11 елдің компаниялары Ресейдің әскери өнеркәсібін күшейтуде

22.12.2023, 13:37
630
11 елдің компаниялары Ресейдің әскери өнеркәсібін күшейтуде canva.com

Ресейдің әскери өнеркәсібінің әлсіреген түрі көрінбейді. Қайта күннен-күнге күш алып жатқан сияқты. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлап отыр.

Ресей билігінің өзі соғысты белгісіз мерзімге дейін ұзақ ұстап тұруға бел буғаны жиі айтыла бастады. Кім білсін, Ресей президенті Владимир Путиннің бір ойлағаны бар шығар. Әйтеуір ол соғысты тоқтатпаудың бар амалын жасап бағуда. Бұл оған саяси тиімді болар. Себебі Путин әлі көп жыл тақта отыра бергісі келеді. Ал соғыс жүргізу барысында билікте ұзақ отырудың мүмкіндігі өте үлкен. Әрі ол билігін аса күшейткен, биліктің барлық тармақтарын өзінің оң жамбасына келтірген.

Батыстың санкцияларына қарамастан Ресейдің әскери өнеркәсібі күндіз-түні ауысыммен жұмыс істеп тұр. Қару-жарақ пен әскери техника, зымырандар мен дрондар тоқтаусыз шығарылып жатыр. Сонда бұл қалай болғаны, санкция салынғаны қайда деушілер бар. Бұл заңды сұрақ. Дегенмен, санкцияларды айналып өтудің схемаларын жасаудың және соған қол жеткізудің арқасында Ресейдің әскери өнеркәсібі өлмей тұр. Бір таң қаларлығы – әскери өнеркәсіпке керек-жарақтар мен қосалқы бөлшектердің үлкен партиялары сол Батыс елдерінен ағылып жатқаны белгілі болып отыр. Микросхемалар мен дрондар, жалпы параллельді импорт атаулы  Ресейге Орталық Азия елдері арқылы асырылып жатыр дегені әшейін бер жағы екен. Ресейге Батыстан ағылып жатқан жүкте есеп жоқ.  

Қос мақсаттағы тауарлар мен технологиялар Ресейге жан-жақтан, соның ішінде бірінші кезекте Батыс елдерінен астыртын түрде жеткізіліп жатқаны жайлы айтылып отыр. Жақында орыстардың шет елде жұмыс істейтін The Insider деген «иноагент» басылымы санкцияны айналып өтіп Ресейге жеткізіліп жатқан тауарларға зерттеу жүргізген екен. Басылым Ресейдің әскери өнеркәсібі үшін қажетті бұйымдарды асырып жатқан компанияларды әлемнің 11 елінен анықтаған. Ол бұйымдар қару-жарақ өндірісі үшін керек жабдықтар мен қос мақсаттағы тауарлар екен. «Армата» Т-14 танкісін шығаруға керек бұйымдар да Еуропадан жеткізіліп жатқан көрінеді.

The Insider басылымының тізіміндегі әлгі 11 елдің ішінде Германияның бір емес, үш компаниясы тұр.  Бірі – WTO Werkzeug-Einrichtungen GmbH деген компания. АҚШ пен Қытайда еншілес кәсіпорындары бар бұл компания Ресейдің қорғаныс саласы кәсіпорындарының токарлық станоктарына қажетті бөлшектерді тасымалдайды екен. Екіншісі – Oxapa GmbH деген фирма. Бұл фирма авиация мен әскери техника үшін оптикалық-механикалық жүйені өндіретін «Макрооптика» кәсіпорнына оптикалық өңделген шыны жеткізумен айналысады. Ресейдің «Макрооптика» кәсіпорны «Ростех» корпорациясымен, Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметімен және Қорғаныс министрлігімен қоян-қолтық жұмыс істейді. Үшіншісі – немістердің Rudi Gebel Gmbh & Co. Kg деген компаниясы. Бұл компания Ресейдің әскери өнеркәсібіне жұмыс істейтін «Протон-Электротекс» деген фирмасына жартылай өткізгіш құралдарын шығаруға керек бөлшектерді асырып отырады екен.

The Insider басылымының журналистері Ресейге қос мақсаттағы тауарларды жөнелтіп келе жатқан мұндай компанияларды Германиядан бөлек, Австриядан, Италиядан, Латвиядан, Литвадан, Сербиядан, АҚШ-тан, Финляндиядан, Оңтүстік Кореядан, Эстониядан және Жапониядан анықтапты. Осы 11 мемлекеттің кейбір компаниялары астыртын түрде Ресейдің компанияларына әскери өнеркәсіп үшін қажетті тауарларды жөнелтумен айналысып келеді делінген. Соғыс біреу үшін қасірет болса, енді біреу үшін пайда көзі деген сөз рас болар. Әлемнің талай елдерінің компаниялары жолын тауып, Ресейге бұйым сатып байып отыр ма, кім білсін. Бұл компаниялар АҚШ пен Батыс елдерінің санкция тізіміне енгені немесе әлі енбегені белгісіз. The Insider басылымының зерттеу қорытындысының өзі енді ғана жарияланды. Басылым атаған компанияларға санкция, мүмкін, енді салынар.

