Елдің еркіндігін талап еткен қазақ жастарының Алматыдағы басты алаңға жиналуын кейінгі жас буын Желтоқсандағы бас көтеру немесе Желтоқсан оқиғасы, Желтоқсан көтерілісі деп таниды. Қазақ жастарының жыл өткен сайын тарихта қалып келе жатқан осынау ұлы да батыл қадамы жайлы шындыққа әлі толық қол жеткен жоқ деген пікір қоғамда басым. Бұған негіз бар болса керек. Сол кездегі қылышынан қан тамған коммунистік жүйенің орталықтағы және жаңадан сайланған республикалық басшылығы мен құзырлы органдары талай шындықты құпиялап қоюы әбден мүмкін. Қалай болғанда да, қазақ жастарының жалындап бас көтеруі санада қазақ халқы тәуелсіздігінің ақ таңындай болып қалды. Тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл КСРО атты алып державаның көбесі сөгілуінің басы жастардың Алматыдағы бас көтеруінен қадам алды деген пікір де бар. Себебі КСРО аумағындағы өзге бас көтеру мен жүйеге қарсылық акцияларының бәрі Алматыдағы 1986 жылдың 16-17 желтоқсанындағы көтерілісінен әлдеқайда кейін болды. Көтеріліс делінуінің себебі – талап қойып алаңға бейбіт ниетпен жиналған мыңдаған қазақ жастарын өзге республикалардан жеткізілген қарулы жендеттердің жасақтары аяусыз басып-жаншыды. Ұрып-соқты, өлтірді, аязда қала сыртына шығарып тастады. Алаңға шыққан жастардың қаншамасы сотталды, оқудан, комсомол мүшелігінен қуылды. Желтоқсан көтерілісі жайлы көп айтылады, жазылады. Сіздердің назарларыңыз үшін сәл де болса жаңаша қырынан айтуға боларлық әңгімені іздедік. Оны таптық та.
Қазақстанның тумасы Тоғжан Қасенова АҚШ-тың Калифорния штатындағы Стэнфорд университетінің әлемге әйгілі Stanford University Press баспасынан 2022 жылы ағылшын тілінде Atomic Steppe: How Kazakhstan Gave Up the Bomb деген тамаша кітап басып шығарған екен. Бұл кітапта қазақ жерінде атомдық қаруларды сынау полигондарының пайда болу тарихи мен тоқырау кезеңіне дейінгі аралықта келтірген қасіреті жайлы егжей-тегжейлі баяндалады. Кітап әлемге тараған. Әрине, кітапта қазақ халқының наразылығы жайлы да жақсы келтірілген. Әңгіме арасында Желтоқсан көтерілісі жайлы да жазған. Желтоқсан жайлы мұнда жазылған деректер бізге таныс болуы да мүмкін. Бірақ мәселе деректердің Тоғжан Қасенованың кітабы арқылы дүние жүзіне таралуында. Әдетте Желтоқсан көтерілісі жайлы деректер мен әңгімелер еліміздің аумағында айтылып, қайталанып жатады. Ал әлемге жетуі өте сирек жағдайда ғана болып жатса керек. Сондықтан Тоғжан Қасенованың кітабында Желтоқсан көтерілісі ағылшын тілінде көрініс табуы қазақ үшін өте маңызды оқиға. Автор мұны өзінің басты кітабы ретінде атады.
