ауыл шаруашылығына зиянын тигізіп жатыр деген уәж алға тартылған. Қазір қыс түсіп жатыр. Ал егінді қоритын мезгіл жаз екенін ескерсек, үкімет киікті осы бастан азайта берейік деген қорытындыға келген бе, кім білсін.
Даламызда кемі 2 миллион 600 мыңдай киік бар екен. Соның жоқ дегенде 20 пайызының көзін құрту көзделген.
«Киіктерді атуға ақша бюджеттен бөлінеді, жұмсалған қаржының орнын толтыру керек. Ет комбинаттарында киік етін өңдеп, жеке саудаға шығарады. Еттің бағасы қымбат болмайды. Киік еті базарда сатылмайды, ет комбинаттары ветеринарлық бақылауы бар сауда нүктелерінде сатылады», – деді министр.
Былтыр шаруалардан шағым түскен болатын. Олар егінге киік түсіп жатыр деп дабыл қаққан. Сол кездегі Экология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев киіктің артығын атып жою туралы шешім қабылдаған екен. Бірақ мұндай шешімі үшін ол министрге президент сөгіс жариялаған еді. Соңынан қызметінен кетіп тынған. Енді қазіргі министр де сол жолға түсті. Жолына түсіп қана қойған жоқ, киіктердің популяциясын тек атып жою арқылы ғана кемітпесек, мұның басқа жолы жоқ деп, киікті қыруға білек сыбана кірісіп те кетті.
Киіктердің әлемдік популяциясының 98 пайызы Қазақстанның сайын даласына тиесілі екен. Киік тым ежелгі жануар, ол мамонттардың замандасы. Киіктер Моңғолия мен Ресей жерінде де жүреді. Бұл бұл екі елде киікті атуға мүлде тыйым салынған.
«Бұған дейінгі бас экологтар киіктерді аулауға тыйымның мерзімін 2024 жылға дейін ұзартып кеткен болатын. Жаңа министрдің командасы ол тыйымды жойып, қазақстандық және шетелдік мейрамханалардың мәзірін, дүкендерді киік етіне толтыруға ниетті», – деп жазады жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары. Мұнымен біз де келісеміз. Бұл жағдайдан Қытай да хабардар. Қытай бизнесмендері бізден киіктің аса шипалы мүйізін алып қарық боламыз деп алақандарын ысқылап, түсетін қыруар пайдаға есеп құрып отыр.
Киіктің өсімі кейде өздігінен, табиғаттың мінезінен тежеліп жатады. Қыста азық пен су таппай немесе мұз қатқан кепкен өсімдікті жеп қырылуы да мүмкін. Әдетте жердің қыртысы бір метр тереңге дейін тоңған жылдары киіктер қиындыққа ұшырайды деп жатады. Ондайда киіктерді қолдан азықтандырып сақтауға болар еді. Киікті қасқыр, жұт немесе індет кемітіп жататыны тағы бар.
Шаруалардың егінге киік түсті деген жанайқайының ар жағынан киік үшін жер-судың тарылып кеткенін де көруге болар еді. Табиғи сулар тартылған соң киіктер дренаждар мен арық-атыздар сияқты жасанды су көздеріне ағылса керек. Оған жету үшін егін алқабын басып өтуге мәжбүр болатын шығар. Әрі табиғаттағы кең алқаптарды да шаруалар тарылтып жіберген деген сөз де айтылады.
Киікті азайту үшін кезінде кеңес үкіметі де бірер рет атып қыру әдісін қолданып көрген. Бірақ соңынан ондай әдісті сап тыйған. Кім біледі, мүмкін киікті қырып салу экожүйеге кері әсер етті ме екен... Әлде артық қыламыз деп тыртық қылды демекші, киікті шектен тыс тым азайтып алған ба...
Қалай болғанда да киелі жануар киікті атып азайтуды қолдаушылар да, бұған шошына қараушылар да аз емес.