The Insider басылымы жайлы бірер мәліметті айта кетудің де реті келіп тұр. Бұл Ресейде 2013 жылы пайда болған басылым. Негізін қалаған Роман Доброхотов деген журналист. Басылымның редакциясы осы күні Латвияда жұмыс істеп отыр, хабарлары орыс және ағылшын тілдерінде тарайды. Ресей билігі бұл басылымды «иноагент», қалаусыз ұйым деп таныған, сайты Ресей аумағында бұғатталған. Басылымның қызметкерлері әлемнің 10 мемлекетінде жұмыс істейді.

Биыл Қазақстанның бірер компанияларының аты аталғаны есте. Олар Ресейге дрон мен электронды бөлшектер жеткізіп жүр делінген. Жүргізілген ұжымдық зерттеуде Қазақстанда тіркелген «Аспан арба» және «Da Group 22» деген компаниялардың аттары аталды. Біріншісі Ресейге дрон жөнелтумен, екіншісі микросхемалар мен өзге де бөлшектерді асырып келген деп жазылды. Бұл компаниялар тауарды шет елдерден алып, Ресейге шығарып отырған делінген.

Шынында, санкцияға ілінген тауарларды Ресейге жеткізетін ел ретінде Қазақстанның аты аталып тұрады. Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектескені үшін Қазақстанға қарсы жанама санкциялар қолданылуы мүмкін деп бірнеше рет айтылған. Ал Қазақстан билігі Ресейге Батыстың экономикалық шектеулерін айналып өтуге көмектесіп отырған жоқпыз, территориямызды мұндай мақсатқа пайдалануға жол бермейміз деп бірнеше рет мәлімдеген.

Қазақстан Президенті бизнес өкілдерімен кездескеннен кейін, яғни 20-желтоқсанда баспасөз мәслихаты өткізілген болатын. Ондағы мың-сан әңгіменің арасында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа санкцияның тізіміне іліккен компанияларымызға қатысты да сұрақ қойылды.

Ұлттық экономика министрінің сөзіне қарағанда, біздің елімізде Батыстың санкциясына ұшыраған бірде бір компания жоқ. Аты аталған бірер компаниялар болса, оларға санкция салынбаған, оларға қатысты тек АҚШ Сауда министрлігі белгілі бір шектеулер енгізген.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

«Бұл санкция емес, қайтара санкция салу да емес. Қазақстанда қосарлас санкцияға ұшыраған бір де бір компания жоқ, бұл тұрғыда біздің алаң таза. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Негізінде, компаниялар қандай да бір заңсыз әрекеттер болған жағдайда қосарлас санкцияға ұшырауы мүмкін екенін жақсы біледі. Әрине, ондайдың болғанын ешкім қаламайды. Тиісті жұмыстарды әріптестерімізбен, оның ішінде Еуразия құрлығы бойынша да жүргізіліп жатыр».

«Бар болғаны 85 шаршы метр»: Мәдина Сәдуақасова Алматының ең қымбат ауданынан қымбат пәтер сатып алғанын айтты Дариға Назарбаева Дубай әуежайында жүр «Жағдайын көре тұра, көмектеспеген»: 25 жастағы жүкті әйелдің өліміне кінәлі аурухана дәрігерлері жазасын алды Елімізде әрбір бесінші әйел қатерлі ісіктен қайтыс болады Алматыда жүк көлігі 7 жасар қызды басып өлтірді (ВИДЕО) «Біреуі домбыраны харам дейді, біреуі туды қорлайды» – депутат Ермұрат Бәпи Абай облысындағы мектеп директоры мұғалімдеріне сарай мен монша салдырған Forbes әлемдік рейтиңінде қанша Қазақстан миллиардері жүргені анықталды Таиландта жұмыс істейтін Қазақстан азаматы жантүршігерлік жол апатынан қаза болды «Тіктіріп үлгермей жатырмын»: Гүлзира Айдарбекова ұлының сахнада костюмін сыйлап жібере беретінін айтты «Түнімен тігіп едім»: Түркиядағы митингке байланысты Динара Сәтжанның той көйлегі жете алмай қалды Астанада әкімдік жанындағы саябақтан Назарбаевтың суреттері алып тасталды «Күйеуге шыққанда қоямын»: Назым Қызайбай тұрмыс құрғасын боксты қоятынын айтты Екі жақты татуластыруға тыраштанып жүрген Трамп Ресей мен Украина президенттерінен көңілі қалғанын айтты Елімізде алдағы күндері ауа райы +35 градусқа дейін ыстық болмақ Forte Kulanshi Art Space: Астаналық арт-ортаның жаңа белесі Словения президенті Димаштың жанкүйері болып шықты «Qoslike» бағдарламасының жүргізушісі ұзатуында өзіне тілек айтып, халықтан сөз естіді (ВИДЕО) Енді жеке куәлікті онлайн алуға болады «Chanel, Dolce & Gabbana және Prada»: Тұрсынбек Қабатовтың әйелі туған күніне келген сыйлықтарды көрсетті