Тоғжан Қасенованың Atomic Steppe: How Kazakhstan Gave Up the Bomb кітабы сол 2022 жылдың өзінде қазақшаға аударылып, «Атом улаған дала: Қазақстанның бомбадан бас тарту жолы» деген атпен Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігі Алматыда басып шығарды. Көлемі 368 бет. Ағылшын тілінен қазақшаға аударған – Динара Мәзен. Кітапты дайындау барысында Қасенова көптеген құжаттарға, әдебиеттерге, мұрағат материалдарына сүйенген, табылуы қиын деректерге қол жеткізген. Ағылшын тілінде дүниежүзіне таралған осы кітапта қазақ жастарының 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі былайша сипатталады:
«1986 жылғы 16 желтоқсанда республика тарихында алғаш рет қазақ жастары Мәскеу билігіне қарсы шығып, наразылық танытты. Қыстың сұрқай күнінде шамамен 30 мыңдай қыз-жігіт Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға жиылды. Олар Мәскеудегі билік Қазақстан халқының көңілінен шыққан басшы, ұлты қазақ Дінмұхаммед Қонаевты қызметінен алып, орнына бұрын Қазақстанға еш қатысы болмаған Геннадий Колбинді қойғанына ашуланды. КГБ дереу іске көшті. Наразылықты күшпен басуға әскерилер кірісіп, 168 шерушіні өлтірді, 1700 адамды ұрып-соғып, 8500-ге жуығын қамап тастады. Шеруге шыққандардың көбі қылмыскер саналып, түрмеге қамалды. Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылы ақталды. Шеруге қатысқан студенттер оқудан шығарылды. Қысқасы, Мәскеу наразылық танытып, келіспейтінін білдірген адамның бәрін қорқытып-үркітіп, аузын жабуға мәжбүрледі. Семейден шыққан танымал жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезовтің айтуынша, мұндай репрессиялар Қазақстанды «жағынан шапалақпен тартып жібергендей» болды. Мамандығы мәдениеттанушы Әуезовтің пікірінше, халық басып-жаншуға наразы болғанына себеп – ол қазақтың оянған кезіне сай келгені. Әдебиет, кино мен басқа да өнер саласында жаңа туындылар жасалып, онда қазақтың бірегейлігі ерекше айтылып, халықтың өз тарихына құрметі артқаны да осы кезең еді. Мысалы, әдебиетте қазақтың өзіне тән дәстүрі мен мәдениетін насихаттайтын фольклорлық шығармалар жанданды. Соның бірі – феодал байлардың заманы болған ХVI ғасырдағы оқиға, өр мінезді сұлу қыз бен жауынгер жігіт арасындағы махаббат хикаясы баяндалатын «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры. Совет кезеңінде мұндай ауыз әдебиеті үлгілерін «халыққа қарсы» деп, жарыққа шығаруға кедергі көп болған. Оған бір себеп: Қыз Жібек пен оның ғашығы дәулетті отбасынан шыққан, ал совет коммунизмі материалдық байлыққа күмәнмен қарайтын. 1980 жылдары ондай хикаялар Қазақстанда қайтадан жұрт назарына ілінді, театрларда қойылып, кең тарасын деп орыс тіліне аударылды. Желтоқсан оқиғасы республикаға ауыр тиді. Мәскеуге қарсы шыққандар қазақ ұлтынан еді, ал оларды басуға келгендер негізінен орыс ұлтынан болатын. Жүзден астам ұлттың үйіне айналған және этностар арасындағы үйлесімді мақтан тұтатын Қазақстан үшін Желтоқсан оқиғасында қазақтар мен орыстар арасында қақтығыс болғаны Мәскеуден басқаратын совет билігіне деген сенімді жойды, өлім мен зорлық-зомбылықтан бөлек осының өзі бір қасірет еді».
Міне, автор өте үлкен еңбегінің бір бұрышына Желтоқсан жайлы деректерді осылай енгізген екен. Бұл, әрине, Қазақстан мемлекеті үшін абырой.
Кітаптың авторы Тоғжан Қасеноваға келсек, ол Вашингтондағы SUNY-Olbany саясатты зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері және Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының ядролық саясат бағдарламасының шақырылған қызметкері болып табылады. Ол – ядролық саясат, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, стратегиялық сауда бақылауы, санкцияларды қолдану және қаржылық қылмыстардың алдын алу бойынша сарапшы. Қазіргі уақытта ол қару таралуын қаржыландыруды бақылауға қатысты мәселелермен айналысады, таралудың жаһандық қаржы жүйесіне қолжетімділігін барынша азайту жолдарын зерттейді. Қасенова техника ғылымдарының кандидаты. Лидс университетінің саясаттану және ақшаны жылыстату бойынша сертификатталған маманы. 2011-2015 жылдар аралығында Қасенова Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының қарусыздану мәселелері бойынша консультативтік кеңесінде қызмет етті.
Тоғжан Қасенованың «Атом улаған дала: Қазақстанның бомбадан бас тарту жолы» кітабында мыңдаған ядролық қаруы бар қазіргі әлемде ядролық мұрадан бас тартқан Қазақстанның мысалы жаһандық қауіпсіздік үшін маңызды үлгі болып табылатыны айтылған.